Валюта бағамы: $ 371.31 419.32 5.59 ¥ 53.83

Тұрғын үй құрылысы қарқынды

Атырау облысында Құрылысшылар күніне арналған салтанатты іс-шара аясында құрылыс саласының үздіктеріне құрмет көрсетілді. Сала қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен облыс әкімі Нұрлан Ноғаев құттықтады.
Құрылыс саласы – дамудың жаңа дәуіріне қадам басқан еліміздің экономикалық дамуы локомотивтерінің бірі. Өз сөзінде азаматтардың өмір сүру сапасы мен маңызды мемлекеттік міндеттерді шешу саладағы жұмыс нәтижелеріне тікелей байланысты екеніне баса назар аударып өткен облыс басшысы осы ретте экономикалық дамудың қозғаушы күштерінің бірінен саналатын құрылыс саласының өркендеуі үшін бүгінде көп мүмкіндіктер жасалып жатқанына тоқталды.
– Сіздер ел экономикасына орасан зор үлес қосып отырсыздар. Өткен кезеңдерде қандай технологиялар пайдаланылғаны құрылыс саласының ардагерлерінің есінде. Мемлекет басшысының саясатының арқасында қазіргі таңда біз бұл салаға жаңа технологияларды тартудамыз. Құрылыста жаңа материалдар пайдаланылуда. Мұның барлығы салынып жатқан әлеуметтік нысандар мен инфрақұрылымның сапасын жақсартуға ықпал етеді. Бұл бірегей сәулетті құрылыс салуға мүмкіндік береді, – деді Нұрлан Ноғаев.
Биылғы жылы облыста 3892 пәтерлік 44 көп қабатты тұрғын үйдің құрылысы басталған болатын. Осы үйлердің 34-і ағымдағы жылы пайдалануға беріледі. Облыс орталығында 39 үйдің құрылысы жүргізілуде, бесеуі аудандарда салынуда. Бұл өңірдегі тәуелсіздік жылдарында салынып жатқан тұрғын үй құрылысының рекордтық көрсеткіші екенін атап өткен жөн.
Сонымен қатар облыста әлеуметтік нысандар құрылысын салу қарқыны жақсара түсті. Бұл тұрғыда бөлінетін бюджет қаражатының көлемі жыл сайын ұлғаюда. Қазіргі күні 3214 орындық 16 балабақша салынып жатыр, оның 14-ін биыл жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған. Білім ошақтарының құрылысы белсенді жалғасуда. Ағымдағы жылдың соңына дейін 1968 орындық 8 мектептің құрылысын аяқтау көзделіп отыр. Ал тағы 6 мектептің құрылысы келер жылы пайдалануға берілетін болады. Денсаулық сақтау, мәдениет және спорт нысандары да уақыт талабына сай жаңғыртылып, жаңадан тұрғызылуда. Осы жылдың соңына дейін 8 денсаулық сақтау нысанын, 6 мәдениет үйін, бұқаралық спортты дамытуға арналған үш нысан құрылысын аяқтап, пайдалануға беру жоспарлануда.
Атырау облысында өткен жылы 371 шақырым жол салынды, бұл 2016 жылғы көрсеткіштен екі есе жоғары. Биыл 280 шақырым жолға асфальт төсеу жоспарланған. Өңір басшысы бұл үлкен жұмыстың бір бөлігі ғана екенін атап өтті. Елді мекендерді абаттандыру мақсатында ауқымды жұмыстарды атқару көзделіп отыр.
– Сіздердің міндеттеріңіз жаңа технологияларды пайдаланып, кәсіби деңгейді көтеріп бәсекеге қабілетті болу. Қауіпсіздіктің барлық нормаларын сақтай отырып, сапалы нысандар салу қажет. Сіздердің еңбектеріңізбен салынып жатқанның бәрі қоғамның әл-ауқатына әсерін тигізеді. Біз өз тарапымыздан республикалық, облыстық бюджеттердің қаржыландыруын, жер қойнауын пайдаланушылардың қаражаттарын пайдаланып бүгінгі күні тұрғындар тіршілігіне қажет нысандар құрылысын салуға өтінімдер береміз, – дей келіп Нұрлан Ноғаев құрылысшыларды кәсіби мерекелерімен құттықтап, барша отбасыларына амандық, бақ-береке тіледі.
Салтанатты жиында құрылыс және жол саласының үздік қызметкерлері «Құрметті құрылысшы», «Құрметті сәулетші» төсбелгілерімен, Инвестиция және даму министрлігінің, облыс әкімдігі мен мәслихатының алғыс хаттарымен марапатталды.

БЕКЕТ КӨКЕНАЙҰЛЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру