Валюта бағамы: $ 371.31 419.32 5.59 ¥ 53.83

Зауыттарға «ақ күн» туды

Еліміздің қорғаныс-өнеркәсіптік кешені бойынша жүйе құраушы кәсіпорындар саналатын Оралдағы байырғы кәсіпорындарды мемлекеттік тапсырыстармен қамтуда іркілістер жиі кездеседі. Бұл саладағы зауыттар әуелден-ақ қорғаныс саласының қажетін өндіруге маманданған. Сондықтан да олар өзге өнім түрлерін өндіруге көшіп те кете алмайды.

Биыл мамыр айында Ақ Жайық өңіріне жұмыс сапарымен келген Елбасы нақ осы зауыттарға қатысты көкейтесті мәселелерді шешуге Үкімет басшысына тиісті тапсырмалар берді. Содан бергі уақытта бұл мәселе қалай шешілуде, зауыттар қосымша мемлекеттік тапсырыс алды ма деген сауалдарға жауап іздедік.
– Елбасы тапсырмасы бойынша Үкіметте премьер-министрдің бірінші орынбасары Асқар Маминнің төрағалығымен батысқазақстандық жүйе құраушы кәсіпорындар бас-шыларының қатысуымен төрт мәрте кеңес өткізілді. Осындай басқосулардың барысында өндіріс ошақтарының түйткілді мәселелері жан-жақты талқыланып, министрліктерге, орталық мемлекеттік құрылымдарға тиісті тапсырмалар берілді, – деді облыстық кәсіпкерлік және индустриялды-инновациялық даму басқармасының басшысы Арман Жалмағамбетов.
Оның айтуынша, бүгінде мемле-кеттік тапсырыстарға қатысты түйт-кілді түйін шешіліп, зауыттарға «ақ күн» туды. Маусым айында Орал қаласында Қорғаныс министрлігінің тиісті құрылымдарымен бірге «Зенит» Орал зауыты» АҚ және «Гидроприбор» ҒЗИ» АҚ-ны мемлекеттік қорғаныс тапсырыстарымен қамтамасыз ету мәселесін талқылаған көшпелі кеңесі өткізілген. Соның нәтижесінде биыл «Гидроприбор» базасында екі катерді және «Зенит» зауытында «Барыс» жобасымен жасалған кемелерді жөндеуге тапсырыстар беру жөнінде шешімдер қабылданған.
Қорғаныс министрлігі 2019-2021 жылдары еліміздің әскери-теңіз күштерінің кеме-катерлеріне техникалық қызмет көрсетуге тиісті қаржы бөліп, бұл тапсырыстарды «Зенит» пен «Гидроприбор» кәсіпорындарына беретін болды. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметімен Қаржы министрлігіне алдағы үш жылда «Зенит» зауыты үшін екі «Айбар» кемесінің, бір «Қайсар» жүрдек катерінің құрылысына және шекара күзетіне бір кеме құрастыруды бастауға, сондай-ақ аталмыш қос кәсіпорында кеме-катерлерді жөндеуге, оларға техникалық қызмет көрсетуге қосымша бюджеттік тапсырыстар енгізілді. Сонымен қатар бұл жылдары «Гидроприбор» шекара күзетіндегі бес «Сапсан» катерін жөндеумен айналысады. Бұған да қаржы бөлуге тапсырыс берілді. «Осылайша қос зауыт үш жыл мерзімге тапсырыстармен қамтылып, олардың жүктемесі ұлғаяды», – деді Арман Жалмағамбетов.
Энергетика министрлігі «Конденсат» АҚ-мен аталмыш акционерлік қоғамды ішкі нарықтарға мұнай өнімдерін жеткізуді арттыру үшін қажетті шикізатпен қамтамасыз ету жөнінде меморандумға қол қойды. Осы меморандумның шарттарына сәйкес кәсіпорын жылына 218 мың тонна болатын К5 экологиялық дизель отыны өндірісі жобасын аяқтады.
Биылғы жылдың маусым айында Энергетика министрлігі «Конденсат» АҚ-ның мұнай өңдеу зауытына магистралды мұнай құбырлары мен теміржол арқылы қазақстандық өндірушілердің мұнайын жеткізудің кестесін бекітті. Соған орай, осы жылдың шілде айына 15 мың тонна көлемінде сынамалық квота бекітілді.
«Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» АҚ базасында қазақстандық жаңа арнайы өнімдер өндірісі мәселесі де шешімін табуда. «БҚМК» АҚ-ның арнайы өнімдерінің үлгілері «KADEX-2018» халықаралық қару-жарақ және әскери-техникалық мүлік көрмесінде көрсетілді. Қазіргі уақытта «Омега» зауытының бұрынғы қуаты жоқ, өнім шығармайды. Кәсіпорын базасында жеке инвестицияға мемлекеттің қолдау-көмегінің арқасында трансформатор зауыты ашылғаны мәлім. Бұл өндіріс ошағы бұрынғы зауыттың бір цехына ғана иелік етеді. Сондықтан «Омеганың» бос тұрған ғимараттарында жаңа өндіріс орындарын ашуға мүмкіндік бар. Жаңа зауыттың басшылығы «Омеганың» 100 пайыз акциясын сенімді басқаруға алуға сұрап жүр. Бұған қатысты мәселе де өз шешімін тапты. Биылғы 13 маусымдағы Үкіметтің қаулысымен аталмыш кәсіпорыннан құпиялылық режимі алынды. Енді «Самұрық-Қазына» ҰК» АҚ «Қазақстан инжиниринг» ҰК» АҚ-мен бірге «Омеганың» мүлкіне бағалау жұмыстарын жүргізіп, оны бәсекелестік ортаға беру үшін желілік кестеге сай электрондық саудаға шығарады. Жариялылық, ашықтық негізінде өткізілетін электрондық сауда кімнің, қай компанияның мерейі үстем болатынын анықтайды.

ГҮЛБАРШЫН ӘЖІГЕРЕЕВА


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру