Валюта бағамы: $ 364.95 416.99 5.55 ¥ 52.58

АҚТАУ САММИТІ: Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі айқындалды

Ақтауда Каспий теңізінің халықаралық күні қарсаңында көптен күткен тарихи маңызды оқиға – Бесінші Каспий саммиті өтті. Теңіз жағалауындағы бес мемлекет көшбасшыларының бәтуаластық және барлық тараптардың мүдделерін өзара есепке алу негізінде тұжырымдалған көп жылғы жұмыстың қорытындысы, базалық халықаралық шарт – Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға қол қоюы жоғары деңгейдегі кездесудің басты оқиғасы болды.

Саммит жұмысы Ақтауда жаңадан пайдалануға берілген «Достық үйінде» өтті.Мемлекеттер басшыларын қарсы алу рәсімінен соң, Нұрсұлтан Назарбаев және Әзербайжан Республикасының президенті Ильхам Әлиев, Иран Ислам Республикасының прези-денті Хасан Рухани, Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин, Түрікменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов Бесінші Каспий саммитінің пленарлық отырысына қатысты.
Ашхабадта (2002), Тегеранда (2007), Бакуде (2010) және Астраханьда (2014) өткен Каспий саммиттерінің шешімдерін дамыту үшін Каспий теңізі өңіріндегі бесжақты ынтымақтастықтың неғұрлым маңызды мәселелері талқыланып, халықаралық өзекті тақырыптар бойынша ой-пікірлер ортаға түскен Ақтаудағы жоғары деңгейдегі жиын дәстүрлі достық, сенім және тату көршілік жағдайында өтті.
Саммиттің басты баяндамасын Қазақстан Президенті жасады. Мемлекет басшысы өз сөзінде бұған дейін өткен Каспий саммиттерінің рөліне ерекше тоқталып, олардың келіссөз үдерісіне қажетті саяси серпіліс әкелгенін және қайшы ұстанымдар бойынша келісімге қол жеткізілгенін айтты.
Нұрсұлтан Назарбаев Каспий өңірі тарихының бірегейлігін әрі мәдениетінің алуан түрлілігін, мұнда адам ресурстарының жеткілікті екенін және табиғи қордың молдығын, сонымен қатар, теңіздің географиялық тұрғы-дан тиімді орналасуының арқасында зор геосаяси маңызға ие болып отырғанын атап өтті.
– Бүгінде Каспий маңы елдерінің әлеуеті зор және қарқынды дамып келе жатыр. Біздің елдеріміздегі тұрғындардың жалпы саны – 240 миллион. Осының бәрі Каспийге қатысты мәселелер кешенін бірлесіп шешу қажеттігін туғызды, – деді Мемлекет басшысы.
Осы ретте Конвенция Каспий теңізінің суын, түбін, қазба байлықтарын, табиғи ресурстары мен әуе кеңістігін қоса алғанда, Каспийге қатысты тараптардың құқықтары мен міндеттерін реттейтін негізгі жан-жақты құжат болып саналады. Сонымен қатар Каспий маңы елдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды болдырмау, әскери қызметтер мәселелеріне айрықша назар аударылды.

Нұрсұлтан Назарбаев Конвенцияға қатысушы елдер қызметтерінің негізін қалайтын қағидаттарға ерекше тоқталып, соның ішінде Каспий теңізі аймағын бейбітшілік, тату көршілік және достық өңіріне айналдыру қажеттігін, оны бейбіт мақсатта пайдаланып, елдердің егемендігі мен аумақтық тұтастығын құрметтеу керектігін, сондай-ақ, Каспий теңізінде тараптарға қатысы жоқ қарулы күштер болмауға тиіс екенін айтты.
Мемлекет басшысы Конвенция-ның Каспий маңы елдері арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға зор мүмкіндік беретініне тоқталып, осы бағыттағы бірқатар қосымша шараларды атап өтті.
– Каспий теңізінің саяси тұрғыдан тұрақсыз аймаққа жақын-дығы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында Каспий маңы мемлекет-терінің өзара тиімді әрі нақты іс-қимылдарды пысықтауды талап етеді. Осыған орай, әскери қызмет саласындағы сенім шаралары үшін бес жақты келісім жасауды ұсынамын, – деді Қазақстан Президенті.
Инвестициялық ықпалдастықты одан әрі дамытып, энергетикалық және геологиялық барлау саласындағы жобаларды жүзеге асыру үшін Конвенция мен қол қойылатын құжаттардың мүмкіндіктерін толық көлемде пайдалану қажет.
Мемлекет басшысы көлік-транзит қуатын арттыру үшін тариф саясатын жетілдіріп, Конвенцияға қатысушы елдердегі тасымалдау жағдайын жақсартуды ұсынып, Каспий теңізінің керемет экологиялық жүйесін сақтау үшін биологиялық ресурстарды заңсыз кәсіпке айналдырғандарға қарсы күрес жүргізу жөнінде арнайы құжат қабылдау қажеттігін атап өтті.
Соңында Нұрсұлтан Назарбаев Конвенцияға және бірқатар екі жақты құжаттарға қол қою Каспий маңы мемлекеттерінің достық қарым-қатынастарын көрсететінін, сондай-ақ бірлесіп тығыз ынтымақтастық орнатып, Каспий теңізіне ұқыптылықпен қарау керектігін айтты.
– Мен әріптестеріме – барлық елдің басшыларына, сондай-ақ Конвенцияны әзірлеген арнайы жұмыс тобына өте маңызды жұмыс атқарғаны үшін ризашылығымды білдіремін. Сіздер болмасаңыздар бүгінгі жетістікке жетпес едік. Ақтау саммитінің қорытындылары арқылы Каспий теңізіндегі жан-жақты іс-қимылдарымызды ілгерілетуге үлес қосылатын болады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы Ақтауда өткен Бесінші Каспий саммитінің жұмысынан Жер шарының түкпір-түкпіріне хабар таратқан бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері үшін жоғары деңгейдегі жиынның қоры-тындысы бойынша брифинг өткізді.

Нұрсұлтан Назарбаев Бесінші Каспий саммитінің Каспий теңізінің халықаралық күні қарсаңында өтуінің символдық мәні бар екенін атап өтті.
– Біз әріптестерімізбен бірге Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін реттеу жөніндегі көп жылғы жұмыс-тарды қорытындыладық. Көп жақ-ты тәжірибелік іс-қимылдарды ілгерілетуге қатысты жұмыстардың жағдайы мен кейінгі атқарылатын шараларды талқыладық. Сауда, экономика, көлік және қауіпсіздік салаларына байланысты маңызды келісімдерге қол қойдық, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы жүргізілген келісімдердің табыстылығына тоқ-талып, Конвенцияны дайындау үдерісінде барлық ел Каспий өңірінің саяси тұрақтылығы мен дамуын, сондай-ақ оның табиғи байлығының қорғалып, көбейтілуін қамтамасыз ету мүддесін көздегенін айтты.
– Көп жылғы сіңірген еңбектің шарықтау шегі бүгін Каспий теңізі-нің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға қол қоюмен аяқталды. Конвенция «Каспий теңізінің конституциясы» болып саналады. Мұнда теңіз жағасындағы мемлекеттердің құқықтары мен міндеттеріне, сондай-ақ өңірдің қауіпсіздігіне, тұрақтылығы мен өркендеуіне кепіл болуға қатысты барлық кешенді мәселелерді реттеу қарастырылған, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті брифингке қатысқан журналистерге Конвен-цияның Каспий жағасындағы елдердің ынтымақтастығы үшін барлық бағыттар бойынша тиімді заңды база қалыптастыратынын және әрбір тараптың қызметі үшін негізге алынатын ұстанымдарды анықтайтынын айтты.
– Атап айтқанда, Каспий теңізін бейбітшілік, тату көршілік және достық аймағына айналдыру, оны бейбіт мақсатта пайдалану, егемендігі мен аумақтық тұтастығын құрметтеу, Каспий теңізінде тараптарға қатысы жоқ қарулы күштерді болдырмау мәселелері қамтылған. Біз аумақтық су көлемін 15 теңіз миль етіп бекіттік. Осыған орай оның сыртқы шекарасы мемлекеттік мәртебеге ие болады. Аумақтық суға он мильдік балық аулау аймағы жалғасады. Әрбір мемлекет балық аулау кәсібінде ерекше құқыққа ие болады. Теңіздің балық аулау аймағынан тыс бөлігі ортақ су кеңістігі болып қала береді. Мемлекеттік теңіз шекарасынан тыс аумақта Каспий жағасындағы елдердің туы бар кемелері еркін жүзе беретін болады. Басқа теңізге және әлемдік мұхитқа шығу еркіндігі жөніндегі уағдаластықтың маңызы зор. Әрбір мемлекет өз бөлігінің шегіндегі теңіз түбінің байлықтарына қатысты егемендік құқығын жүзеге асырады. Сондықтан, теңіз түбі арқылы магистральды құбырлар мен кабельдерді жүргізу экологиялық талаптарды сақтағанда ғана мүмкін болатыны қарастырылған, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті осы ұстанымдардың сақталуы Каспий жағасындағы елдердің көлік инфрақұрылымының дамуына, Каспий өңірінің транзиттік әлеуетінің артуына сондай-ақ Каспийдің экологиялық жүйесі мен биологиялық ресурстарының керемет популяциясының қорғалуына септігін тигізетінін атап өтті.
Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев Каспий теңізі бойынша ынтымақтастықты одан әрі дамыту жөнінде бірқатар қосымша шараларды, соның ішінде, әскери қызмет саласындағы келісілген сенім шаралары жөнінде бесжақты арнайы келісімнің қорытындысы, Каспий жағасындағы елдердің сауда-экономикалық қарым-қатынастарын, әсіресе, инвестициялық ынтымақтас-тық және энергетикалық саладағы жобаларды жүзеге асыру жөніндегі мәселелерді жандандыру, саясат тарифін жетілдіру және тасымалдау жағдайын жақсарту, сондай-ақ биологиялық ресурстарды заңсыз кәсіпке айналдырғандарға қарсы күрес жөнінде құжат қабылдауды ұсынды.
Соңында Мемлекет басшысы Ақтау саммиті Каспий маңы елдері ауқымды міндеттерді бірлесіп шеше алатынын тағы бір рет көрсеткенін айтып, қабылданған халықаралық шарттар мен қол жеткізілген уағдалас-тықтар «Каспий бестігінің» әлеуетін толықтай ашуға мүмкіндік беретініне сенім білдірді.
Сондай-ақ саммит қорытындысы бойынша Әзербайжан Республикасы-ның президенті Ильхам Әлиев, Иран Ислам Республикасының президенті Хасан Рухани, Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин, Түрік-менстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов мәлімдеме жасады.
Бесінші Каспий саммитінің қорытындысы бойынша Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға қол қойылды. Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияны тиімді орындау және Каспийдегі ынтымақтастықтың әртүрлі аспектілеріне шолу жасау мақсатында президенттер сыртқы істер министрліктерінің қамқорлығымен сыртқы істер министрлерінің орынбасарлары/Каспий маңы мемлекеттерінің өкілетті өкілдері деңгейінде тұрақты бесжақты консультациялар тетігін құру және Конвенцияға қол қойылған күннен бастап алты айдан кешіктірмей алғашқы консультациялар өткізу туралы шешім қабылдады. Бірінші кезектегі тәртіппен тікелей бастапқы желілерді белгілеу әдістемесіне қатысты келісім жобасын әзірлеуге және келісуге кірісу тапсырылды.

Бесінші Каспий саммитінде жағалау маңындағы мемлекеттердің өнеркәсіптік, сауда, энергетикалық, көліктік-логистикалық, инновация-лық, туристік, ақпараттық және мүдделілік танытатын басқа да салалардағы өзара іс-қимылын одан әрі нығайтуға және дамытуға ықпал ететін Каспий маңы мемлекеттерінің үкіметтері арасындағы сауда-эко-номикалық ынтымақтастық туралы келісімге және Каспий маңы мемлекеттерінің үкіметтері арасындағы көлік саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қою терең қанағаттанушылық сезіммен қабылданды. Осы келісім-дерді іске асыру үшін Каспий маңы мемлекеттерінің құзыретті ведомстволарының кездесулері тұрақты негізде өткізілетін болады.
Бес елдің кәсіпкерлері мен бизнес-құрылымдары арасындағы байланыстарды дамыту мақсатында 2019 жылы Түрікменстанда бірінші Каспий экономикалық форумын өткізу ұсынылды.
Каспий теңізінде теңіз көлігі саласында тиімді және өзара пайдалы ынтымақтастық жасау мақсатында жағалау маңы мемлекеттері теңіз әкімшіліктерінің бесжақты тұрақты өзара іс-қимылын ұйымдастыру маңыздылығы баса көрсетілді. Каспийдегі теңіз көлігі саласындағы ынтымақтастық туралы бесжақты келісімді дайындау қажеттілігі атап өтілді.
Саммит барысында Каспий теңізіндегі оқыс оқиғалардың алдын алу туралы үкіметаралық келісімге қол қою мемлекеттердің өзара іс-қимылының базалық қағидаттарын – егемендікті, аумақтық тұтастықты құрметтеуді, бір-бірінің қауіпсіздігіне нұқсан келтірмеуді, әскери қызмет саласындағы келісілген сенім шараларын сақтауды өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайту жөніндегі ортақ күш-жігерге сәйкес болжамдылық және транспаренттілік рухында іске асыруға бағытталған.
Ақтауда өткен жоғары деңгей-дегі кездесуде Каспий маңы мемлекеттерінің басшылары Каспий теңізінің бейбітшілік, келісім, тату көршілік және тиімді халықаралық ынтымақтастық теңізі болып табылатындығын ерекше атап өтіп, барлық Каспий маңы мемлекеттерінің арасындағы дәстүрлі достық байланыстардың одан әрі нығаятынына және дамитынына сенім білдірді.
Бесінші Каспий саммитін жоғары деңгейде ұйымдастырғаны және көрсеткен қонақжайлылығы үшін Қазақ еліне ризашылық білдірілді.
Кезекті Каспий саммиті келісілген мерзімде Түрікменстанда өтеді.

Бектұр ТӨЛЕУҒАЛИЕВ,
«Қазақ газеттері» ЖШС-ның Маңғыстау облысындағы өкілі


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру