Валюта бағамы: $ 378.56 424.44 5.91 ¥ 56.36

Қуатты өңірлер – өркендеу кепілі

Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапарымен Батыс Қазақстан облысында болды. Үкімет басшысы Президенттің «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік», «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» жолдауларының, «Бес әлеуметтік бастаманың», сондай-ақ мемлекеттік және салалық бағдарламалардың өңірде іске асырылу барысымен танысты.

Өңірге келген бойда Б.Сағынтаев Қазақстан аумағында орналасқан әлемдегі ең ірі мұнай кәсіпорындарының бірі – Қарашығанақ мұнай-газ конденсаты кен орнына барды. 280 км² астам аумақты қамтитын жобаның өндіру көрсеткіштері республикадағы барлық газ өндірудің шамамен 45%-ін және сұйық көмірсутектердің жалпы өндірісінің шамамен 16%-ін құрайды. Үкімет басшысы көмірсутегі өндірісінің технологиялық үдерісін бақылады. Б. Сағынтаевқа Қарашығанақ кен орнын пайдалануды кеңейту жұмыстары, сондай-ақ кәсіпорынның өндірістік көрсеткіштері туралы толығырақ баяндалды.
Бүгінде мұнай негізінен Қара теңіздегі «Оңтүстік Озереевка» портына апаратын КҚК құбыр желісі арқылы экспортталады. Сонымен қатар ҚПО Батыс Қазақстан облысы тұрғындарының қажеттіліктері үшін электр энергиясын жеткізеді.
Үкімет басшысы «Конденсат» АҚ зауытында мұнай мен газды өңдеудің технологиялық тізбегі жұмысының жалғасымен танысты. Мұнда Мемлекет басшысының қатысуымен өткен телекөпір аясында K5 экологиялық санатының бензинін шығару іске қосылған болатын. Кәсіпорынның директорлар кеңесінің төрағасы В.Жүнісов зауытты жаңғырту жұмыстары туралы, сондай-ақ өндірісті автоматтандыру және цифрландыру бойынша қабылданған шаралар туралы айтып берді. Нақтырақ айтқанда, өткен жылы зауыт жылына 850 мың тоннаға дейін кәсіпорынның қуаттылығын арттыра отырып жаңғыртылған. Жоғары білікті жұмыс орындарын ашып жатқан зауыт өңірдің мыңнан астам тұрғынына лайықты табыс әкеледі. Жаңа бензин қондырғылары іске қосылған сәттен бастап K5 жоғары экологиялық санатының 80 мың тоннадан астам бензині шығарылды. Осы кезеңде облыстық бюджетке шамамен 1 млрд теңге акциз төленді.
Бұдан кейін Премьер-министр үш ауданның жұртшылығымен «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында автокөлік жолдарын жаңғырту жөніндегі Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мәселелері бойынша кездесу өткізді. Кездесуді ашқан Б.Сағынтаев Мемлекет басшысының жалпы Батыс Қазақстан облысының дамуына, оның ішінде ел дамуының басты экономикалық драйверлерінің бірі ретінде автомобиль жолдарының жай-күйіне, және елдің өңіраралық және аймақішілік жұмылуына ерекше көңіл бөліп отырғанын атап өтті.
«Қазавтожол» АҚ басқарма төрағасы Е.Қизатов «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамыту бағдарламасының осы өңірде іске асырылуын баяндай отырып, өңір картасында жолдарды салу және реконструкциялау барысын көрсетті. Оның айтуынша, биыл жалпы құны 16 млрд теңгеден асатын сомаға 13 жобаны іске асыру қарастырылған.
Инвестициялар және даму бірінші вице-министрі Р.Скляр айтып өткендей, Батыс Қазақстан облысының жалпы пайдаланымдағы автожолдарының ұзындығы 6 496 шақырымды құрайды. Жоспар бойынша 2025 жылға қарай жергілікті маңыздағы автожолдардың 75%-і жақсартылуы тиіс. Батыс Қазақстан облысының әкімі А.Көлгінов картадан жақын арада қандай автожолдардың жөнделетінін көрсетті.
«Орал-Тасқала-Озинки РФ шекарасы» жолының салынып жатқан учаскесін тексеру барысында Б.Сағынтаев жол инфрақұрылымын жаңғырту бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға ден қойды. Сондай-ақ «Казталов-Жәнібек- Бөкей ордасы» автожолының учаскесін жөндеу барысымен танысты.
Келесі кезекте Премьер-министр «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша тұрғын үй құрылысы барысымен және «7-20-25» бағдарламасын іске асыру кезеңдерімен танысу үшін Зашаған кентінде салынып жатқан шағын ауданға барды. Көппәтерлі тұрғын үйді тексеру барысында Б.Сағынтаевқа нысан осы жылы пайдалануға берілетіні айтылды.
Орал қаласының әкімі М.Мұқаев Елбасы жариялаған мемлекеттік тұрғын үй бағдарламалары толық көлемде іске асырылып жатқанын атап өтті. Атап айтқанда, өткен жылы өңірде 3 828 тұрғын үй салынды, бұл көрсеткіш 2016 жылмен салыстырғанда 38,6%-ке жоғары болды. Сондай-ақ «7-20-25» жаңа тұрғын үй бағдарламасы аясында және жеке инвестициялар есебінен облыс орталығының төңірегінде жалпы ауданы 425 гектар болатын «Ақжайық» жаңа шағын ауданын игеру басталды. Бұдан өзге, өңірде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік қағидаттарына сәйкес, бұзылған апатты және ескі үйлердің орнына жаңа үйлер салынуда.
Әлеуметтік нысандарды аралау барысында Б.Сағынтаев мамандандырылған жаңа халыққа қызмет көрсету орталығына да кіріп, онда «бір терезе» қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтерді көрсету әдістеріне зер салды.
Жұмыс сапарының соңында Б.Сағынтаев өңір активімен және бизнес өкілдерімен облысты әлеуметтік-экономикалық дамытудың өзекті мәселелері жөнінде кездесу өткізді. Кеңесте осы жылдың мамырында Елбасының Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында берген тапсырмаларының орындалу барысына талдау жасалды.
Премьер-министр Мемлекет басшысының Қазақстанның экономикалық өсімінің жаңа моделін құру жөніндегі міндеттерін тиімді шешу үшін дамудың 12 бағыты бойынша өсімнің мақсатты индикаторларын кешенді іске асыру қажеттігін атап өтті. Б.Сағынтаев осы мақсат үшін отандық кәсіпорындардың, қызметтер мен тауарлардың дамуы мен жетілуіне баса назар аудару керектігіне, бұл өз кезегінде жергілікті мамандарды қарқынды даярлау мен оқытуды талап ететініне айрықша тоқталды.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру