Валюта бағамы: $ 367.06 416.17 5.56 ¥ 52.84

5G буынына кезек келді

Уақыт ұшқырлықты талап етеді

Экономиканың даму қарқынын арттыру, сандық технологиялардың көмегімен тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту үшін алдымен телекоммуникациялық инфрақұрылымды дамыту қажет. Бұл бағыттағы нақты қадамдар қатарына Ақпарат және коммуникациялар министрлігі жүзеге асырып жатқан ауылдарды кеңжолақты интернетке қолжетімділікпен қамтамасыз ету, 5G байланысы және дата-орталықтар сияқты жобалар жатады.

Ауылдық елді мекендерді талшықты-оптикалық байланыс желілері технологиясы бойынша кеңжолақты қолжетімділікпен қамтамасыз ету жобасын іске асыру еліміздің 1249 ауылындағы мемлекеттік органдарды және бюджеттік мекемелерді талшықты-оптикалық байланыс желілері технологиясын қолданумен байланыс қызметіне қосуға мүмкіндік береді, байланыс арналарының жалпы өткізгіштік қабілеті кемінде 50 Мбит/сек құрайтын болады.

Осылайша қала мен ауыл арасындағы цифрлық теңсіздік жойылуы тиіс. Бұл тұрғыда еліміздің бас байланыс операторы Қазақтелеком 2021 жылдың соңына дейін 7 622 927 тұрғыны бар 6212 елді мекенді кең жолақты интернетпен қамтуды көздеп отыр. Қазіргі күні компания кеңжолақты жылдам интернетті әзірлеу және онымен қамту бойынша конкурстық жобаға қатысуда. Бұл ретте қосу аумағында 4,8 млн адамды қамтитын 828 ауылдық елді мекен бар. Сөйтіп, алдағы үш жылда жалпы көлемі 14,217 шақырым болатын талшықты-оптикалық желілер салынады. Оларға 2496 мемлекеттік органды қосу жоспарланып отыр, инвестициялардың орташа құны шамамен 50 млрд теңгені құрайды. Сонымен қатар 5G дамыту аясында қазір «Қазақтелеком» АҚ 5G тестілеуді бастау үшін өндірушілермен жабдықтар мен бағдарламалық қамтуды ұсыну мәселесін пысықтап жатыр және 5G тестілеу жоспары әзірленуде. Келіссөздердің нәтижесінде тестілеуді бастау үшін вендорлардың бірі Қазақстанға жабдықты және бағдарламалық қамтылымды ұсынуға дайындығын растаған.
Жалпы, әлемдік тәжірибе бойынша ұялы байланыс стандарттарының жаңа буыны әр 10 жыл сайын әзірленіп отырады. Мысалы, алғашқы стандарт – 1G 1981 жылы енгізілді. Ол 1992 жылы 2G-ге ауысса, 2001 жылы 3G күнделікті тұрмысымызға қосылды. Ал 2010 жылдың аяғында әлем 4G-ді қабылдады. Ендігі кезек – 2020 жылға қарай енгізілетін 5G стандартында. Яғни, бұл телекоммуникация стандарттары негізіндегі мобильді байланыстың бесінші буыны. Оны жарыққа шығару үшін әлі стандарттар жасалмаған. Қазіргі күні әлемнің әр бұрышында байланыс операторлары 5G-дің бөлек элементін сынақтан өткізуде, сондай-ақ зертханалық сынақтар да жүріп жатыр. Осы орайда халық тарапынан «5 G стандарты бізге не үшін қажет?» деген сауал қойылары хақ. Бұл мәселеде мамандар 5G технологиясы 4G-ге қарағанда анағұрлым жоғары өткізгіштік қабілетті қамтамасыз ететінін, кеңжолақты мобильді байланыстың қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік беретінін алға тартуда. Сондай-ақ құралдар арасында өте сенімді кең ауқымды байланыс жүйесін, қысқа кідіріс уақыты мен секундына 1-2 гигабайт интернет жылдамдығын, 4G-ге қарағанда батарея қуатын аз жұмсау мүмкіндігін береді деп күтіледі. 5G технологиясы 4G мобильді байланыс технологиясымен салыстырғанда 40 есе артық шапшаңдықты ұсынуға, сигналды ұстауды төмендетуге, сонымен қатар оны нақты уақыт режимінде қашықтықтан операцияларды орындау үшін қолдануға, өнеркәсіптік роботтарды жылдамдатуға, ауыл шаруашылығы техникаларын қашықтықтан басқаруға, егістерге, отарларға мониторинг жүргізуге жол ашады. Денсаулық сақтау саласында қашықтықтан күрделі операцияларды жүргізу үшін қолданумен қоса, сапалы интернеттің игілігін қауіпті аймақтарда – кен орнында немесе құрылыс барысында экскаваторды, кранды кабинетте немесе орталық басқару бөлмесінде отырып-ақ белгілі қашықтықтан басқару ісінде де көретін күн туады. Осылайша 5G стандарты іске қосылып, интернет еш кедергісіз жұмыс істеген кезде көптеген артықшылықтарға қол жетпек.
Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевтың айтуынша, 5G ұялы байланысы Қазақстан аумағына Халықаралық электробайланыс одағы бұл стандартты қабылдағаннан кейін келеді. Бұл шешім келер жылы Египеттің Шарм-эш-Шейх қаласында өтетін Дүниежүзілік радиобайланыс конференциясында қабылданбақ. Мұның аясында биыл министрлік әлем бойынша ақпараттық коммуникация салаласында инновациялық шешімдерді, соның ішінде 5G технологиясын жеделдетуге бағытталған ықпалды платформаны қамтитын ауқымды шараларға қатысады. Халықаралық электробайланыс одағы 5G стандартын қабылдағаннан кейін телекоммуникация жабдықтарын өндіруші компаниялар жұмыс істейтін тиісті құрылғыларды жаппай өндіруді бастайды. Өз кезегінде Қазақстан 2019 жылдың ІІ-тоқсанында 5G ұялы байланыс технологиясын пилоттық тестілеуден өткізуді жоспарлап отыр. Қазірде 5G ұялы байланысын пилоттық тестілеу үшін жиіліктерді іріктеу жұмыстары Астана, Алматы қалаларында және Ақмола, Алматы облыстарында Қорғаныс министрлігімен келісіліп жүргізілген. Сонымен қатар жуырда 5G мобильді байланыс технологиясын пилоттық тестілеуден өткізу үшін байланыс операторы анықталатын болады.
Елімізде Мемлекеттік орган­дардың серверлік орталығы 2010 жылдан бастап өнеркәсіптік пайда­лануға берілген. Бүгінде оның қолдану мерзімінің созылуына және инфра­құрылымның тозуына байланысты техногендік сипаттағы төтенше жағ­дай­лардың туындау тәуекелі өсіп отыр. Мемлекеттік органдардың өңделетін, сақталатын және берілетін ақпарат көлемінің жыл сайын ұлғаюы Сервер орталығында ресурстар мен кеңістіктің тарылуына әкелуі ықтимал. Сондықтан Коммерциялық деректерді өңдеу орталықтарында мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін орналастыру үшін ақпараттандыру объектілерін екі топқа бөлу ұсынылуда. Сенімділіктің, ақауларға төзімділіктің және ақпарат қауіпсіздігінің жоғары талаптары қойылатын 1-ші санаттағы ақпараттық жүйелер Серверлік орталықта орналасады. 2-ші және 3-ші санатқа жататын және жұмыс істеуінің бұзылуы немесе тоқтатылуы төтенше әлеуметтік жағдайға немесе зардаптарға әкелмейтін ақпараттық жүйелерді Коммерциялық деректерді өңдеу орталықтарында орналастыру қарастырылған. Мысалы, 1-ші санат жүйелері – Электрондық үкімет порталы, Жеке тұлғалар, Жылжымайтын мүлікті тіркеуге қолайлы. 2-ші санат жүйелері – Мекенжай тіркелімі, Электрондық құжат айналымының бірыңғай жүйесін қалыптастырады. Ал 3-ші санат жүйесі Мемлекеттік органдардың интернет порталы, Техникалық байқау, Мемлекеттік органдардың куәландырушы орталығын қалыптастыруға жол ашады. Бұл қадамдар қаражатты еселеп үнемдеуге жағдай жасайды.
Үлкен деректердің технологиялық анализін құру мемлекеттік органдардың ақпараттық ресурстарының үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету үшін аса маңызды. Жоба Қазақстан Республикасы электрондық үкіметін дамыту, сондай-ақ болашақта цифрландыру жобаларына серпін беру үшін инфрақұрылымдық алаңға айналады. Мемлекеттік органдардың жұмысы ақпараттық технологиялар жүйелерімен тығыз байланысты екендігі белгілі. Осы ретте жоба деректерді шапшаң өңдеуге, халыққа қызмет көрсетуді жеделдетуге ықпал етіп, мемлекеттік мекемелердің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясындағы осы бағыттар жүйелі жүзеге асатын болса, ел тұрғындарына мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасы арта түседі. Яғни, осының аясында медициналық, білім беру, онлайн-сауда, тағы басқа да бағыттар дамып, экономиканың нығаюына, әлеуметтік салалардың өркендеуіне салмақты негіз қаланады.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру