Валюта бағамы: $ 360.71 411.53 5.38 ¥ 52.62

Диқан қауымын алаңдатқан қымбатшылық

Ауыл шаруашылығындағы маңызды кезең – жер баптап, егін салатын көктемгі дала жұмыстары мен маңдай термен өсірілген астықты жинап алар күзгі орақ науқаны қарсаңында жанар-жағармайдың қымбаттап кететіні диқан қауымының санасын санға бөліп, жыл сайын қайталанатын түйткілді мәселе болып тұр. Биыл да бұл жәйт қалпынан айныған жоқ. Осыған орай сейсенбі күні Орталық коммуникациялар қызметінде баспасөз конференциясы өтті.

Баспасөз мәслихатында KAZEN-ERGY қауымдастығының мұнай-газ және энергетикалық даму жөніндегі атқарушы директоры Рүстем Қабжанов, «ҚазМұнайГазӨнімдері» ЖШС бас директоры Қуандық Құлмұрзин, «PetroleumOperating» ЖШС бас директорының орынбасары Асхат Қалиақпаров және «Petrosun» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары Нұржан Сәтбаевтар жағармай бағасының ағымдағы жағдайы туралы баяндап берді. Журналистердің сұрақтарына орай бүгінгі күні жанармай құю станцияларында дизель отыны бағасы өсуінің бірнеше факторларға байланысты болып отырғанын атап өтті.


Сонымен, басты себеп – дизель отынын тұтыну көлемінің артуы. Бұл өндірілген отынның басым бөлігінің ауыл шаруашылығы және темір жол салаларын қамтамасыз етуге жұмсалып отырғанына байланысты.
Сұраныстың артуының енді бір себебі Қазақстан арқылы өтетін транзиттік жүк тасымалының маусымдық өсуімен және осы ретте ішкі нарық пен көрші елдердің шекаралас аймақтарындағы бағаның айырмашылығына байланысты отынның шекара асып кетуі болып отыр.
Сонымен қатар, «Бензин (авиа-циялық бензинді қоспағанда) мен дизель отынына арналған акциздер мөлшерлемелерін бекіту және Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдерінің күші жойылды деп тану туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің биылғы 6 сәуірдегі №173 қаулысына сәйкес дизель отынына арналған акциз мөлшерлемесі ағымдағы жылғы 1 маусымнан бастап 1 литр үшін 7,7 теңгеге көтерілген.

Биылғы жылдың көктемгі егіс жұмыстарын тұрақты жүргізу үшін ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін дизель отынымен қамтамасыз ету мақсатында Энергетика министрлігі Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп, «Көктемгі егіс жұмыстарына дизельдік отынды жеткізу бойынша мұнай өңдеу зауыттарына облыстарды бекітіп беру кестесін» жасап, бекітті.
Ауыл шаруашылығы министрлігі жыл сайын облыс әкімдіктерімен бірлесіп, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне (АШТӨ) қажетті мұнай өнімдерінің көлемін анықтап, Энергетика министрлігіне көктемгі егін салу және күзгі астық жинау жұмыстарын жүргізу үшін диқан қауымына қажетті дизельдік отын көлемін жеткізу туралы ұсыныстар енгізеді.
Биылғы жылдың шілде айындағы жеткізу жоспары 112,2 мың тонна болса, оның бүгінге дейін ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне 90,2 мың тоннасы жөнелтілген. Бұл – жоспарлы көлемнің 80,4 пайызы. Отын жөнелту ақы төленуіне байланысты тұрақты түрде жүзеге асырылады.
Мұнай өнімдерінің қоры қаншалық дегенге келсек, 6 тамыздағы жағдайға сәйкес дизель отынының жиынтық қоры 255,8 мың тоннаны құрайды. Оның ішінде республиканың мұнай қоймаларындағы көлемі – 193,1 мың тонна. Сонымен қатар, АИ-92 бензинінің қоры 347,9 мың тонна, оның ішінде еліміздің мұнай қоймаларындағы қор 299,7 мың тоннаны құрайды.

Қазақстан мен Ресей шекарасында импортталған дизель отыны бағасы 238 461 теңгені (жеткізу және сақтауды қоспағанда) құрайды. Бұл ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне босатылатын баға деңгейінен 58 461 теңгеге және ішкі нарықтағы бағадан 28 364 теңгеге қымбат (Аргус, Каспий нарығы көрсеткіші).
Баспасөз мәслихатына қатысушы салалық мекемелер өкілдері келтірген осынау мәліметтерді негізге алар болсақ, мұнай өнімдері қорын ұсынушылардың тарапынан ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне айтарлықтай жеңілдік жасалып отырғанын байқауға болады.
Осы орайда Энергетика министр-лігінде ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері үшін дизель отынына арзандатылған бағаларды заңды түрде бекітетін құзыреттілік жоқ екенін атап өткен жөн. Ауыл шаруашылығына қажет арзандатылған дизель отынының құнын ресурс иелері нарықтағы ойыншылармен келісу арқылы анықтап, өз еріктерімен бекітеді.
Мұнай өңдеу зауыттарынан ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері үшін дизель отынын жөнелту заң деңгейінде басымдық берілген негізде жүзеге асырылады. Отын жөнелту барысына тәулік бойы бақылау мен мониторинг жүргізілетіндігін атап өткен жөн.


Ауыл шаруашылығы өндіруші-лерін дер кезінде жанар-жағармаймен қамтамасыз ету мақсатындағы жоғарыда аталып өткен шаралар биылғы егіс жұмыстарының ойдағыдай жүргізіліп, диқан қауымының төккен маңдай терінің нәтижесі – күзгі астық жинау науқанының табысты аяқталуы үшін энергетика министрлігі тарапынан жан-жақты жұмыс жасалып отырғанын көрсетеді.
Егін шаруашылығының маусым-дық сипатына қарай науқандық жұмыстар тұсында жылда қайталанып отыратын жанар-жағармайдың қымбатшылығына орай өзгелерде баға қалай екен деген сұрақ туындайтыны анық. Осы ретте Global Petroleum Prices халықаралық агенттігінің биылғы 30-шілдедегі мәліметіне сәйкес, Қазақстан бензині арзан елдердің ішінде 10-шы орында, ал дизель отыны бойынша – 167 елдің ішінде 13 орында тұр. Әлем елдері ішінде ең қымбат бензин – Сауд Арабиясы, Араб Әмірліктері, АҚШ, Ресей және Әзірбайжан елдерінде. Тек 9 елде бензин арзан (Венесуэла, Иран, Кувейт, Түркіменстан бастаған), дизель отыны 12 елде арзан (оның ішінде Венесуэла, Иран, Сауд Арабиясы, Әзербайжан, Түркіменстан бар). Рейтинг ай сайын құралады, мәліметтер ашық түрде таратылады.

Рымтай САҒЫНБЕКОВА


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру