Валюта бағамы: $ 360.71 411.53 5.38 ¥ 52.62

Нақты қажеттіліктер ескерілуі тиіс

Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының іске асырылу барысы, Ұлттық бірыңғай тестілеудің және оқуға түсу емтихандарының қорытындылары талқыланды. Жиында сондай-ақ «Экспо-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінің жобаларын енгізу мен пайдалану жайы қаралды.

Биыл 8 индикатор, 52 көрсеткіш, 148 іс-шараны орындау көзделген. Білім беру ведомствосының басшысы Е.Сағадиев олардың ойдағыдай атқарылып жатқандығын айтып өтті. Соның ішінде 3-6 жастағы балаларды мектепке дейінгі білім берумен қамту 93%-ті құрайды. Ағымдағы жылдан бастап 25 қала мен 6 ауданда балабақшаларға электронды түрде жолдама беру іске қосылған. Жыл соңына дейін аталған жүйеге барлық облыстар көшіріледі. Орта білім беруде жаңартылған мазмұнға көшу жалғасуда. Екі жылда шамамен 150 мың мұғалім жаңартылған бағдарламалар бойынша курстардан өтті. Жаңартылған мазмұн бойынша сабақ беретін 205 мың мұғалімнің жалақысы 30%-ке көбейді. Педагогтарды аттестаттаудың жаңа жүйесі енгізілді.
Елбасының тапсырмаларына сәйкес техникалық және кәсіптік білім беру саласында мемлекеттік білім беру стандарттары толығымен жаңартылып, барлық мамандықтар бойынша 245 модульдік бағдарламалар әзірленді. Сөйтіп, колледждерге бағдарлама мазмұнын жұмыс берушінің талабы бойынша 50%-ке дейін және қосарлы білім беру кезінде 80%-ке дейін өзгертуге мүмкіндік берілді. Ерекше білім беруді қажет ететін жандар үшін техникалық және кәсіптік білімге еркін қол жеткізу бойынша жол картасының жобасы әзірленді.
Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беруде жұмыс бәсекеге қабілетті кадрларды дайындауға, білім, ғылым және инновацияны интеграциялауға бағытталған. Бұл ретте мемлекеттік жоғары оқу орындарының ректорларын тағайындау кезінде ашықтық пен басты талаптар сақталуда. Ағымдағы жылы 10 қазақстандық ЖОО әлемнің үздік университеттерінің QS WUR рейтингіне енді.
Президенттің Бес әлеуметтік бастамасын іске асыру аясында биыл мемлекеттік тапсырыс көлемі 20 мың орынға артты. 2022 жылға дейін студенттер жатақханаларында 75 мың орын әзірлеу жоспарланған. Қазіргі күні әкімдіктер 140 жер телімінің бар екенін растады.
Биыл талапкерлер үшін тестілеуден өту рәсімдерін жетілдіру мақсатында өзгерістер енгізілді. Мәселен, оған әр бітірушіге ҰБТ сертификатымен бірге ақпараттық парақ беру кіреді. Онда сол баланың таңдаған профиліне сәйкес бара алатын мамандықтар тізімі, әр мамандыққа бөлінген грант саны, сондай-ақ өткен жылғы грант конкурсының өту балы көрсетілген. Сонымен қатар ҰБТ-ға белгілі жағдайға байланысты қатыса алмаған бітірушілерге келесі лекте немесе кешенді тестілеу аясында тест тапсыру мүмкіндігі берілді. Қабылдау кезінде бірыңғай колл-орталық іске қосылды. ҰБТ-ға 98 мыңнан астам адам қатысты.
Мәселені қарау қорытындысын шығара отырып, Үкімет басшысы кәсіби бағдарлау және тәрбие жұмыстарының жеткіліксіздігі жастардың жұмыссыз жүруіне, олардың әлеуметтік оқшаулануының өсуіне әкелетінін айтып, осыған байланысты Білім және ғылым министрлігіне әкімдермен, «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, жұмыссыз жүрген жастарды кәсіптік білім берумен, қысқа мерзімді оқытумен, бейресми және қосымша білім берумен қамту бойынша жүйелі шараларды қабылдауды тапсырды.
Сонымен қатар жоғары оқу орындарында және колледждерде алатын мамандықтар экономика салаларының, әсіресе цифрлық саланың қажеттіліктеріне үнемі сәйкес келе бермейді. Сондықтан Білім және ғылым, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктері әкімдермен бірлесіп экономиканың кадрларға деген нақты қажеттіліктерін ескерумен білім беру бағдарламаларын жетілдіру бойынша бірлескен жұмысты жалғастыруы тиіс. Б.Сағынтаев халықпен байланысты реттеуді, оқушылардың көпшілігінің, мұғалімдердің және ата-аналардың мүдделерін қозғайтын жаңалықтар бойынша түсіндіру жұмыстарын уақытылы жүргізуді тапсырды.
«Экспо-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінде көрсетілген жобаларды енгізу және пайдалану туралы баяндаған энергетика министрі Қ. Бозымбаевтың айтуынша, қазіргі таңда енгізу үшін 115 технология іріктелді. Әкімдіктер мен компаниялар осы технологияларды бекітілген жол карталарына сәйкес енгізу бойынша белсенді жұмыстар жүргізіп жатыр. Олар дәстүрлі отынды пайдалануды азайтуға, қалалық ортаны жақсартуға және атмосфераға зиянды шығарындыларды азайту арқылы қоршаған ортаны жақсартуға мүмкіндік беретін 16 технологияны енгізді.
Отандық технологиялардың қатарында ғалым А.Әлімғазиннің «SN-62 маркалы жылу сорғысы» жобасы Қостанай облысының әкімдігімен Әулиекөл ауданында күн энергиясы есебінен суды тікелей жылыту үшін енгізілді. Ғалым А.Болотовтың «Болотовтың жел роторлы турбинасы» жобасы Қостанай облысының әкімдігімен енгізілді. Ғалым А.Жылқашинованың Экспо көрмесінде көрсетілген «Қуаты 500 кВт бөгетсіз тиімді шағын-СЭС» жобасы Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласындағы Кедровка өзенінде іске асырылатын жобалардың тізіміне енгізілді. Ал ғалым Д.Байсейітовтің «Гелиоколлекторлар пайдаланылатын гелиоқазандықтар» жобасын «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ биыл енгізуді жоспарлап отыр.
Премьер-министр бұл бағытта барлық облыстарда жұмыс бірдей деңгейде жүргізілуі тиістігін айтты. Осы ретте өңірлер мен Астана, Алматы, Шымкент қалаларының әкімдіктеріне, сондай-ақ ұлттық басқарушы холдингтер мен компанияларға озық технологияларды енгізу жұмыстарын барынша жандандыру тапсырылды.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру