Валюта бағамы: $ 371.31 419.32 5.59 ¥ 53.83

LeroyMerlin – Қазақстан нарығында

Бір ғасырға жуық тарихы бар әйгілі француздық «LeroyMerlin» сауда желісінің еліміздегі алғашқы дүкені Жетісу өңірінде ашылды.
Алматы облысының Қарасай ауданында француздық танымал сауда желісінің «LeroyMerlin» гипермаркеті ашылды. Сауда үйінің ашылу салтанатына Францияның Қазақстандағы елшісі Филипп Мартини, Алматы облысының әкімі Амандық Баталов және бизнес өкілдері қатысты.
Салтанатты рәсімде сөз алған облыс басшысы А.Баталов әлемдік деңгейдегі үлкен желінің Алматы облысынан ашылуы жетісулықтар үшін қуанышты оқиға екенін атап өтті.
– Жетісу өңірінде ашылған ірі гипермаркет жобасы арқылы облысымызға 6 миллиард теңге инвестиция тартылып отыр. Биылдан бастап Елбасының бес әлеуметтік бастамасының бірінші бағыты – «7.20.25» бағдарламасы бойынша тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізілетін болады. Сол үйлердің құрылысына, әрлеу жұмыстарына қажетті материалдардың барлығы осы сауда желісінің сөрелерінен табылатынына сенімдімін. Компания жетекшілері қазірдің өзінде отандық 40 тауар өндірушімен келісімшарт жасасып үлгеріпті. Соған сәйкес осы сауда орны арқылы зауыттардан тікелей тұтынушыға жеткізілетін тауар бағасының да қолжетімді болмағы – жұртшылық көңілінен шығатын құптарлық іс. Біз өз тарапымыздан бизнесті дамытуға барынша қолдау көрсете береміз және тәуелсіз жас мемлекетіміздің экономикасын бірге көтереміз, – деді Амандық Баталов.
Облыс басшысы сөзін түйіндей келіп, осынау игі іске мұрындық болған елші мырзаға, компания басшылығына ризашылығын білдірді.
Былтыр Қазақстан мен Франция арасында дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 25 жыл толды. Ал 2008 жылы біздің еліміз Орталық Азияда алғаш болып Франциямен стратегиялық ынтымақтастыққа жол ашқан еді. Бүгінде екі ел арасында сауда-экономикалық және мәдени тұрғыдағы іскерлік байланыстар серпінді даму үстінде.
Өз кезегінде Францияның Қазақстандағы елшісі Филипп Мартини биыл екі ел арасындағы стратегиялық серіктестікке 10 жыл толғанын, екіжақты тиімді әріптестіктің нәтижелі екенін атап өтті. Соның бір көрінісі – осы мерейтойлы жылда әйгілі француз сауда брендінің Қазақстан нарығына қадам басуы. Елшінің айтуынша, «LeroyMerlin» гипермаркеттер желісінің жұмыс істеп келе жатқанына бір ғасыр толатын 2023 жылға дейін Қазақстанда аталмыш сауда үйлерінің саны үшке жететін болады.
Құрылысқа арналған керек-жарақ сатумен танымал «LeroyMerlin» сауда компаниясының дүкендері жер шарының түкір-түкпірінде ашылған. Бүгінге дейін әлемнің Түркия, Грекия, Бразиля, Италия, Польша, Португалия, Испания, Қытай, Ресей, Украина сияқты 12 мемлекетінде жұмыс істейтін әйгілі француз сауда брендінің тұтынушылары қатарына енді қазақстандықтар да қосылды.
Жетісу өңірінде ашылған «LeroyMerlin» гипермаркеті – бұл әлемге танымал француздық брендтің Қазақстанда ғана емес, Орта Азиядағы тұңғыш сауда үйі. Гипермаркеттің аумағы 10 500 шаршы метр жерді алып жатыр. Мұнда тұтынушыға құрылыс және әрлеу жұмыстарына қажетті материалдар мен тауарлардың 30 мыңнан астам түрі ұсынылады. Сауда үйінің жанында 700 орындық автокөлік тұрағы бар. Ауқымды жобаның іске қосылуы өңірдегі жұмыссыздықтың азая түсуіне де ықпал етері сөзсіз. Қазіргі күні мұнда 370 адам жұмыспен қамтылып отыр.

БЕКЕТ КӨКЕНАЙҰЛЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру