Валюта бағамы: $ 360.71 411.53 5.38 ¥ 52.62

ӨЗГЕРГЕН ӨҢІР

ТІЗГІНҚАҒАР СӨЗ

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың қуатты Қазақстан мемлекетін одан әрі дамыту үшін өңірлерді өркендету жөніндегі тапсырмалары мен бастамалары Ертістің Павлодар өңірінде қаншалықты жүзеге асты? Халықты жұмыспен қамту, олардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын жақсарту мақсатында қандай игілікті істер бар? Ауыз толтырып айтуға болады, Павлодар өңірі айтарлықтай өзгерді, өндірісі мен ауыл шаруашылығы алға басты, инвесторлардың ынта-қызығушылығы артып, шағын және орта бизнес кең қанат жайды. Павлодарлықтардың әл-ауқаты мен тұрмыс-тіршілігі жақсарды.

Павлодар облысы респу-бликаның солтүстік-шығысында орналасқан. Солтүстікте – Ресей-дің Омбы, солтүстік-шығыс-та – Новосібір облыстарымен, шығыста – Алтай өлкесімен, оңтүстікте – еліміздің Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарымен, батыста – Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарымен шектеседі. Осының өзінен-ақ Қазақстан экономикасы үшін Павлодар облысының қаншалықты маңызды екенін анық бағамдауға болады. Мемлекет басшысы Ертістің Павлодар өңіріне кезекті жұмыс сапарымен келген кезде былай деген болатын: «Біздің жоспарларымыздың нақты шындыққа айналып жатқанын осы Павлодар облысынан көруге болады. Облыс сыртқы инвестициялар көлемінен алғашқы бестікке кіреді. Металлургия, химия және жеңіл өнеркәсіптегі өндіріс көлемі өсіп келеді, жергілікті кәсіпорындар жаңа өнім түрін шығаруды игеруде. Мыс кенін өндіру басталды, бұл тау-кен саласындағы өсімді үш есе арттырды».
Қазір әлемдік нарық құлдырау үстінде. Дамыған елдердің өзінде жұмыссыздар көп. Жағдайлары мүшкіл болған соң ертеңгі күндеріне елеңдеп, ереуілдетіп жатқан елдер де бар. Осының бәрі – жаһандық экономикалық дағдарыстың салдары. Бұл дағдарыстың салқыны ¬ Қазақстанға да тиді. Басқасын айтпағанда, табыс көзі болып саналатын шикізат пен өнеркәсіп өнімдерінің құны құлдырап кетті. Бірақ, дер кезінде қолға алынған мемлекеттік маңызы зор бағдарламалар мен баламалы экономика құрудың нәтижесінде кәсіпорындар жұмысын тоқтатқан жоқ. Жұмыс қолы қысқарған жоқ. Қайта жаңа жұмыс орындары ашыла бастады. Оны Павлодар облысының жағдайынан-ақ көруге болады. Павлодар мен Екібастұз және Ақсу қалаларындағы, тіпті аудандардағы кәсіпорындардың да жұмысы қазір қалыпты. Өндіріс ауқымы кеңейіп, еңбекақы мен әлеуметтік төлемдер артып, тұрмыс-тіршіліктің жақсарғанын павлодарлықтардың күнделікті өмірінен көруге болады. Жұрттың көңілі тоқ. «Ертеңгі күніміз не болар екен?» деп алаңдамайды. Өйткені, әлемдік дағдарыс басталған уақытта біздің елдегі қарапайым адамдардың күнделікті қажеттіліктері мен жаңа жұмыс орындары, лайықты еңбекақы мен тұрақтылық Қазақстан мемлекетінің басты ұстанған саясаты болды. Міне, соның жемісі, Павлодар облысының өндірісі өркендеп, ауыл шаруашылығы дамып, қалалар мен елді мекендер көркейіп, халықтың тұрмысы түзелді.
Павлодар облысының орасан зор табиғи-ресурстық және жоғары ғылыми-техникалық әлеуеті, дамыған өндірістік және әлеуметтік инфрақұрылымы бар. Осы арқылы бұл өңір Орталық Азия мен Сібір арасындағы байланыстырушы мәнге ие. Керек десеңіз, тіпті өзге елдер мен континенттердегі ауқымды өндірістердің иелері мен кәсіпкерлер Павлодар облысына қызығушылықпен қарайды. Бұл жайдан-жай емес. Өйткені, бұл өңірдің нарықтық-экономикалық болашағы мен әлеуеті өте жоғары.
Павлодар облысында шағын және орта бизнеспен, кәсіпкерлікпен айналысамын деушілерге мемлекеттік қолдау мен барлық мүмкіндік жасалған. Оның үстіне істің көзін, жай-жапсарын білетін жергілікті білікті мамандар да жеткілікті. Бұған заманауи көліктік-коммуникациялық инфрақұрылымды қосыңыз. Өңірді өркендету жөніндегі нақты бағдарламалар тағы бар. Осының бәрі шетелдік инвесторларды қызықтырмай қоймайды.
Павлодар облысы аумағында көп салалы индустриялдық кешен қалыптасқан. Өңірдің өнеркәсіптік әлеуеті ірі экспортқа бағытталған. Көмір, электр және жылу энергиясын, алюминий тотығын, ферроқорытпа өндіреді. Облыс үлесіне республикалық көмір өндірісінің 70 пайызы, ферроқорытпа өндірісінің 3/4, электр энергиясы мен мұнай өнімдері өндірісінің 40 пайызы тиесілі. Облыстағы химия, машина жасау және металл өңдеу кәсіпорындары да даму үстінде.
Екібастұздағы электр станциялары мен Ақсудағы ГРЭС – Қазақстанның энергетикалық жүрегі. Бұл электр станцияларының артықшылығы – көмір және электр мен жылу энергиясын тұтынушыларға жақын орналасуы.
Облыста тұрақты жұмыс істеп тұрған 5 000-ға жуық әртүрлі меншік нысаны бар. Аймақ ауыл шаруашылығы үшін де қолайлы. Өңірдің ауылшаруашылық алқаптарының көлемі – 11,2 млн гектар. Негізгі дақыл – бидай егін алқаптарының жартысынан көбін алады. Егістіктің 15-17 пайызы жуығы басқа дәнді дақылдарға тиесілі. Бұдан басқа, облыста картоп, көкөніс және бақша дақылдары өсіріледі.
Ертістің Павлодар өңірінде өзгеріс көп. Алға адымдап, өркен-деп келеді. Облыстың алар асуы, шығар биігі алда. Өсіп-өркендей бер, Павлодар өңірі!

ҚАЛА КӨПІРДЕН  БАСТАЛАДЫ

Ертістің Павлодар өңірінде соңғы жылдары құрылыс кең қанат жайды. Жаңа шағын аудандар мен көпірлер салынып, жолдар төселіп, инфрақұрылымдар жүргізіліп, ауылдар мен аулалар абаттанып, тұрғын жайлар мен әлеуметтік-тұрмыстық нысандар бой көтерді.
Павлодар өңірінің болашаққа жасаған жоспарына қарағанда, құрылыс жұмыстары алдағы уақытта қарқынды да ауқымды болмақ. Мұның бәрі осы мақсаттағы мемлекеттік бағдарламалардың ойдағыдай жүзеге асып жатқанын көрсетсе керек.
Әдетте «Театр киімілгіштен басталады» деп жатады ғой. Осыны сәл-пәл түрлендіріп айтсақ: «Қала көпірден басталады». Әрине, өзені болса. Павлодар – қара Ертістің жағасында жайқалып тұрған жасыл қала. Сәулетті де дәулетті. Осы шаһарды алыс-жақынмен байланыстыратын жаңа көпір салынды Ертіс өзенінің үстінен. Бұл – Орта Азияда теңдесі жоқ көпір. Мамандар осындай баға беріп отыр.
Павлодар қаласына кіре берісте Ертіс өзенінің үстінен кесіп өтетін көпір бар. Бірақ ескі. Қайта-қайта жөндеу жұмыстары жүргізілгеніне қарамастан «сыр бере бастаған» болатын. Бетон-темір тіреуіштері жарылып, көпір үстінде көліктердің қозғалысы қауіпті бола бастаған еді. Бұл туралы әңгіме Елбасының да құлағына жеткен болуы керек, Мемлекет басшысы жаңа көпір салу жөнінде тиісті орындарға тапсырма берген болатын.
Бұл «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында қолға алынған кең ауқымды жоба. Құрылыс жаңа технологиямен, көлбеу иілгіш аспаларды пайдалана отырып салынған. Осы арқылы Қазақстанның көлік инфрақұрылымы айтарлықтай жақсарды. Оған дәлел – бұл көпір Қазақстанның орталық бөлігін Ресейдің көршілес аймақтарымен жалғайтын Астана – Павлодар – Семей – Қалбатау – Өскемен қалалары арқылы өтетін Орталық-Шығыс бағытындағы транзиттік әлеуетті дамыту жөніндегі республикалық жоба. Қала магистральдарының транзиттік жүк ағымын азайтып, Павлодар мен Ақсу қалаларын жалғап отыр. Осының нәтижесінде қос қала өңірдегі біртұтас агломерацияға айналды. Орта Азияда теңдесі жоқ бұл көпір қалааралық және халықаралық жүк тасымалын арттырды. Қырық шақырымдай жол қысқарды. Қазір бұл көпір арқылы сағатына 120 шақырым жылдамдықпен 180 тонналық автопойыздар өтеді. Көпірді BI Group компаниясы салды. Құрылыс қарқынды жүргізіліп, 2016 жылы Қазақстанның Тәуелсіздігі мерекесіне екі-үш күн қалғанда толық аяқталды. Сондықтан да көпірге Тәуелсіздіктің 25 жылдығы атауы берілді.

ӨНДІРІСІ  ӨРКЕНДЕГЕН ӨҢІР

Павлодар әу бастан-ақ өндірісі өркендеген өңір болатын. Қазір өндіріс орындары тіпті қанатын жая түсті. Бұл ретте «Павлодар» арнайы экономикалық аймағының алар орны ерекше. Осында жаңа өндіріс орындары шоғырлана бастады. Оның аумағы 3300 гектар. Бұл аймақ еліміздің химиялық-технологиялық әлеуетін арттырып, отандық экономиканы дамыту мақсатында құрылған. Мұнда 40-қа жуық кәсіпорынды шоғырландыруға мүмкіндік бар. Бұл – болашақтың жоспары. Қазірдің өзінде бірнеше өндіріс орны жұмысты табысты жалғастырып отыр. Соның бірі – «УПНК-ПВ» ЖШС-ының күйдірілген мұнай коксын өндіретін зауыты. Индустрияландыру картасы аясында іске қосылған кәсіпорын.
Қазір әлемдік нарықта мұнай коксына деген сұраныс өте жоғары. Әсіресе павлодарлық зауыттың өніміне тапсырыс берушілер Қазақстанда да, шет мемлекетте де жеткілікті. Себебі – сапасы өте жоғары. Бұған дейін отандық кәсіпорындар аталмыш өнімді Ресей, Қытай елінен тасымалдайтын еді. Енді Индустрияландыру картасына сәйкес Павлодарда өндіріле бастады. Бұл жобаға құйылған инвестиция көлемі 22,9 млрд теңге. Зауыттың жылына 205 мың тонна мұнай коксын өндіруге мүмкіндігі бар.
Экономикалық аймақта бұдан басқа табысты жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар жеткілікті. Атап айтқанда, каустик содасын, хлор және тұз қышқылын өндіретін «Каустик» акционерлік қоғамы, тұрмыстық химия өнімдерін шығаратын «Белизна ПВ», залалсыздандыратын құралдар өндірісін қолға алған «БО-НА» ЖШС, агрохимиялық өндірісті дамытып отырған «Агрохимпрогресс» ЖШС, мотор майларын өндіретін «Evoоil Kazakhstan» ЖШС және басқа да іргелі кәсіпорындардың алар асуы әлі алда. Облыстың экономикасын еселеп арттыруға экономикалық аймақтағы өнндіріс орындарының қосар үлесі зор болатыны сөзсіз.
Өндірісті модернизациялаудың маңызы – өнеркәсіпті, шағын және орта бизнесті дамытуға жағдай жасау, мол инвестиция тарту. Ол үшін Павлодар облысында зор мүмкіндік бар.
Мемлекет басшысы өндірістің барлық саласын жаңғырту бойынша тапсырма бергені белгілі. Павлодар өңірінде осы бағытта бірнеше жоба қолға алынды. Облыс әкімі Болат Бақауовтың айтуына қарағанда, бұл мақсатқа бөлініп отырған қаржы да жеткілікті.
Негізгі мақсат – «Павлодар» арнайы экономикалық аймағын халықаралық деңгейге көтеру. Ол үшін ең алдымен АЭА-ға салынатын инвестиция мөлшерін ұлғайту керек. Оның көлемін 2019 жылы 100 млрд теңгеге жеткізу жоспарланып отыр. Оның жартысынан көбі шетелдік инвестиция болады. Алдағы екі жылда экономикалық аймақта жаңа 15 жоба жүзеге аспақ. Мұның бәрі қосымша инвестиция екені айдан анық.
Павлодар облысының экономикасында Екібастұздың алар орны ерекше. Кезінде екпінді құрылыс ретінде салынған қала бүгінде қанатын кең жайған. Екібастұздың қалалық және ауылдық аймағы қатар дамып келеді.
1954 жылы Екібастұзда қуатты көмір өнеркәсібі бастау алған болатын. Геологиялық бағалаулар бойынша тас көмірдің жалпы қоры – 12,8 млрд тоннаны құрайды. Шығарылатын көмірдің көп бөлігі Уралға, Батыс Сібірге экспортталады және ішкі нарыққа жөнелтіледі.
Павлодар өңірінде 8 көмір орны бар. Оның ішінде ең ірісі Екібастұз және Майкөбе кеніштерінде көмір ашық тәсілмен өндіріледі. Бұл – көмір шығарудың өнімді әрі арзан тәсілі. Екібастұз бассейні аумағында бірнеше разрез бар, оның ішінде ең ірісі – «Богатырь». Бұл тек Қазақстандағы ғана емес, бүкіл әлемдегі ең ірі разрез. «Еуроазиаттық энергетикалық корпорация» АҚ «Восточный» разрезінің өндірістік қуаттылығы – жылына 20 млн тонна тас көмір.
Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтың 2017 жылдың шілде айында Павлодар өңіріне жұмыс сапары барысында осы облыстағы өндірістерді одан әрі өркендету мен жаңғырту жайлы кеңінен әңгіме қозғалған болатын. Бұл жайдан-жай емес. Себебі республиканың экономикалық әлеуетін айтарлықтай арттыру үшін Павлодар облысындағы іргелі кәсіпорындарға мемлекеттік қолдау мен демеу жасау қажеттігі айқын байқалған болатын. Сондықтан да республика Үкіметі бұл мәселеге ерекше назар аударғаны белгілі.
Екібастұз ендігіндегі бола-шағы зор кәсіпорынның бірі – Бозшакөл кен-байыту комбинаты. Бұл Қазақстан ғана емес, әлемдегі ірі металлургиялық алып кешен болғандықтан, кәсіпорынды технологиялық жаңғыртуға айрықша көңіл бөлінді. Қазір бұл мақсаттағы жұмыс толық аяқталды. Осының нәтижесінде зауытта катодты эквивалентпен алғанда 100 мың тонна мыс өндірілмек.
Кәсіпорынның өнімділігі Қазақстандағы өзге мыс өндіретін зауыттармен салыстырғанда 15 есе жоғары. Бұл соңғы үлгідегі заманауи құрал-жабдықтар мен озық технологияның арқасында мүмкін болып отыр. Бірегей кеніштегі жұмыс халықаралық талаптарға сай автоматтандырылған. Мұндағы мыс қоры 4,4 млн тоннаны құрайды. Яғни орташа есеппен алғанда 40 жылға жететіндей қор бар. Жобаның жалпы құны 2,15 млрд АҚШ доллары.
Бүгінде кәсіпорын өз өнімдерін еліміздің өзге аймақтарына ғана емес, шетелге де экспорттауда. Бұл ретте, кеніштің басты тұтынушысы – Қытай елі. Атап өтерлігі, мұнда қызмет ететін мамандардың 95 пайызы жергілікті тұрғындар.
Екібастұз қаласындағы «R.W.S.Wheelset» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі – кеншілер шаһарында кейінгі кезде өркен жая бастаған теміржол кластерінің бір тармағы. Кәсіпорынның өнімдері сұранысқа ие. Арнайы сертификаты бар. Жұп дөңгелек пен теміржол біліктері вагондардың ең негізгі бөлшектері. Сондықтан сұраныс жақсы. Қазір осы жылдың соңына дейін тапсырыс бар.
Екібастұзда нарық талабына сайма-сай бейімделген кәсіп-орындар аз емес. Барлығы дерлік табысты.
Павлодар облысында қара металлургия бойынша Ақсу қаласындағы ферроқорытпа зауыты әлемге әйгілі. Кәсіпорын феррохром, ферросилиций, ферросиликомарганец, ферросиликохром секілді әлемдік нарықта сұранысқа ие жоғары сапалы өнімдерді өндіреді. Бұл зауыт – әлемдегі ең ірі кәсіпорындардың бірі. Жылына 1 млн тонна өнім өндіреді. Дайын өнімді зауыт Теміртауға, ТМД елдері (Ресей, Украина, Белоруссия, Грузия, Өзбекстан) мен алыс шетелдердің (Люксембург, Жапония, Германия, Австрия, Швеция, Болгария, Румыния және т.б.) металлургиялық зауыттары мен комбинаттарына жібереді.
Павлодар өңірі мұнай-химия өндірісімен де белгілі. Облыста республикадағы ең ірі кәсіпорын – «Павлодар мұнай-химия зауыты» акционерлік қоғамы бар. Қуаттылығы – 7,5 миллион тонна. Бұл кәсіпорында жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, сапалы мұнай өнімдерін шығара бастады.
Павлодар қаласындағы «Қазақ-стан Алюминийі» зауытының қуаттылығы жылына 1,5 млн тонна. Кәсіпорын алюминий, сонымен қатар керамика, отқа берік материалдар мен электр өнеркәсібі материалдарын өндіру үшін қажет шикізат болып табылатын глинозем өндіреді. Бокситтан галлий мен ванадий тотығын шығарады. Галлий – шетелдерде үлкен сұранысқа ие сирек металл. Ол Жапонияға, Германия мен АҚШ-қа экспортталады.
Республикада түсті металлургия кластерін құру мен дамыту мақсатында облыста бастапқы алюминийді өндіру үшін «Қазақстан электролизді зауыты» АҚ салынып, іске қосылды. 2009 жылы Павлодар алюминийі ресми түрде Лондон металл биржасында тіркелді, ол қазақстандық электролизді зауыт өнімдерінің халықаралық стандартта екендігін дәлелдеді және бастапқы алюминийді биржалық бағада жеткізуге жол ашты.
Сонымен Қазақстан бойынша алғашқы болып толыққанды алюминий кластері Павлодар облысында құрылды. Бұл жобаға Ресей мен Германия әріптес. Оны жүзеге асыру кезең-кезең бойынша орындалады. Жақын болашақта алюминийден дайын өнімдер жасайтын тағы бірнеше кәсіпорын бой көтермек.
2017 жылдың сәуірінде Инвестициялар және даму министрлігі Павлодарда жаңа электролиз өндірісінің құрылысы басталатынын хабарлаған болатын. Бұл зауыт 2021 жылы алғашқы өнім шығарады деген жоспар бар. «Қазақстан электролиз зауытын кеңейту жобасын әзірлеу туралы шешім «Павлодар» арнайы экономикалық аймағы аумағында қоспалы алюминий кәсіпорнын құрудан біраз уақыт бұрын қабылданған болатын. Өндіріс көлемін ұлғайту жоспары – бірінші кезекте қазақстандық алюминийдің өткізу нарығын кеңейту, алюминий өндірісінің толық тізбегін жаңаша құру. Бұл алюминий құймасын түрлі қалыпта (қаңылтақ, илемдік, бағана, Т-бейнелі құйма) өндіруге мүмкіндік береді», деп хабарлаған болатын кәсіпорынның баспасөз қызметі.
Басымдық берілген бағыттардың бірі – қолданыстағы кәсіпорынның өндірістік қуаттылығын одан әрі арттыру. «Қазақстан электролиз зауыты – 2» құрылысы кәсіпорынның жаңа деңгейге – қосымша құны бар өзіндік металл өндірісіне көшуіне мүмкіндік береді. Мұны зауыт аумағындағы құрылым ретінде қарастырса да болады. Әрине, зауыттың 10 жылдағы тәжірибесі ескеріледі. Бәлкім, бұл біртұтас жабдық болуы да ықтимал», – дейді «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ баспасөз қызметінің өкілдері.
Бүгінде «Қазақстан алюминийі» АҚ жылына 1,5 млн тоннадан астам өнім өндіреді. Айта кетейік, Қазақстан электролиз зауыты осыдан тура 10 жыл бұрын іске қосылған болатын. Жаңа өндірістің бастамашысы – Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев.

ЦИФРЛАНДЫРУ  АЛҒА АПАРАДЫ

Қазір Павлодар облысында цифрландыруға ерекше мән беріліп отыр. Бұл – Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауындағы басты талаптардың бірі. Өйткені барлық саланы цифрландыру арқылы өркениет көшіне ілесуге болады. Мұнсыз алға басу әсте мүмкін емес.
Мемлекет басшысы осы Жолдауында 2050 жылға дейін экономиканың жыл сайынғы өсімін 5,5-6 пайыз деңгейіне жеткізіп, әлемнің 30 дамыған елінің қатарына ену міндетін қойды. Осы мақсатқа Үкімет 5 негізгі нысаналы индикаторды белгілеген болатын. Еліміз бойынша іске асатын 8 салалық және 4 толассыз бағыт бойынша жобалар аталмыш бағыттағы істерді жүзеге асыруға ықпал ететін болады.
Айта кетелік, қазіргі таңда облыстық индустриялық-инно-вациялық даму басқармасында жобалық кеңсе құрылып, ол 4 бағыт бойынша жұмыс жүргізуде. Оның бірі – «Экономика салаларын технологиялық жаңарту және цифрландыру». Басқарма ірі кәсіпорындармен бірлесіп 2025 жылға дейін іске асатын цифрландыру бойынша жобаларды енгізу жөніндегі жоспарларды әзірлеген. Бұл өндіріс орындары қатарында «Қазақстан электролиз зауыты», «Қазақстан алюминийі», «Майқайыңалтын», «Каустик» акционерлік қоғамдары, «Павлодар мұнай-химия зауыты», «Богатырь Көмір» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері бар. Оларды іске асыру нәтижесінде тиімділік пен инвестиция көлемі артпақ.
Мемлекет басшысы «Кәсіп-орындарымызды жаңғыр-туға және цифрландыруға бағыт-талған, өнімнің экспортқа шығуын көздейтін жаңа құралдарды әзірлеп, сыннан өткізу қажет» деген еді. Осыған сәйкес Павлодар облысындағы өндіріс орындарында цифрлық технологияларды енгізу бойынша 40-тан аса шара жоспарланған.
Тек өндіріс орындары ғана емес, өткен жылдың соңынан бастап мемлекеттік органдарды цифрландыруға көшіру бағытында жұмыстар жүйелі жүргізіле бастады. Бұл оңай жұмыс емес. Жаңаның аты – жаңа. Сондықтан мемлекеттік мекемелерде цифрлық технологияларды енгізу бағытындағы жұмысты үйлестіру және консультациялық сүйемелдеу мақсатында бірыңғай орталық құрылған. С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті жанындағы сараптамалық кеңестің қатысуымен цифрландыруға байланысты жиындар тұрақты түрде өткізіледі. Сондай-ақ «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде Назарбаев Университеті, Мемлекеттік қызмет істері академиясы, ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы, «Зерде» ҒЗКХ» АҚ негізінде жергілікті атқарушы органдардың цифрландыру офистерін оқыту қарастырылған.

Павлодар қаласында алюминий зауытының жұмысшылары мен қызметкерлері үшін өткен ғасырдың алпысыншы жылдары салынған шағын аудан болатын. Оны жергілікті тұрғындар «Алюминстрой» деп атайтын. Ондағы 159 екі қабатты үй ескі еді. Лайықты тұрмыстық жағдайлар жасалмаған жатаған үйлер қаланың көркін қашыратын. Қазір соның бәрі сүрілген. Бұл мемлекеттік бағдарлама шеңберінде жүзеге асып жатқан жұмыс. Айналасы екі-үш жылдың ішінде ескі үйлердің орнына көркі көз тартатын тұрғын жайлар салынды. Оған «Сарыарқа» ықшам ауданы деген атау берілді.
– Халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі бағдар-ламаны жұртшылық жылы қабыл-дады. Облыс тұрғындарының бұл үшін Елбасыға айтар алғысы шексіз. Өйткені Мемлекет басшысының қолдауымен қолға алынған бағ-дарламаның арқасында қазірдің өзінде жүздеген отбасы қоныс тойын тойлап үлгерді. Олардың пәтер кілтін алған күнгі қуаныштарын көрсеңіз, жүздері бал-бұл жайнап, жадырап, жарқырап жүрді. Баспана бақыты бұйырған тұрғындардың мұндай қуанышты сәттері алдағы уақытта да көп болатынына сенімдіміз, – деген еді Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов.
«Сарыарқа» шағын ауданында тек тұрғын үйлер ғана салынып жатқан жоқ, жолдар мен инженерлік коммуникацияны жөндеу, жасыл көшет отырғызу, тұрғын үйлердің ауласын балаларға арналған алаңмен жабдықтау секілді абаттандыру жұмыстары да қатар жүргізіліп келеді.
Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов бұл ауданда жаңа балабақшалардың, халыққа қызмет көрсету орталығы мен әлеуметтік-мәдени бағыттағы нысандардың құрылысы басталғанын айтып отыр.
2015-2016 жылдары «Сары-арқада» жалпы көлемі 50,3 мың шаршы метрді құрайтын 6 көппәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілген. Өткен жылы бес көп қабатты тұрғын үй іске қосылды Биыл да ықшам ауданда құрылыс қарқынды. 2020 жылға дейін мұнда жалпы көлемі 256,5 мың шаршы метрді құрайтын 40 үй салу көзделген.
Павлодар өңіріндегі тағы бір жағымды жаңалық – тұрғын ұй құрылыс комбинаттары іске қосыла бастады. «Сарыарқа» ықшам ауданындағы үйлердің бір бөлігін тұрғызған солардың бірі – «Павлодар Теміртас» тұрғын үй құрылыс комбинаты.
«Теміртас Павлодар» үй құрылысы комбинаты 2015 жылы финдік технология бойынша іске қосылды. Аталмыш өндіріс ошағы құрылыс материалдарын шығарып қана қоймай, аймақтағы сапалы және қолжетімді тұрғын үйлердің құрылысымен де айналысады. Комбинатта бүкіл әлем бойынша құрастырмалы темір-бетон технологиясын кешенді енгізу жағынан көшбасшы деп танылған «ELEMATIC» атты финляндиялық қондырғылар орнатылған. Ұйым жылына шамамен 650 пәтер салуға қауқарлы. Кәсіпорында пайдаланылатын шикізат – түгелдей жергілікті өнім. Мұндай жобалар Қазақстан бойынша көп емес. Сондықтан Павлодар өңірі бұл тұрғыда республикада айрықша орынға ие.
Қазіргі күні Павлодар қаласында «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасына енген «Достық» жаңа ықшам ауданында да құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Тек облыс орталығында ғана емес, басқа қалалар мен аудандарда да құрылыс өте қарқынды. Тұрғын үйлермен қатар әлеуметтік-тұрмыстық нысандар да көптеп салына бастады. Жұрт дән риза. Бұрын-соңды Ертістің Павлодар өңірінде құрылыс дәл қазіргідей қарқынды да ауқымды жүргізілген емес. Бәрі де халық игілігі үшін жасалып жатқан игі істер. Көптің көңілінен шыққан бағдарламалар баянды бола берсін дейміз.

ЖАҒАЖАЙ ЖАЙЛЫ, САЯБАҚТАР САЯЛЫ

Павлодарға жолы түскен жандардың көбі «Сәулетті қала, көрікті қала, таза қала» деп жатады. Өйткені, облыс орталығының көз тартарлық келісті кескін-келбеті сырт көзге бірден байқалатыны анық.
Келімді-кетімді қонақтар мен жергілікті тұрғындар Ертіс өзені жағалауындағы «Орталық жағалау демалыс орнын» алдымен тілге тиек етеді. Абаттандырылған. Жолдары жасалған. Суағарлары мен кәріз жүйелері бар. Кешкілік самаладай жарқырап тұрады. Орындықтар орнатылған. Субұрқақ бар. Ертістің саф ауасы мен гүлдердің хош иісі жаныңды жадыратып, тынысыңды ашады. Керемет. Жағажай жанға жайлы. Таза. Артық-ауыс, бей-берекет шашылып жатқан қоқыс, қалдық жоқ. Тазалық қатаң бақылауда екені бірден байқалады.
«Орталық жағалау демалыс орнының» аумағы атшаптырым. Тіпті жоғары жағы Ертіс өзенінің жағалауына жақын бой көтерген «ҚазТрансОйл» акционерлік қоғамының кеңсесіне дейін ұзартылды. Ал, төменгі жағында тағы бір саябақ жалғасып жатыр, атауы да ерекше – «Ғашықтар саябағы». Бұл дәл «Ақ Отау» неке сарайының жанында ашылған саябақ. Жас жұбайлар «Ғашықтар саябағы» арқылы «Орталық жағалауға» өтіп, емін-еркін серуен жасауына болады. Бәрі оңтайлы ойластырылған. Күндіз-түні бұл жерден адамдар үзілген емес. Әсіресе, кешке қарай жұрт қарасы көбейеді.
Жалпы, Павлодар қаласында жиырмаға жуық саябақ пен аллеяны жаңғыртуға байланысты бағдарлама жасалған. Соған сай жұмыстар белсенді түрде қолға алынған. Мәселен, Володарский көшесінің бойында аллея бар. Сол аллея жаяу жүргіншілердің демалыс орнына айналған. Өйткені, бұл көшенің бойында көп қабатты үйлер жеткілікті. Тұрғындар кешкілік мезгіл мен демалыс күндерінде таза ауаға шығып, тыныстағысы келеді. Олар үшін аллея тамаша демалыс орны.
Ал, қаладағы жоғары оқу орындары мен жатақханалары шоғырланған аумақта студенттердің өздерінің саябағы бар. Бір сөзбен айтқанда, Павлодар қаласында тұрғындардың да, қонақтардың да демалыс уақытында емін-еркін тыныстауы үшін жағдайлар жасалған. Осындай жақсы көріністерді көріп ойға қаласың: «Қазақстанның басқа қалаларында саябақтар мен аллеялардың жай-күйі дәл осындай ма екен?» Бұл сұраққа тосылып қаларымыз анық. Өйткені, ел аралап, жер танып жүрміз, көптеген қалаларда саябақтар сұрықсыз. Қараусыз. Тіпті, жасырып қайтеміз, кейбір қалаларда саябақтар қараусыз қалғандықтан тұрақты мекен-жайы жоқтар, нашақорлар мен бұзақылардың жиналатын орнына айналады. Ондай орында қылмыс жасалып, кісі өлімі болатыны айдан анық. Қылмыскерлер саябақтың қараңғы қалтарыстарын паналап, өткен-кеткенді тонап, бопсалайды.
Біздің айтпағымыз, саябақтарды қылмыс орнына емес, лайықты демалыс орнына айналдыруды ойластырған павлодарлық биліктің тәжірибесін кең таратқан артық болмас еді-ау.
Сөз реті келгендіктен айта кетейік, көріктендіру мен көгал-дандыру, абаттандыру бағытындағы ілкімді істер тек Павлодар облы-сының орталығында ғана емес, Екібастұз, Ақсу қалаларында да, ауыл-аймақта да жоспарлы түрде жүргізіліп келеді.


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру