Валюта бағамы: $ 356.54 419.43 5.42 ¥ 51.86

Келешегі кемел «KEGOC»

Жетпісбай Бекболатұлы,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ кафедра меңгерушісі
e-mail: Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz

Энергия көздері, электр желілері қай елдің болмасын халық шаруашылығын өрге сүйрейтін «қара нарлардың» қатарында. Өйткені, кез келген өнімнің өзіндік құнында қуатқа кететін қаржының үлесі міндетті түрде көрсетілетінінен, мамандар мен ғалымдардың оны мүмкіндігіне қарай кеміту жолдарын іздестіріп, «бас қатыратынынан» жақсы хабардармыз. Сөйтіп, дүкен сөрелеріне түсетін тауар атаулының халыққа қолжетімді болуын қамтамасыз ету жолындағы осындай ұмтылыс-талпыныстардың нәтижесінде «жасыл энергия» қозғалысы әлем елдерінде бел алып келеді.
Көзі қарақты жұрт әсем Астанада дүбірлеп өткен «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің нақ осы жел, су, күн сәулесі сияқты қуат қайнарларынан энергия алу тақырыбына арналғанын ұмыта қоймаған шығар. «Дәстүрлі емес» деген атау беріліп, айдар тағылған мұндай қуатты түбінде біздің электр стансаларымыз бен кәсіпорындарымыздың, жалпы қаймана халықтың да қолдана бастайтын сәті қашық емес. Ал, әзірге олар таскөмір, мазут, газ сынды дәстүрлі өнімдерді пайдаланып отыр.
Электр қуатын тасымалдайтын желілердің және оларды басқарудың ел экономикасында алатын орны ерекше. Бұл ретте электр желілерін басқару жөніндегі басты қазақстандық компания – «KEGOC» акционерлік қоғамы келер күннің қамын қазірден қарастырып, кәсіпорынды өркендету жөніндегі ұзақ мерзімді даму стратегиясын қабылдағанын тілге тиек еткеніміз орынды. Аталған компания сапа менеджменті жүйесі, экологиялық және кәсіби қауіпсіздік, сондай-ақ еңбек қорғау менеджменті жүйелері бойынша халықаралық бақылаудан табыспен өтті. Қазіргі таңда кәсіпорын өз қызметін автоматтандыру мен оңтайландыру арқылы кең көлемде қайта құруды көздейтін бизнесті трансформациялау бағдарламасын қолға алды. Бизнес тиімділігін арттырудың бұл бағдарламасы бірыңғай ақпараттық кеңістік пен біріктірілген басқару жүйесін құруға, тұрақты жетілдірудің корпоративтік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.
Республиканың электр энергетикасы саласындағы заңнамасына сәйкес «KEGOC» акционерлік қоғамы ұлттық электр торабы арқылы электр энергиясын беру, электр энергиясын желіге босату мен тұтынуды техникалық диспетчерлендіру, электр энергиясын өндіру-тұтыну теңгерімін ұйымдастыру, электр энергиясының теңгерімделген нарығында, сонымен қатар елдің жаңар­тылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау сала­сын­дағы заңнамасына сәйкес электр энергиясын сатып алу мен сатуды жүзеге асыру, электр қуаты нарығының жұмысын ұйымдастыруды жүзеге асыру жөніндегі қызметті үйлестіреді. Кәсіпорында өркендету жөніндегі сөз болып отырған құжат компанияның 2025 жылға дейінгі кезеңіне арналған ұзақ мерзімді даму жоспары болып табылады.
Компанияның бизнесті трансформациялау бағдар­ламасы жүйелі жоспарлау, орындау және бақылау кезең­дерінен тұратын басқару тәжірибесін өмірге енгізуді көздейді. Бағдарлама корпоративтік басқаруды қазіргі заманғы талаптарға жауап беретін деңгейге жеткізу, оңтайлы ұйымдық құрылым жасақтау арқылы негізгі бизнес-үдерістерге талдау жүргізу, тиімді қызметтің өзекті әдіснамалық базасын құру және көрсеткіштер жүйесін енгізу, ең үздік ақпараттық технологияларды пайдалана отырып, бизнес-үдерістерді автоматтандыру сынды мақсаттар мен міндеттерді қамтиды. Бұл бағдарлама басқарудың операциялық деңгейіндегі қызмет тиімділігін арттырады. Оны тиімді іске асыру үшін арнайы «Жол картасы» бекітілген. Компания пайдаланатын қызмет тиімділігінің түйінді көрсеткіштері ретінде жүйелі минуттарды жоғалту және жүйенің ақаусыз жұмыс істеу уақытының пайызы таңдалды, олардың артықшылығы елдің өңіраралық және мемлекетаралық деңгейдегі электр желілерінен тұратын ұлттық электр торабының техникалық сенімділігін және пайдалану дәрежесін білдіріп, компанияның жауапкершілік шегіндегі ажыратулардың барлық түрлерін қамтуында және міндеттері электр энергетикасы туралы заңнамамен анықталған желінің жүйелік оператор қызметінің ерекшелігін айқындауынан көрініс тауып отыр. Бұдан басқа қаржы-экономикалық жағдай тиімділігінің стратегиялық түйінді көрсеткіштері ретінде дивидендтер мен дамуға қажетті қаражат көлемі алынады. Сонымен қатар, бұл көрсеткіштер инвестицияланған капиталды пайдалану тиімділігін бағалауға мүмкіндік беріп, ең көп әсер ететін факторларды ескереді, тәуекел себептерін, қызметтің таза кірісі мен табыстылығы сияқты бұрын қолданылмаған көрсеткіштерді ескереді, компанияның нақты құнын және артықшылықтарын екшеуге жағдай жасайды, қаржылық талдауды сапалы жүргізуге және осы арқылы компанияны тиімді басқаруға жол ашады.
Бұдан бірнеше жыл бұрын «KEGOC» акционерлерінің жалпы жиналысында компанияны корпоративтік басқару кодексі бекітілді. Бұл бағалы құжаттың басты мақсаты компанияны корпоративтік басқаруды жетілдіру, басқарудың ашықтығын қамтамасыз ету, адалдығын растау, тиісті корпоративтік басқару стандарттарын ұстану болып табылады. Бұл кодекс қызметтік құрылымдардың өзара қарым-қатынастарын, олардың жұмыс істеу және өзара әрекет жасау қағидаттарын, жұмыс тиімділігін егжей-тегжейлі реттейді. Сондай-ақ ол компания қызметін тұрақты даму қағидатына сәйкестендіру мәселелерін жеке-дара қарастырады. Осыған орай жоғарыда атап өткеніміздей, экономикалық, экологиялық және әлеуметтік міндеттерді тұрақты дамумен ұштастыратын стратегиялық даму жоспары ұсынылып отыр.


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру