Валюта бағамы: $ 356.54 419.43 5.42 ¥ 51.86

Өңірлер тұрақты өсімге ұмтылуы керек

Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында биылдың 7 айындағы әлеуметтік-экономикалық даму мен республикалық бюджеттің атқарылуының қорытындылары қаралды. Сондай-ақ «Бизнестің жол картасы-2020» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыру және өзекті ету мәселелері, ауылдық елді мекендерді кең жолақты интернетке қолжетімділікпен қамтамасыз ету, 5G және дата-орталықтарды дамыту жобаларының іске асырылу барысы талқыланды.

Биылдың қаңтар-шілде айларының қорытындысы бойынша ІЖӨ өсімі 4%-ті құрады. Ұлттық экономика министрі Т.Сүлейменов өз баяндауында экономика өсіміне инфляциялық қысымның төмендеуі, жоғары инвестициялық белсенділік және экономиканың негізгі салаларында оң қарқынның сақталуы негізгі серпін бергенін айтты. Инфляция ең төменгі үш жылдық деңгейде сақталып, жыл басынан бері 2,7%-ті құрады, бұл ретте жылдық инфляция – 5,9%. 1 тамыздағы жағдай бойынша елдің халықаралық қоры $87,7 млрд болды, оның ішінде Ұлттық қордың активтері – $56,8 млрд, алтын валюталық қорлар – $30,9 млрд құрады. Өнеркәсіптік өндіріс 5,1%-ке ұлғайды. Өнеркәсіп белсенділігінің өсіміне ең көп үлесті өндіру салалары қосты. Тау-кен өндіру өнеркәсібінің шығарылымы 5,4%-ке артты. Өңдеу өнеркәсібінің өсу серпіні 4,9% деңгейінде тіркелді. Өңдеу салаларының бөлінісінде ең жоғарғы өсімді машина жасау саласы 16% деңгейімен көрсетіп тұр. Химия өнеркәсібінде – 10,9%, мұнай өңдеуде – 4,4%, металлургияда –3,6% және қағаз өнімдері өндірісінде – 10,1% орнықты өсім жалғасуда. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің шығарылымы 3,5%-ке ұлғайды. Көрсетілетін қызметтер саласы 3,8%-ке өсті. Төмен инфляция аясында сауда өткен айға қарағанда 6,1%-ға дейін ұлғайды. Бұл ретте өндірістік белсенділік көліктің 4,9% өсім деңгейінде сақталуына ықпал етеді. Негізгі капиталға салынатын инвестициялар кеңейіп, 23,7%-ке өсті. Инвестициялардың ең үлкен өсімі – 32,7% өнеркәсіп саласында тіркелген. Бұл Шымкент мұнай өңдеу зауытын жаңғыртуға және Теңіз кен орнында болашақ кеңейту жобасын іске асыруға байланысты болды. Жалпы тікелей шетелдік инвестициялардың $6,7 млрд тартылды. Бұл өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 24,4%-ке жоғары. Экспорт көлемі 21,8%-ке, импорт –7,8%-ке өсті. Экспорттың импорттан едәуір артық болуы төлем балансының ағымдағы шотының тапшылығын төмендетуге негіз болды. Жоғары өндірістік белсенділік еңбек нарығының көрсеткіштеріне жағымды әсер етті. Жыл басынан бері 297,1 мың адам жұмысқа орналастырылды. Жұмыссыздық деңгейі 4,9% болды.
Ұлттық банк төрағасының бірінші орынбасары О.Смоляков биылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша заңды және жеке тұлғалардың депозиттері өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 0,2%-ке ұлғайып, 17,8 трлн теңгені құрағанын жеткізді. Екінші деңгейлі банктер берген несиелер 1 шілдедегі жағдай бойынша 1%-ке – 12,8 трлн теңгеге жетті.
Республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есеп берген қаржы министрі Б.Сұлтановтың мәліметіне сәйкес, түсім 6,264 трлн теңгені немесе есепті кезең жоспарының 101,9%-ін құрады. Шығындар 6,466 трлн теңге немесе 98% орындалды. Мемлекеттік бюджет тапшылығы 203 млрд теңге сомасында қалыптасты. Бұл жоспардан екі есеге төмен. Мемлекеттік бюджетке трансферттерді есепке алусыз 4,351 трлн теңге кірістер түсті. Республикалық бюджет кірістері 104,2% орындалып, бюджетке 3053 млрд теңге түсті. Бір жыл бұрынғы кезеңмен салыстырғанда бюджетке салықтар 432 млрд теңгеге артығымен түсті.
Премьер-министр Б.Сағынтаев экономиканың тұрақты өсімін қамтамасыз ету бойынша бірқатар нақты тапсырмалар берді. Әкімдердің ай сайынғы есептерінде белгілі бір өзгерістердің болмайтынына, нақты талдаудың жоқтығына назар аударған Үкімет басшысы инвестициялар және даму, энергетика министрліктеріне, сондай-ақ басқа да салалық министрліктерге және өңірлер басшыларына ел экономикасының өсімін қамтамасыз ету үшін қажетті шараларды қабылдауды тапсырды. Сонымен қатар Қаржы министрлігіне есепті кезең қорытындысы бойынша игерілмеген бюджет қаражатын қайта қарастыру тапсырылды.
Отырыста «Бизнестің жол картасы -2020» бизнесті қолдау және дамытудың өзектілендірілген бағдарламасының жобасы мақұлданды. Ұлттық экономика министрі ұсынған мәліметтер бойынша, жалпы бағдарламаның іске асырылу сәтінен бастап үш бағыт шеңберінде жалпы кредит сомасы 2,2 трлн теңге 11 904 жоба субсидияланды, екі бағыт шеңберінде жалпы кредит сомасы 155 млрд теңгеге 4302 жоба кепілдендірілді. 4,6 млрд теңге сомасына 1940 жобаға мемлекеттік гранттар ұсынылды, 123 млрд теңгеге 810 жобаға жетіспейтін инфрақұрылым жеткізілді. 165 мың жаңа және жұмыс істеп жүрген кәсіпкер бизнес негіздеріне оқытылды.
Елімізде экономикалық дамудың қарқынын тездету және цифрлық технологияларды пайдалану арқылы ел тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында қабылданған «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасында телекоммуникациялық инфрақұрылымды дамыту міндеті айқындалған. Осыған орай ауылдарға кеңжолақты интернеттің қолжетімділігін қамтамасыз ету, 5G және дата-орталықтарды дамыту бағытында бірқатар жобалар іске асырылуда. Жиында осы мәселе бойынша баяндаған ақпарат және коммуникациялар министрі Д.Абаев 5G ұялы байланысын Қазақстан аумағына енгізу Халықаралық электробайланыс одағы келер жылы 5G стандартын қабылдағаннан кейін мүмкін болатынын жеткізді. Ал қазір 5G ұялы байланысын пилоттық тестілеу үшін жиіліктерді іріктеу жұмыстары Астана, Алматы қалаларында және Ақмола, Алматы облыстарында Қорғаныс министрлігімен келісіліп жүргізілді.
Премьер-министр Ақпарат және коммуникациялар министрлігіне мемлекеттік органдармен бірлесіп жылдамдықты интернетпен қамту бойынша шаралар қабылдауды тапсырды.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру