Валюта бағамы: $ 363.26 420.11 5.54 ¥ 52.45

Инфляцияны күткен күн

Жетпісбай Бекболатұлы,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ кафедра меңгерушісі
e-mail: Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz

Қытымыр қыстан қысылып шыққан қаймана жұрт жаздың жадыраған күндерін тағатсыздана тосады ғой. Мамырға тұяқ іліктірген көпшілік маусым- шілде басталысымен сарылып күткен кезекті еңбек демалыстарына шығар-шықпастан жылы теңіз жағалауларына жолдама алып, қапырық ауалы қаладан ұзағырақ кетуге тырысады. Жаппай демалыстағы елдің қыруар қаржысы ақша нарығына ағылады, әлбетте. Сөйтіп, жағасы жайлаудағы жұртты жаздың жаймашуақ күндерімен бірге инфляцияның тосып тұратыны бүгінде күнделікті құбылысқа айналды.
Сонымен, статистика деректері бойынша 2018 жылғы маусымда инфляция 0,2 пайыз, жылдың басынан бері 2,6 пайыз болған. Жылдық инфляция 5,9 пайыз деңгейінде қалыптасып, 2018 жылдың соңында Ұлттық банктің 5-7 пайыз нысаналы дәлізінің ішінде тұр. Инфляцияның құрылымында жылдық көрсеткіш бойынша азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасы 8,4 пайызға, азық-түлік тауарлары және ақылы қызмет көрсету тиісінше 4,2 пайызға және 5,5 пайызға өсті. 2018 жылғы маусымда халықтың инфляциялық күтулері өзгерген жоқ. Пікіртерім нәтижелері бойынша инфляцияны бір жылдан кейін күтілетін сандық бағалау 6,0 пайыз болды. 2018 жылғы маусымдағы халықаралық резервтер және ақша агрегаттары 2018 жылғы маусымда алдын ала деректер бойынша 30,6 млрд АҚШ долларына дейін 0,5 пайызға немесе 157,2 млн АҚШ долларына төмендеді. Жалпы алғанда елдің халықаралық резервтері ұлттық қордың шетел валютасындағы активтері – 58,1 млрд АҚШ долларын қоса алғанда, 2018 жылғы маусымның соңында 88,7 млрд АҚШ доллары болды. Үкімет шоттарына валютаның түсуі және банктердің Ұлттық банктегі шетел валютасындағы корреспонденттік шоттарындағы қалдықтардың ұлғаюы қор активтерін толықтыру, үкіметтің сыртқы борышына қызмет көрсету бойынша операциялармен бейтараптандырылды. Ақша базасы маусымда 19,8 пайызға кеңейді және 5 734,2 млрд теңге болып, жыл басынан бері 3,5 пайызға немесе 195,4 млрд теңгеге кеңейді.
Екінші деңгейдегі банктердің Ұлттық банктегі мерзімді депозиттерін есептемегендегі ақша базасы 5 015,2 млрд теңгеге дейін 11,2 пайызға кеңейді. Маусымдағы ақша массасы алдын ала деректер бойынша 3,9 пайызға ұлғайып, 19 908,2 млрд теңге болды, айналыстағы қолма-қол ақша 2 059,0 млрд теңгеге дейін 6,1пайызға ұлғайды. Ұлттық банктің ақша-кредит саясаты сақталды. 2018 жылғы маусымның соңында айналыстағы ноттардың көлемі бір айда 9,1 пайызға төмендеп, 3 648,3 млрд теңгені құрады. Бейрезидент банктердегі айналыстағы ноттардың көлемі маусымның соңында 240,1 млрд теңгені немесе айналыстағы ноттардың жалпы көлемінің 6,3 пайызын құрады. Қысқа мерзімді ноттар эмиссиясының көлемі 2018 жылғы маусымда 4 797,7 млрд теңге болды. 28 аукцион, оның ішінде 3 792,6 млрд теңге сомаға 7 күндік ноттарды орналастыру бойынша 21 аукцион, 864,6 млрд теңге сомаға 1 айлық ноттарды орналастыру бойынша 4 аукцион, 29,4 млрд теңге сомаға 3 айлық ноттарды орналастыру бойынша 1 аукцион, 53,0 млрд теңге сомаға 6 айлық ноттарды орналастыру бойынша 1 аукцион және 58,0 млрд теңге сомаға 1 жылдық ноттарды орналастыру бойынша 1 аукцион өткізілді. Ұлттық банктің қысқа мерзімді ноттарын өтеу көлемі 2018 жылғы маусымда 5 190,0 млрд теңгені құрады. Сонымен бір мезгілде осыған ұқсас деңгейге дейін ресми қайта қаржыландыру мөлшерлемесі төмендеді. Орналастырылған 7 күндік ноттар бойынша орташа алынған кірістілік 8,14 пайыз, 1 айлық ноттар бойынша 8,25 пайыз, 3 айлық ноттар бойынша 8,29 пайыз, 6 айлық ноттар және 1 жылдық ноттар бойынша 8,22 пайыз болды. Қаржы министрлігінің айналыстағы бағалы қағаздарының көлемі 2018 жылғы маусымның соңында 6 937,5 млрд теңге болды. Бұл ретте кірістілік қисығының қысқа мерзімді және орта мерзімді секторларының бойымен төмендеуі және оның нысанының біртіндеп қалпына келуі жалғасуда.
2018 жылғы маусымдағы валюта нарығы 2018 жылғы маусымда теңгенің айырбастау бағамы бір АҚШ доллары үшін 330,73-341,31 теңге ауқымында өзгерді. 2018 жылғы маусымның соңында теңгенің АҚШ долларына қатысты биржалық бағамы бір айда 3,6 пайызға әлсіреп, бір АҚШ доллары үшін 341,08 теңге болды. 2018 жылғы маусымда теңге – доллар валюталық жұбы бойынша операциялардың жалпы көлемі 16,9 млрд АҚШ доллары, оның ішінде Қазақстан қор биржасындағы биржалық сауда-саттықтардың көлемі 3,0 млрд АҚШ доллары, биржадан тыс валюта нарығындағы операциялардың көлемі 13,9 млрд АҚШ доллары болды. Бір еншілес банктің валюталық тәуекелдерден меншікті капиталды хеджирлеумен байланысты операцияларының көлемі өткен аймен салыстырғанда 10,5 пайызға ұлғайып, 9,0 млрд АҚШ долларын құрады. Бұл ретте, олардың биржадан тыс сауда-саттықтардың жалпы көлемінен үлесі 65,1 пайызды құрады. Аталған операция ішкі валюта нарығындағы шетелдік валютаға сұраныс немесе ұсыныс көлеміне әсер етпейді. 2018 жылғы маусымда халық нетто-негізде 159,3 млрд теңгеге балама сомаға қолма-қол шетел валютасын сатып алды.


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру