Валюта бағамы: $ 364.35 419.95 5.56 ¥ 52.52

Сауда саласындағы өзекті мәселелер

Алматы облысында кәсіпкерлерді қабылдау апталығы басталды. Апталық аясында Талдықорған қаласындағы «Еуразия» сауда үйінде облыстық кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен «Атамекен» кеңес береді» атты шара өтті.

Шара барысында Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, Кәсіпкер-лерге қызмет көрсету орталығы, Мемлекеттік әлеуметтік сақтан-дыру қорының жетекші сарапшылары бизнес өкілдері мен сала қызметкерлеріне сауда ісін жүргізу, салық кодексіндегі жаңалықтар, мемлекеттік әлеу-меттік төлемдерді төлеу тәртібі, несие алу және тағы да басқа өзекті мәселелер бойынша кеңес берді.
Өңірлік кәсіпкерлер палата-сының сарапшысы Салтанат Тортаеваның айтуынша, бұл шараның сауда орталықтарында өткізілуі кездейсоқ емес. Сауда бүгінде экономиканың қарқынды дамып келе жатқан салаларының бірі және сол себепті жан-жақты қолдау мен түйткілді мәселелерді шешуді талап етеді. Сонымен қатар сауда саласының өкілдері құқық бұзу фактілерімен ең жиі кездесетіндігі жасырын емес. Бұл әсіресе жалға алу құны, мүлікті сақтандыру мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерінде көрініс табады. «Бизнес жүргізу барысында алдан шығатын сан салалы мәселелер бойынша кеңес беруді жыл басында қаладағы ірі сауда үйлерінде ұйымдастырғанбыз. Аудандарда кәсіпкерлікке қызмет көрсету орталығының кеңесшілері 60-тан астам сауда орталықтарында кеңес беру жұмысын жүргізді», – деді Салтанат Тортаева.
Талдықорғанда алпысқа тарта сауда үйі бар. Биыл алғашқы жартыжылдықта бөлшек тауар айналымы 26 млрд 172 млн теңгені құрады. Бұл өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 8,2%-ға көп.
Дүкендерді аралау барысында кәсіпкерлер қолданыстағы мемлекеттік қолдау шаралары, Салық кодексіндегі жаңалықтар туралы сұрап, білді. «2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» заңға сәйкес әлеуметтік төлемдер 3,5%-ды құрады. Бұл төлемдер ай сайын ұйым есебінен төленіп отыруы тиіс. Осыған дейін тоқсан сайын жүргізілетін. Әлеуметтік төлемдер бойынша жоғары шектік мәні 9 900 теңгені құрайды және бұл соманы келесі айдың 25-іне дейін төлеуі керек», – дейді Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры Алматы облыстық филиалының маманы Бауыржан Қабдрахманов.
Әр кезең бойынша төлемеген жағдайда өсімпұл қарастырылған және сақтандырудағы қатысушы өтілі есептелінбейді. Сондықтан сарапшылар кәсіпкерлерге ай сайын әлеуметтік төлемді аударып отыруға кеңес береді.
Менеджер-кеңесшілер мемлекеттік бағдарламалар бойынша жеңілдікпен несие алу жолдары туралы айтып берді. «Бизнес өкілдері Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау арқылы «Кәсіпкер» бағдарламасына қатысып, 6 миллионға дейін несие ала алады. Аудан тұрғындары кепілзат етіп ұсынған жылжымайтын мүлік кез келген материалдан болуы мүмкін және орналасқан жері маңызды емес. Бұл – бағдарламаның басты артықшылығы. Қала тұрғындары несиелендіруге екінші деңгейлі банктер арқылы қатыса алады. Қаражатты беру туралы оң шешім шығарылған жағдайда «Даму» қорының желісі бойынша несиені кепілдендіру бағдарламасына қатыса алады», – деп атап өтті кеңесшілер.
«Атамекен» ұйымдастырған шара барысында ұзақ жылдардан бері сауда ісімен айналысып келе жатқан кәсіпкерлер салаға қаржылай қолдау, ынталандыру шаралары ретінде мемлекеттің қамқорлығы керектігін айтып, өз ұсыныс-пікірлерін білдірді.

Диас БЕЙСЕНБЕК


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру