Валюта бағамы: $ 360.71 411.53 5.38 ¥ 52.62

Ақтоғай өсім қозғалтқышына айналды

КAZ Minerals өндірістік іс-қызметінің  нәтижелерін жариялады

Жаңа заман инфрақұрылымында жылу мен электр қуатын үздік өткізуші – мысқа деген қажеттілік арта түседі. Күнделікті тұрмысымызбен тығыз байланысты қызыл металл қолданысы өнеркәсіптік жабдықтар өндірісінде, көлік пен коммуникацияда да кең тараған. Осындай жалғаспалы сұранысты өтеу үшін нарықта әлемдік деңгейдегі ұзақмерзімді жобалармен тұрақтаған ірі мыс өндіруші компаниялардың бірі – KAZ Minerals.

Қазіргі кезде бүкіл әлемдегі кеніштерде мыс үлесінің азаюы байқалуда. Сарапшылардың пайымдауынша, 2025 жылға қарай мыс нарығындағы жетіспеушілік 1,5 миллион тоннаны құрап, бұл цифр әрі қарай ұлғая бермек.

Оған қоса, әлемдегі жаңа мыс кен орындары шектеулі және оларды игере алатын компаниялар да санаулы. Осы үдерістер аясында еліміздегі заманауи, азшығынды тау-кен өндірісін дамытуға бағытталған, өсу әлеуеті зор мыс өндіруші компания – КAZ Minerals тобы мысқа қатысты жағымды болжаммен, тұрақты өндірістік көрсеткіштерімен, жаңа жобаларды іске қосумен өсім стратегиясын жалғастырып отыр. Компания операциялық қызметін Павлодар мен Шығыс Қазақстан облыстарында орналасқан Бозшакөл және Ақтоғай кен байыту кешендерінде, сондай-ақ Шығыс Қазақстандағы үш кеніш пен үш кен байыту фабрикаcында, бұдан өзге, Қырғызстандағы Бозымшақ мыс-алтын кенішінде жүргізуде. Дәл осы Бозшакөл мен Ақтоғай өндірістік кәсіпорындары – саладағы ең қарқынды даму көрсеткіштерін қамтамасыз етіп, KAZ Minerals-ты қорының басым бөлігі әлемдік деңгейдегі ашық түрдегі кеніштерден тұратын компанияға айналдыратын болады. Тіпті операциялық шығындары бойынша Бозшакөл халықаралық мыс өндіруші кәсіпорындар арасында бірінші квартильге кіреді. Ондағы кен байыту фабрикаларының жылдық толық қуаты – 30 млн тонна. Кенішті пайдаланудың қалған мерзімі – 39 жыл болса, кендегі мыс құрамы 0,35%-ке тең. Өндіріс көлемі – алғашқы 10 жылда жыл сайын 100 мың тонна катод эквивалентіндегі мысты және 120 мың унция концентраттағы алтынды құрайды.
Карьер типтес ірі ауқымды Ақтоғай кеніші де Бозшакөлге ұқсас. Мыс мөлшері оксидті кен бойынша – 0,36% және сульфидті кен бойынша 0,33%-ті қамтитын кеніш әлі 28 жылдай игеріледі. Мұндағы оксидті кеннен катодты мысты өндіру осыдан екі-үш жыл бұрын басталды, артынша сульфидті кеннен алғашқы мыс концентраты өндірілді. Осы сульфидті кенді қайта өңдейтін бірінші кен байыту фабрикасының жылдық қуаты есептегі деңгейге жеткенде 25 млн тоннаны құрайды. Сульфидті кенді қайта өңдеу көлемі 2021 жылдың соңына дейін екінші кен байыту фабрикасы өндірісін бастағанда екі еселеніп, 50 млн тоннаға дейін жететін болады. Ақтоғай кен орнының операциялық шығындары халықаралық мыс өндіруші кәсіпорындар арасында бәсекеге қабілетті болып табылады. Кен орнының өндіріс көлемі – 2021 жылға дейін орта есеппен сульфидті кеннен өндірілетін 90 мың тонна мысты құрайды. Екінші кен байыту фабрикасы өндірісті бастағаннан кейін 2022-2027 жылдары сульфидті кеннен жыл сайын шамамен 170 мың тонна, сондай-ақ 2025 жылға дейін оксидті кеннен жыл сайын шамамен 20 мың тонна мыс өндіріледі деп күтілуде. Бүгінде KAZ Minerals PLC компаниясының құнды қағаздары Қазақстанның, Лондонның және Гонконгтың қор биржаларында айналымда. Топта шамамен 13 000 адам жұмыс істесе, олардың басым бөлігін жергілікті азаматтар қамтуда.
Компания өткен жылы 259 мың тонналық мыстың жалпы өндіріс көлеміне қол жеткізіп, ілеспе өнім ретінде 58 мың тонна концентраттағы мырыш, 179 мың унция алтын мен 3,506 млн унция күміс өндірген болатын. Ағымдағы жылдың алғашқы жартысы да KAZ Minerals үшін табысты қорытындыланды. Топтың бірінші жартыжылдықтағы өндірістік іс-қызметінде 139,6 мың тонна мыс алынды. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 18%-ке – 118 мың тоннаға көп. Өсімге Ақтоғайдағы сульфидті кендерді өңдейтін кен байыту фабрикасының былтырғы жылмен салыстырғандағы арта түскен өткізу мүмкіндігі ықпал еткен. Жалпы алғанда, биылдың бірінші жартысында Павлодар облысындағы Бозшакөл КБК-де 49,8 мың тонна, Шығыс Қазақстан облысындағы Ақтоғай КБК-де – 60,5 мың тонна, Шығыс өңір мен Қырғызстандағы Бозымшақ кенішінде – 29,3 мың тонна мыс өндірілді.


Бозшакөл Тау-кен жұмыс-тарын жүргізу жоспарына сәйкес бозшакөлдік кеннің құрамындағы мыстың орташа үлесі бірінші жарты жылда өткен жылдың осындай кезеңіндегі 0,56%-тен 0,49%-ке төмен болды. Сәйкесінше, мыс өндірісінің көлемі былтырдың осы кезеңімен салыстырғанда 4%-ке азайды. Тоқсанға шақ-қанда мыс өндірісінің 15%-ке қысқаруына кендегі металл үлесінің кемуі, өздігінен жартылай ұсақтау диірменінің қаптамасын ауыстыруға байланысты сульфидті кендерді өңдейтін БФ-ның өткізу мүмкіндігінің төмендеуі және каолин балшығы бар кендерді өңдеу үлесінің артуына орай жалпы бөліп алу коэффицентінің төмендеуі әсер еткен. Алтынға келсек, бұл бағалы металдың өндірісі ағымдағы бірінші жартыжылдықта 62,3 мың унцияны құрап, былтырғы жылдың бірінші жартысына сәйкес келеді. Өңдеу көлемінің артуы кен құрамындағы алтын мөлшерінің 0,31 гр/т-дан 0,26 гр/т-ға дейін төмендеуінің орнын толтырды. Биылдың алты айында күміс өндірісі 340 мың унция болып, өткен жылғы сәйкес мерзім өндірісінің көлемінен 6%-ке аз болды. Бұл да кендегі мөлшердің 1,58 гр/т-дан 1,33 гр/т-ға дейін азаюы салдарынан орын алды. Екінші тоқсанда Бозшакөлде молибден концентратының аз мөлшері өндіріліп, оның үлгілері әлеуетті клиенттерге бағалау үшін жолданды. Бірінші жарты жылда мыс өндірісі 50 мың тоннаға таяу болғандықтан, Бозшакөл 95-105 мың тонна көлеміндегі жылдық көрсеткіштерге жету жолында келеді. Яғни, өткізу мүмкіндігінің жоғары болуы екінші жыртыжылдықтағы төмен мөлшердің орнын толтырады. Ал алтын мен күмістің жылдық өндірісі сәйкесінше 115-125 мың және 500 мың унция көлеміндегі көрсеткіштерге жетеді деп көзделген.
Сондай-ақ Ақтоғай БФ-да өңделген сульфидті кеннің құрамындағы мыстың мөлшері 2018 жылдың бірінші жартысында былтырғы жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 0,75%-тен 0,62%-ке дейін кеміді. Дегенмен бұл көрсеткіш супергенді байытылған кенді өңдеудің арқасында кен денесіндегі 0,33%-тік мөлшерден жоғары болып отыр. Сульфидті кеннен мыс өндіру 49 мың тоннаға жетіп, былтырғы жылдың бірінші жартысымен салыстырғанда 117%-ке – 22,6 мың тоннаға артық болды. Өсімге өңдеу көлемінің 110%-ке артуы және жоғары мөлшер мен бөліп алу әсер етті. Сульфидті кенді өңдейтін БФ өндірісті арттырудың айтарлықтай деңгейіне жетіп, бір ай бойы 100%-тік өткізу мүмкіндігін сақтап отырды. Орта есеппен екінші тоқсанда фабриканың қуаты 89% болды. Биылдың бірінші жартысында Ақтоғайдағы оксидті кендерді өңдейтін кешенде 11,5 мың тонна катодты мыс өндірілді. Бұл былтырғы жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 11%-ке жоғары. Қазіргі уақытта оксидті кешен толық қуатында жұмыс істеп тұр. Жылдың бірінші жартысында мыс өндірісінің жалпы көлемі 61 мың тоннағы таяу болды. Бұл 110-130 мың тонна көлеміндегі жылдық жоспарлы аралыққа жету жолындағы айтарлықтай ілгерілеу болып табылады.
Өткен бірінші жарты-жылдықта «Шығыстүстімет» ЖШС-нің кәсіпорындары мен Бозымшақ кенішінде мыс өндірісі 2017 жылдың алғашқы жартыжылдығымен салыстырғанда 29,3 мың тоннаға дейін немесе 11%-ке азайды. Бұған Орлов шахтасындағы кеннің құрамындағы мыс мөлшерінің төмендеуі және Николаев БФ жоспарлы тоқтауына байланысты өңдеу көлемінің азаюы себепші болды. Тоқсанға шаққандағы мыс өндірісі артып, бірінші тоқсандағы 14 мың тоннадан екінші тоқсанда 15,3 мың тоннаға жетті. Бұл Николаев кен байыту фабрикасында өңделген кеннің құрамындағы мыстың жоғары мөлшеріне байланысты болды. Бозымшақ толық жобалық қуатындағы жұмысын жалғастырып, бірінші жарты жылда 3,7 мың тонна мыс өндірді. Ағымдағы жылы Шығыс өңірдегі кәсіпорындар мен Бозымшақта 65 мың тонна мыс өндіру көзделген. Сондай-ақ есепті кезеңде алтын өндірісі 27,2 мың унцияны құрады. Жалпы 2018 жылы өндіріс көлемі 45-50 мың унция болады делінуде. Шығыс өңір мен Бозымшақтағы өңдеу көлемінің, кендегі металл мөлшерінің төмендеуі және бөліп алудың азаюы салдарынан 1,082 млн унция күміс өндірілді. Бұл көрсеткіш 2017 жылдың бірінші жартысында 1,282 млн унция болған еді. Ал жоспарланан жылдық көлем – шамамен 2 млн унция.

2018 жылдың бірінші жартысында концентраттағы мырыштың өндіріс көлемі Николаев кен байыту фабрикасындағы жоспарлы тоқтауға және өңделген кеннің құрамындағы металдың орташа мөлшерінің 2,63%-ке азаюына байланысты 24,9 мың тоннаға дейін төмендеді. Бұл көрсеткіш өткен жылдың бірінші жартысында 3,07% – 32,3 мың тонна болған-ды. «Шығыстүстімет» шахталарындағы кеннің құра-мындағы мырыш мөлшері өзгеріп, Артемьев шахтасында екінші тоқсанда құрамның мөлшері 0,25% деңгейінде болды. Себебі өндіріс кен денелерінің арасындағы аумақта өтіп жатыр. Жылдың екінші жартысында Николаев БФ-да құрам мөлшері жоғарылап, өндірістің артуы күтіліп отыр. Бұл концентраттағы мырыштың өндіріс көлемін ұлғайтумен 60 мың тонна көлеміндегі жылдық аралыққа жетуге көмектеседі.
Тұтастай алғанда, KAZ Minerals тобы 2018 жылдың бірінші жартысында жоғары операциялық көрсеткіштерге қол жеткізді. Топтың басқарма төрағасы Эндрю Саузам сульфидті кендерді өңдейтін Ақтоғай БФ ұзақ уақыт бойы есептік қуатына жетіп, осы деңгейде жұмыс істегенін, Ақтоғай БФ-ның жоғары өткізу мүмкіндігі мыс өндірісінің 2017 жылдың бірінші жартысымен салыстырғандағы 18%-тік өсімге себепкер болғандығын атап өтті. Қазіргі сәтте компания 270-300 мың тонна көлеміндегі жоспарлы аралыққа жету және ілеспе өнімдерді өндірудегі көрсеткіштерді орындау бағытында қарқынды жұмыс жүргізуде.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру