Валюта бағамы: $ 356.54 419.43 5.42 ¥ 51.86

Орман-тоғай – табиғат қорғаны

Жетпісбай Бекболатұлы,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
кафедра меңгерушісі
e-mail: Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz

Жердің көркі – орман. Жан-жануар, жәндік атаулыны аптап ыстықта көлеңкесімен, қақаған аязда ықтасынымен қорғайтын еліміздегі орман қорының жалпы ауданы 29301,9 мың гектар шамасында, бұл республика аумағының 10,7 пайызы. Ал, саялы орман көмкерген жерлер 12672,0 мың гектарды алып жатыр, мұның өзі орманды жердің 43 пайызына, яғни тең жарымына парапар. Ақбас Алтайдан айдынды Атырауға дейін кең көсілген еліміздің ормандылығы 4,6 пайыз төңірегінде. Биоалуантүрлілікті қолдау арқасында соңғы жылдар беделінде орманмен қамтылған жерлер көбейді, орман өрттерінің саны азайғаны да байқалады.
Жасыл желек шаруашылығын дамытудың бірден-бір жолы орманды қалпына келтіру болып табылады. Елбасымыздың экономиканы өркендету жөніндегі стратегиялық құжаттарында және кезеңдік тапсырма-нұсқауларында орман отырғызу экологияны сауықтырудың басымды бағыттарының бірі ретінде атап көрсетілетіні бекер емес. Бұл ретте Астананың жасыл белдеуін қалыптастыру жөніндегі Мемлекет басшысының бастамасын ауызға алу орынды. Жаңадан игерілген аймаққа көлемі 3,1 мың гектар және өсіп тұрған алқаағаштар аралығындағы ықтырма арасына 1,8 мың гектар ағаш егілген, 73 мың гектарда алқаағаштар құрылған. Айтқандай-ақ, бұдан оншақты жыл бұрын қолға алынып, дәйекті түрде жүргізіліп келе жатқан игілікті шаралардың нәтижесі қомақты. Атап айтқанда, орман иеленушілер республика аумағында 341,4 мың гектарға орман өсіру арқылы жасыл желекті ұдайы ұлғайтқан. «Республика аумағының ормандылығын көбейту және ормандарды сақтау» жобасы аясында Арал теңізінің құрғаған түбіне сексеуілден орман мелиоративтік алқаағаштарын құру бойынша жұмыс 56,5 мың гектарда жүргізілген, соның ішінде отырғызу әдісімен 47,1 мың гектар және себу әдісімен 9,3 мың гектар көшет отырғызылған. Ертіс маңындағы ұзына бойы созылған қарағайлы ормандарды қалпына келтіруге ерекше көңіл бөлініп, аумағындағы орманды жыл сайын ұлғайту көлемі 6,0 мың гектарға дейін жеткізілген. Ертіс орманы және Семей орманы резерваттары аумағында 59 мың гектар орман екпелері құрылған.
Орман екпелері жұмыстарын жақсартылған сапалы тұқымдық материалдарымен қамтамасыз ету бойынша шараларды «Республикалық орман селекциялық орталығы» кәсіпорны жүргізеді. Аталған орталық мемлекеттік орман шаруашылығы мекемелеріне жақсартылған тұқымдық көшет материалдарын жіберіп отырады. Қазіргі кезде Қазақстанның қорғалған табиғи аймақтары 23,8 млн гектарды құрайды, бұл ел аумағының 8,8 пайызына парапар. Мұнда 10 мемлекеттік табиғи қорық, 12 мемлекеттік ұлттық табиғи парк, 5 мемлекеттік табиғи резерват, жергілікті мақсаттағы 3 өңірлік табиғи парк, Алматы, Қарағанды және Шымкент қалаларындағы 3 зоологиялық парк және Алматы, Қарағанды, Риддер, Жезқазған қалаларындағы, Бақанас аймағындағы 5 республикалық ботаникалық бақ бар. Мемлекет қорғауындағы мұндай өңірлер аумағын 2020 жылға қарай 24,5 млн гектарға жеткізу жоспарланып отыр. Туристер үшін тартымды әдемі табиғи кешендері және тарихи-мәдени нысандары экологиялық туризмді дамытуға серпін беретін мұндай көрікті жерлер келешекте ел аумағының 9,0 пайызын құрамақ.
Мемлекеттік ұлттық табиғи парктерде туристер мен келушілер ағынын реттеу жүйесі енгізілуде, ол табиғат аумағына рекреациялық сыйымдылық арқылы анықталған маршруттар бойынша жүргізіледі. Барлық ұлттық парктерде және табиғи орман резерваттарында туризм инфрақұрылымын дамытудың бас жоспарлары бекітілген. Туристік және рекреациялық мақсаттағы құрылыс жүргізу үшін жеке және заңды тұлғаларға конкурстық негізде ұзақ мерзімді пайдалануға берілетін жер учаскелері анықталған. Республикалық маңызы бар 10 қорыққа, 12 ұлттық паркке, 5 табиғи резерватқа ерекше қорғалатын табиғи аумақ мәртебесі берілген. Табиғат қорғау мекемелерін қаржыландыру құрылымының 84 пайызы бюджеттен, 10 пайызы өз қаражатынан және 6 пайызы халықаралық ұйымдардың гранттары есебінен жүргізіледі. Қазіргі кезде Ақсу-Жабағылы, Қорғалжын, Бурабай және Наурызым келу орталықтары жұмыс істеуде. Экологиялық туризмді дамыту, халықтың экологиялық сауатын арттыру бағытында толайым тірлік тындырылды. Қазақстан Туристік ассоциациясының, жергілікті мемлекеттік органдардың мұрындық болуымен «Қазақстан» телеарнасы республиканың ерекше қорғалатын табиғи аумақтары жөнінде әңгімелейтін «Мәлім және беймәлім Қазақстан» атты бейнефильмдер сериясын шығарды. «СТВ» телеарнасы Алтын Емел, Шарын, Іле Алатауы, Сайрам-Өгем, Көлсай көлдері ұлттық табиғи парктері туралы, Алматы, Ақсу-Жабағылы қорықтары туралы бейнефильмдер әзірледі.
«Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» заңға сәйкес ұлттық парктерді дамытудың туризм мен рекреациялық инфрақұрылымды өркендетуді көздейтін бас жоспары жасалынған. Аталған құжатты жүзеге асыру барысында туристерді орналастыру, тамақтандыру, ұлттық өнімдер мен сувенирлер сату, гид саласында қызмет жасау арқылы жергілікті тұрғындар жұмыс орындарымен қамтамасыз етіліп отыр.


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру