Валюта бағамы: $ 364.95 416.99 5.55 ¥ 52.58

Бағы мен бабы жанғандар

Қытай құрамасы алға озып кетті

Индонезия астанасы Джакарта қаласының «Гелора Бунг Карно» стадионында XVIII Жазғы Азия ойындарының ресми ашылу салтанаты өтті. Джакарта мен Суматра аралының ең ірі қаласы Палембангта өтіп жатқан байрақты бәсекеге «Сарықұрлықтың» 45 елінен ең үздік деген 11 000-ға жуық саңлақ спорттың 42 түрі бойынша (барлық медаль саны 462) сынға түсіп жатыр.

Семсерлесуші Дмитрий Алексанин Азия ойындарының чемпионы атанып, ел қоржынына алғашқы алтынды салды. Жерлесіміз жарыстың топтық кезеңінде 1/16 финалда таиландық Коракоте Жиенгамуаичайды, 1/8 финалда қырғызстандық Роман Петровты, ширек финалда вьетнамдық Ден Нгуеинді жеңген болатын. Жартылай финалда Алексанин Азия чемпионы, Лондон олимпиадасының қола жүлдегері оңтүстік кореялық Чон Джин Сонна басым түскен болатын. Ал финалдық бәсекеде Рио Олимпиадасының чемпионы, Оңтүстік кореялық Сан Ен Пакты 15:12 есебімен жеңді.
Су добынан әйелдер командасы арасындағы бәсекелер аяқталып, жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды. Соңғы матчта Жапония құрамасын 12:11 есебімен жеңген қазақстандықтар Азия ойындарының күміс жүлдесіне қол жеткізді. Қазақстан қыздар командасы 5 кездесудің төртеуінде жеңіске жетті. Алтын медальді барлық матчта қарсыластарынан басым болған қытайлықтар иеленсе, қола жүлде Жапония қыздарына бұйырды. Осылайша су добының шеберлері Қазақстан құрамасына Азия ойындарындағы оныншы медальді сыйлады.
Таэквондошы қызымыз Жансель Дениз (67 келі) 2018 жылғы Азия ойындарында күміс медаль иеленді. Ақтық сында Оңтүстік Корея елінің спортшысы Дабин Лимен кездесті. Екеуі бір-біріне тегеурінді шабуыл жасағанмен, Д.Ли басымдық танытып, Ж.Дениз қарсыласынан 21:27 есебімен жеңіліп қалды. Бұдан басқа таэквондошы аруымыз Фариза Алдоңғарова Азиаданың қола жүлдегері атанды. Жартылай финалда Фариза тайпейлік спортшы Су Поядан 6:11 есебімен жеңіліп, үздік үштікке енді.
Ал ерлер арасында таэквондодан сынға түскен Руслан Жапаров қола медальді еншіледі. 80 келіден жоғары салмақ дәрежесінде сынға түскен отандасымыз жартылай финал ойындарында ирандық спортшыдан 7:11 есебімен жеңіліп қалды. Дегенмен, Р.Жапаров медальсіз қалмады. Спорттың аталмыш түрінің ережелеріне сәйкес, жартылай финалда жеңілген таэквондошы қола медальға ие болады.
Спорттың маутинбайк түрі бойынша сынға түскен Кирилл Казанцев қола медальға ие болды. Отандасымыз кросс-кантри категориясында сынға түсті. К.Казанцев алғашқыда үш айналым бойынша бірінші орында келе жатты. Алайда қытайлық спортшылар басымдық танытып, отандасымыздың алдына шығып кетті. Нәтижесінде К.Казанцев қытайлық спортшыдан 2 минут 32 секундқа кейін қалып, үшінші орынға табан тіреді. Екінші орынды да Қытай спортшысы еншіледі. Бағдарламаның аталмыш түрінен тағы бір отандасымыз Шарик Әділов сынға түскен еді. Спортшы жарысты 8-орынмен тәмамдады.

Қазақстандық спортшылар академиялық есуден жартылай финалды сәтті өткізді. Ерлер ара­сындағы жекелей сында Яковлев жартылай финалды 3-ші орынмен аяқтап, финалдық кезеңге өтті. Әйелдер арасында Александра Опачанова 1-ші орынмен финалдық кезеңге жолдама алды. С.Германович / В.Чепикова жұбы жартылай финалда 2-ші орыннан көрінді. Аталған спортшылар да финалда бақ сынайды. Алайда Е.Васильев / А.Шашков жұбы 5-ші орында. Бұл нәтиже финалға өту үшін жеткілісіз болды.
Стенд атудан трап бағдарламасы бойынша бақ сынаған Мария Дмитриенко іріктеу кезеңінде бірінші орынға шықты. Ол 49 ұпай жинаған. Ал Анастасия Давыдова 19-орында. Нысана көздеушілер де Азия ойындарын бастап кетті. 10 метрге винтовкамен атудан сынға түскен Клейменов/Староситан жұбы 11-орын иеленіп, келесі кезеңге өте алмады.
Қазақстандық гимнаст қыздар 135.950 ұпаймен іріктеу кезеңінен аса алмады.
Еркін күрестен 74 келі салмақ дәрежесі бойынша күрескен Данияр Қайсанов Азия ойындарының күміс жүлдегері атанды. Ол финалда өзбекстандық Бекзод Абдрохмоновтан жеңілді. Өзбекстан балуаны 2014 жылғы Азия ойындарында да чемпион болған. Саятбек Оқасов (65 келі) алдымен палестиналық қарсыласы Мұса Жоуда мен оңтүстік кореялық Ли Сун Чолға бірде-бір әдіс жасатпай, таза жеңді. Кейін Қытай құрамасындағы этникалық қазақ Ерланбиеке Кәтейұлын жарыстан шығарды. Ал жартылай финалда жапониялық Даичи Такатанимен 4:4 есебімен тең түскен. Бірақ соңғы әдісті жапон балуаны жасағандықтан, финалға Такатани шықты. Қолаға таласта С.Оқасов түркіменстандық Батыр Боржаковтан басым болды. 87 келі салмақ дәрежесі бойынша қазақстандық Әділет Давлумбаев қола медаль иеленді. Ол жартылай финалда ливандық Доминик Абунадерден жеңілді. Ал үшінші орынға таласта қырғызстандық Алигаджи Гамидгаджиевті жеңді.
Грек-рим күресінен 60 келіде сынға түскен Мейрамбек Айнағұлов Азиаданың қола жүлдегері атанды. Қола медаль үшін күресте Айнағұлов Солтүстік Корея спортшысын 13:5 есебімен жеңді.
67 келі салмақта Азия ойын­дарының финалында белдескен Алмат Кебіспаев күміс жүлдегер атанды. Балуанымыз финалда Оңтүстік Корея өкілі Хансю Рюдан бір ұпай айырмашылығымен жеңілді. Есеп – 5:4. А. Кебіспаев финалға дейін қарсыластарын айқын басымдықпен жеңген болатын. Өкінішке қарай, ақтық сында біздің балуанға аздаған сәттілік жетіспей қалды.
2016 жылғы Рио-де-Жанейро Олимпиадасының чемпионы Дмитрий Баландин брасс әдісімен 100 метрге жүзуде Азия ойындарының финалына өтті.
Жалпы, қазақстандық спортшылар Азия ойындарында медальдің басым бөлігін жеңіл атлетика, байдарка және каноэ, велоспорт, оқ ату, су спорты, көркем гимнастика, дзюдо, күрес, бокс және ауыр атлетика спорт түрлерінен еншілеген. Биылғы бәсекеде бокс спорты үш салмаққа азайғандықтан жүлде саны да азаюы мүмкін. Ал ауыр атлетикадан Қазақстан құрамасының допинг дауына байланысты Халықаралық Олимпиада комитеті біздің спортшыларды бір жылға спорттан шеттеткен. Сондықтан биыл ауыр атлеттер Азия ойындарына қатыспайды.
Қазақстан спортшылары Азия ойындарына еліміз тəуелсіздік алғаннан кейін, 1994 жылы Жапонияның Хиросима қаласында өткізілген Азиададан бастап атсалыса бастады.
Қазақстан құрамасының спортшылары алты Жазғы Азия ойындарында жалпы саны 481 жүлде жеңіп алған. Оның 138-і алтын, 142-сі күміс және 201 қола. Азияда тарихында ең көп алтынды (28) 2014 жылы Инчхонда (Оңтүстік Корея) өткен Азия ойындарында жеңіп алып, рекорд орнатқан. Бұған дейін ең көп алтынды (25) 1994 жылы ең алғаш рет қатысқан Хиросимадағы додада иеленген-ді. Ал жалпы жүлде саны бойынша 2006 жылы Қатар астанасы Доха жарысында жеңіп алған. Сол жылы отандас-тарымыз 85 медаль жиынтығын ел қоржынына салған болатын. Қазақстан құрамасы алты Азия ойындарында медаль саны бойынша жалпыкомандалық есепте төрт рет төртінші, екі рет бесінші орынды иеленген.

Нұрлан ҚҰМАР


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру