Валюта бағамы: $ 360.71 411.53 5.38 ¥ 52.62

БЖЗҚ: Активтер табыстылығы жоғары

Зейнетақы жарнасын аударған еңбекке қабілетті әрбір азаматтың көңілінде бір алаң болып келген Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының жағдайы соңғы уақытта жақсарып, табыстылығы біршама арта түсті деген жағымды жаңалықтармен сипатталуда. Қордың мәліметтеріне қарағанда, биыл 1 шілдеге зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы 8,4 триллион теңгені құрап, жыл басынан бері 663,6 млрд теңгеге немесе 9 пайызға өскен. Алғашқы жартыжылдықтың қорытындысы бойынша зейнетақы активтерінің табыстылығы инфляциядан жоғары болды.

Биылғы жылдың алғашқы жартысында салымшылар мен алушылардың зейнетақы шоттарына есептелген таза инвестициялық табыс сомасы 356,4 млрд теңге болды. Былтырғы жылдың сәйкес кезеңінде бұл көрсеткіш 205,7 млрд теңге болған еді. Жыл басынан бері табыстылық 4,5 пайызға жетті. Бұл кезеңде инфляция деңгейі 2,6 пайыз болды. Ал жылдық тұрғыда алып қарайтын болсақ, Қордың зейнетақы активтерінің табыстылығы өткен жылдың 1 шілдесі мен биылғы 1 шілде аралығында 9,5 пайызды құрады. Бұл кезеңдегі инфляция деңгейі 5,9 пайыз болды.
Биыл алғашқы алты айдың ішінде зейнетақы жарналары бойынша түсімдердің жалпы сомасы 407,5 млрд теңгеге (кері қайтарылған жарналарды есепке алмағанда) жетті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда (366,4 млрд теңге болған) 11 пайызға жоғары. Бұл ретте түсімдердің негізгі үлесі міндетті зейнетақы жарналарына тиесілі.
Жалпы, биылғы алғашқы жартыжылдықтың қорытындысы бойынша Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына зейнетақы жарнасын аударған адамдар саны 5,6 миллионнан асты. Олардың 70 пайызы (шамамен 4,1 млн адам) зейнетақы жарналарын жылына кемінде алты рет аударады. Бұл ретте олардың төлеген міндетті зейнетақы жарналарының сомасы 407,4 млрд теңге болды. Салыстырып қарайтын болсақ, былтыр 5,9 миллионнан астам салымшы БЖЗҚ-ға жалпы сомасы 756,1 млрд теңгеге міндетті зейнетақы жарналарын аударды. Бұл 2016 жылғы көрсеткіштен 8 пайызға жоғары.
Қор экономикалық тұрғыдан белсенді тұрғындарды жинақтаушы зейнетақы жүйесіне тарту және зейнетақы жарналары бірнеше жыл бойы түспеген шоттарды белсенді ету мақсатында оларды өңдеу жұмыстарын қолға алды. Осы шаралардың барысында салымшылардың дерекқорында 2015-2017 жылдар аралығында ашылған, бірақ содан бері бірде-бір рет жарна түспеген немесе тұрақты түсіп тұрмаған шоттар анықталды. Биыл ақпан-маусым айлары аралығында 218,4 мыңнан астам салымшымен байланыс орнатылып, 29 мыңға жуық адам қосымша ақыл-кеңес алу үшін қорға хабарласқан. Ал 50,65 мың шотқа жарналар аударылды.
Экономикалық тұрғыдан белсенді азаматтардың барлығын жинақтаушы зейнетақы жүйесімен қамту мақсатындағы жұмыстардың бір бағыты орталықтан шалғай жатқан шағын елді мекендердің тұрғындарына қатысты. Осы ретте 2015 жылдан бері салымшылар мен алушыларға көшпелі қызмет көрсету жолға қойылды. Егер салымшы немесе алушы қандай да бір себеппен, бірінші кезекте денсаулығына байланысты қор кеңсесіне келе алмайтын болса, қор қызметкерлері оған өздері барып қызмет көрсетеді. 2018 жылдың алғашқы жартысында осы жоба аясында 3,9 мың көшпелі шара ұйымдастырылып, 93,4 мың операция жүзеге асырылды.
Шалғайда орналасқан елді мекендерде, сондай-ақ қор бөлімшелері жоқ аудандарда зейнетақы қызметінің қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында биыл екінші тоқсанда «Мобильдік кеңсе» жобасы іске қосылды. Қажетті техникалармен және жерсеріктік байланыс құралымен жабдықталған «Мобильдік кеңсе» 16 сәуір мен 30 маусым аралығында, яғни үш ай ішінде 75 рет жолға шықты. Арнайы әзірленген жоспар мен кестеге сәйкес жасалған сапарлар барысында 5,1 мыңнан астам адамға қызмет көрсетіліп, 6,3 мыңнан астам операция орындалды. Сонымен қатар көшпелі қызмет көрсету барысында 2,3 мыңнан астам жергілікті тұрғынға ақыл-кеңес берілді. Бүгінде «Мобильдік кеңсе» жобасы Алматы, Атырау және Қостанай облыстарында жүзеге асырылуда. Қазіргі уақытта жобаны Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан және Оңтүстік Қазақстан облыстарында іске қосу жұмыстары жүргізілуде. Ал, келесі жылы Қарағанды, Қызылорда, Ақтөбе, Ақмола, Жамбыл, Павлодар және Солтүстік Қазақстан өңірлерінде жүзеге асыру жоспарлануда.
Биыл алғашқы алты айда БЖЗҚ-дан төленген зейнетақы төлемдерінің сомасы 100,9 млрд теңге, оның ішінде сақтандыру ұйымдарына жасалған аударымдар 8,8 млрд теңге болды. Кесте бойынша төлемдер 63,4 млрд теңгені құрады, оның ішінде: жыл сайын – 61,9 млрд теңге, үш ай сайын – 11,9 млн теңге және ай сайын – 1,5 млрд теңге төленген. Сонымен қатар, БЖЗҚ жалпы сомасы 28,6 млрд теңгеге бір жолғы төлемдерді жүзеге асырды. Оның ішінде зейнеткерлік жасқа толуға байланысты берілген біржолғы төлемдер сомасы – 1,6 млрд теңгені құрады. Салыстырып қарайтын болсақ, өткен жылдың сәйкес кезеңінде БЖЗҚ-дан 121,2 млрд теңге, оның ішінде сақтандыру ұйымдарына 14,7 млрд теңге төленді. Жалпы төлемдер көлемінің азаюы төлемдерді ай сайын жүзеге асыру тәртібін енгізуге байланысты орын алып отыр. Бұл өз кезегінде төлемдерді алу уақытын ұзартуға және алушылардың жиынтық зейнетақысының көлемін арттыруға септігін тигізеді. Сақтандыру ұйымдарына жасалатын аударымдар көлемінің азаюына бірнеше себеп бар. Атап айтар болсақ, олар: сақтандыру аннуитеті шартын жасасу үшін лайықты болатын соманың өсуі, зейнетақы жинақтарының сақталуына қатысты мемлекеттік кепілдіктен айырылу, сақтандыру компанияларының ұсынатын шарттарының өзгеруі және басқа да себептер.
1 шілдедегі жағдай бойынша 8,45 триллион теңгені құраған зейнетақы активтерінің 46,7 пайызы Қазақстанның мемлекеттік құнды қағаздарына, 14,22 пайызы еліміздің екінші деңгейдегі банктерінің қаржы құралдарына (облигациялар – 14,22 және депозиттер – 3,71 пайыз), 10,22 пайызы – шет мемлекеттердің мемлекеттік құнды қағаздарына, ал 8,66 пайызы – квазимемлекеттік ұйымдардың облигацияларына инвестицияланған.
БЖЗҚ зейнетақы активтері есебінен сатып алынған осы және өзге де қаржы құралдары теңгеде – 67,89%, АҚШ долларында – 31,60% және Ресей рублінде – 0,41%.
Биылғы 1 шілдеге қарай рейтингі «ААА»-дан «BBB-»-қа дейін болатын, тәуекелі ең төмен қаржы құралдарының үлесі өткен жылдың 1 сәуіріндегі көрсеткішпен салыстырғанда 64,35 пайыздан 74,82 пайызға өсті. Бұл ретте зейнетақы активтерінің 14,28 пайызы ұстамды дәрежедегі тәуекелі бар (рейтингі «ВВ+»-тен «В-»-қа дейін) қаржы құралдарына орналастырылды. Рейтингтік бағасы жоқ қаржы құралдарының сомасы 798 млрд теңгені құрады. Дегенмен бұл қаржы құралдарын шығарған эмитенттер парапар кредиттік рейтингке ие.
БЖЗҚ инвестициялық декларациясында көзделген зейнетақы активтерінің инвестициялық қоржынының валюталық бөлігіне қатысты жаңа стратегиялық үлестірім аясында биыл 12 наурызда Ұлттық банктің сенімгерлік басқаруындағы зейнетақы активтерінің бір бөлігі (220 миллион АҚШ доллары) «Дамушы нарықтардың ғаламдық облигациялары» мандаты бойынша Aviva Investors Global Services Limited сыртқы басқарушысына берілді.

Рымтай САҒЫНБЕКОВА


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру