Валюта бағамы: $ 364.95 416.99 5.55 ¥ 52.58

Теңге құнсызданғанмен, долларсыздандыру деңгейі жоғары

Жыл басынан бері біртіндеп түсіп келе жатқан ұлттық валютаның долларға қатысты бағамы тамызда бірден құлдырап, 363 теңгеге жетті. Осы ретте өткен жеті айдағы әлеуметтік-экономикалық даму және республикалық бюджеттің атқарылу қорытындылары қаралған үкімет отырысында Ұлттық банк төрағасының орынбасары Олег Смоляков ішкі валюта нарығындағы ахуалды баяндап, теңге құнсыздануының себептеріне тоқталды.

Биылғы жылдың басынан шілде-нің аяғына дейінгі кезеңде ұлттық валютаның долларға қатысты бағамы 318,3-ден 347,06 теңгеге дейінгі аралықта өзгерді. Шілденің соңында теңгенің биржалық бағамы жыл басынан бері 4,3%-ға әлсіреп, бір АҚШ доллары үшін 346,7 теңге болды.
Ұлттық банк төрағасының орынбасары биылғы мамыр-шілде аралығында теңгенің әлсіреуі бірінші кезекте АҚШ долларының жалпы дамушы елдер валюталарына қатысты нығаюына және федералдық қор жүйесінің пайыздық мөлшерлемелерінің көтерілуіне орай капиталдың дамушы нарықтардан жылыстауына байланысты екенін атап өтті. «Дамушы нарықтардағы жалпы үрдіс Қазақстанға да әсер етті. Бейрезиденттердегі Ұлттық банк ноттарының көлемі наурыздағы ең жоғарғы 454 миллиард теңге деңгейінен шілдеде 158,5 миллиард теңгеге дейін төмендеді», – деп хабарлады Олег Смоляков.
Соңғы күндердегі ішкі валюта нарығындағы ахуал АҚШ-тың бірқатар елдерге қатысты протекционистік және санкциялық саясатына байланысты байқалып отырған геосаяси шиеленіс аясында негізгі сауда әріптес елдер валюталарының айтарлықтай құбылмалығымен түсіндіріледі. 13 тамызда теңгенің бағамы бір АҚШ доллары үшін 363,22 теңге болды. «Ұлттық банк валюта нарығындағы ахуалға тұрақты түрде мониторинг жүргізеді және қажет болған жағдайда теңге бағамының айтарлықтай және тұрақсыздандыратын қысқа мерзімді ауытқуларын реттеуге бағытталған өктемдікті жүзеге асыруға дайын», – деп атап өтті Ұлттық банк басшысының орынбасары.
Ұлттық банктің алтын-валюта резервтері алдын ала деректер бойынша шілденің соңында 30,9 миллиард АҚШ долларын, Ұлттық қордың активтері 56,8 миллиард АҚШ долларын құрады. Ұлттық банк төрағасының орынбасары жалпы халықаралық резервтер жылдың басынан бері 1,6%-ға немесе 1,4 миллиард АҚШ долларына төмендеп, $87,7 миллиардты құрағанын айтты.
Банктердің депозиттік қоржыны-ның жартысынан астамын жеке депозиттер құрайды. Екінші деңгейлі банктердегі жеке салымдар соңғы жылы 7,5 пайызға өсіп (593,6 млрд теңге), биылғы маусым айының соңында 8,5 трлн теңгеге жетті. Осы ретте жеке тұлғалардың салымдары банктерді қорландырудың негізгі көздерінің бірі болып отырғанын айта кеткен жөн. Қазақстандықтар бүгінде жеке жинағының жартысынан астамын ұлттық валютадағы депозитке салады. Бұған дейінгі төрт жыл бойында жеке салымдар қожынында шетелдік валютадағы депозиттер басым болатын. Төраға орынбасарының айтуынша, жалпы алғанда депозиттер маусымның соңында 17,8 трлн теңгені құрады. Оның құрылымында ұлттық валютадағы депозиттер бірінші жартыжылдықта 8,2 пайызға өсіп, 9,9 трлн теңгеге жетті, ал шетел валютасындағы депозиттер 7,9 трлн теңгеге дейін, 4,9 пайызға төмендеді. Нәтижесінде депозиттердің долларлану деңгейі маусымда 44,5 пайыз болды. «Жинақтау валютасын таңдау кезінде айырбастау бағамының айқындаушы фактор ретіндегі рөлі төмендеп жатқанын атап өту қажет. Мұны теңгенің АҚШ долларына қатысты бағамының әлсірегеніне қарамастан ағымдағы жылғы мамырда және маусымда теңгедегі депозиттердің өсуі көрсетіп отыр. Теңгедегі салымдар мамырда 0,2 пайызға, ал маусымда – 5,4 пайызға өсті. Осының салдарынан депозиттердің долларлану деңгейінің төмендеуі жалғасуда», – деп атап өтті О.Смоляков.
Ұлттық банк өкілі келтірген мәліметтерге қарағанда, екінші деңгейлі банктердің кредиттері маусымның соңында 12,8 трлн теңгені құрады. Ұлттық валютадағы кредиттер қаңтар-маусымда 3,3 пайызға өсіп, 9,7 трлн теңгеге жетсе, шетел валютасындағы кредиттер 3,2 трлн теңгеге дейін түсіп, 5,4 пайызға төмендеді. Жаңа кредиттер беру өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 27 пайызға немесе 1,3 трлн теңгеге ұлғайды. Кәсіпорындарға теңгемен берілген кредиттер бойынша орташа мөлшерлеме былтырғы жылғы желтоқсандағы 13,2 пайыздан биыл маусымда 11,7 пайызға дейін төмендеді. Осылайша, қаржы реттеушісінің жүргізіп отырған ақша-кредит саясатының нәтижесінде жалпы қаржы жүйесіндегі жағдай бірқалыпты тұрақтылық үдерісінде өтуде.

РЫМТАЙ САҒЫНБЕКОВА


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру