Валюта бағамы: $ 356.54 419.43 5.42 ¥ 51.86

Шикізатқа – экологиялық шешім

ҚТО айналаны қорғауға зор мән беруде

«ҚазТрансОйл» компаниясының Атырау облысындағы мұнай айдау стансасында пайдалануға берілген бу рекуперациясы қондырғысы экологиялық тазалықты қамтамасыз етіп, ауаға шығатын зиянды қалдықтарға тосқауыл қоюда өз тиімділігін көрсетіп отыр.

Өңірдегі Н.Шманов атындағы мұнай айдау стансасында бу рекуперациясының қондырғысын қолданудың арқасында өткен жылы ауаға тарайтын қалдықтар мөлшері 80 пайызға азайған. Құбыр желісі әлемдегі ең экологиялық таза мұнай тасымалдау транспорты болып табылады. Экологиялық және мұнай құбыр желісіндегі қауіпсіздікті сақтау мақсатында «ҚазТрансОйл» АҚ сонымен қатар эко және қуат үнемдеу технологиясын да қатар дамытып келеді.
TS-4500 булар рекуперациясы қондырғысы стансаны қайта жаңғырту кезінде резервуарлық паркті кеңейту жұмысымен қатар жүзеге асырылған жобалардың бірі болды. Өйткені, стансаны қайта жаңғырту барысында сыйымдылығы 140 000 шаршы метр болатын 8 қосымша резервуар пайдалануға беріліп, олар өз кезегінде мұнай айдау және оны сақтау барысында ауаға зиян қалдықтарды тарататын-ды.
Атырау мұнай құбыры басқар­масының бас инженері Марлен Төлегеновтің айтуынша, БРҚ принципі – жеңіл көмірсутегі буы фильтрлеуші белсендірілген көмір қабатынан өтетін абсорбция процесінде жатыр. Яғни, жеңіл көмірсутегі буы газды сіңіріп алу кезінде белсендірілген көмір тазарт­қыш түйіршік қабатынан өтіп, органикалық қосымшалар оның жоғарғы қабатында тұрып қалады да, буды рекуперациялау қондырғысы арқылы сыртқа құрамында көмірсутегі жоқ таза ауа шығады. Жаңа қондырғы мұнай айдау стансасы жұмысына оң ықпалын тигізді. Соның арқасында жұмысшылардың уытты бумен демалуына тосқауыл қойылып, өндірістік шығындар азайды. Бұл жобаның экономикалық және экологиялық тиімділігін көрсетеді. Компания осындай қондырғыны енді Т.Қасымов атындағы мұнай айдау стансасында қолдануды жоспарлап отыр. Қазіргі таңда аталған жобаны жүзеге асыру үшін жобалық зерттеу негіздемесі жасалып, оны алдағы үш жылда іске асыру көзделуде.
Жалпы, «ҚазТрансОйл» АҚ Атырау мұнай құбыры басқармасын­дағы нысандарда қоршаған ортаны қорғау бағытында көптеген жұмыстар атқарылды. Олардың қатарында табиғи газ бен электр энергиясы сияқты энергоресурстарды оңтайландыру жобалары бар. Мұнай құбыры басқармасы 70 пайыз энергоресурсы экологиялық таза отын саналатын табиғи газды пайдаланады. Дегенмен, мұның өзі экологиялық қауіпсіздікті талап етеді. Бұл ретте табиғи газ құбырлардағы мұнайды айдауда қыздыру үшін қолданылады. Зиянды қалдықтардың ауаға таралмауы үшін температуралық тәртібі қадағаланып отырады.
«ҚазТрансОйл» АҚ мұнай құбыры басқармасы нысандарында қуат тұтынуды үнемдеумен бір­ге, қоршаған ортаны зиянды қал­дықтардан қорғау үшін жаңа инновациялық технологиялар кеңінен қолданылады. Солардың бірі – бірқалыпты жүргізу функциясы бар жиілікті реттеуіш желі. Аталмыш технология электр энергиясын үнемдеп, электр қондырғыларының іске қосылу ресурсын арттырады. Бұдан бөлек, Атырау мұнай құбыры басқармасының барлық нысандарында люминесцент лампаларын жарық диодты лампаларға ауыстыру жұмысына баса назар аударылуда. Компания ауаға таралатын қалдықтардың белгіленген нормативтерден аспауын қатаң қадағалап отырады.
Кешенді шаралардың нәтиже­сінде өткен жылы энергоресурстарды пайдалану 50 502 тонна шартты жанармайды құрады, бұл 2013 жылмен салыстырғанда 32 пайызға төмен. Жалпы, «ҚазТрансОйл» АҚ бойынша 2017 жылы қоршаған ортаны қорғауға жұмсаған қаржысы 669 млн 367 мың теңгені құрап, бұл 2016 жылмен салыстырғанда 38%-ға көп болды.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру