Валюта бағамы: $ 360.71 411.53 5.38 ¥ 52.62

Халықты ауыз сумен жабдықтау жақсарады

Жетпісбай Бекболатұлы,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУкафедра меңгерушісі
e-mail: Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz

Қаймана халықтың денсаулығы мен жан саулығы, салауатты өмір салты қазіргі таңда медицинаның ғана маңыз берер мәселесі, күйттейтін тірлігі болып табылмайды. Ол сонымен қатар экономиканың да түйінді түйткілдерінің біріне айналған. Түйткіл деп отырғанымыздың өзіндік себебі бар. Қоғамдық өндірістің басты көрсеткіштерінің бірі еңбек өнімділігі түптеп келгенде денсаулығы мықты жұмысшы мен қызметкердің технологиялық үдерістерді толық әрі табыспен атқара білу қабілетіне келіп тіреледі. Ал, кінәратсыз денсаулық кепілінің бірі таза ауыз суы, десек, онша қателеспеспіз.
Ғаламдағы экологиялық ахуалдың соңғы елу жылдықта күрт өзгеріп, мұз тауларының жедел ери бастауы онсыз да тапшы тұщы су қорының кемуіне алып келді. Әлем елдерінің көпшілік бөлігі тап болып отырған осынау келешегі бұлдыр, алмағайып ахуал біздің елімізді де айналып өткен жоқ. Қазіргі уақытта тұрғындардың жартысынан астамы сапалық талаптарға сәйкес келмейтін ауыз суын пайдалануда немесе одан зәрулік көруде. Ғалымдар мен мамандардың пікіріне сүйенсек, сумен жабдықтау жүйелерінің техникалық жағдайының сын көтермеуі, су шаруашылығын басқарудың, сондай-ақ су қорын пайдалану жөніндегі баға саясаты амалдарының жетілдірілмеуі мен кемшін тұстарының көптігі, су ресурстарының, әсіресе жер үсті суларының жалпы техногендік ластануы, тұтынылатын су сапасының қанағаттанғысыз жағдайы, арнайы барланған кен орындарын толығымен пайдаланбау және тұщы жер асты суын мақсатты қолданбау, жекелеген аймақтарда ауыз сумен қамтамасыз ететін жергілікті көздердің жоқтығы ауыз сумен жабдықтауда қалыптасқан қиын жағдайдың негізгі себептері болып отыр. Санитарлық-эпидемиологиялық ахуалдың нашарлауы егер де шұғыл шаралар қолданылмаса, ахуалдың одан әрі ушығуына әкеліп соғатынына айғақ, сондықтан да қордаланып қалған түйткілді тарқату үшін кешенді көзқарас танытып, стратегиялық сипаттағы батыл шешімдер қабылдау қажет. Сөйтіп, бұдан бірнеше жыл бұрын «Қазақстанның су ресурстарын басқару мемлекеттік бағдарламасы» өмірге келді.
Бағдарламаның басты мақсаты ел тұрғындарын сапалы ауыз сумен тұрақты қамтамасыз ету және оған маңызды стратегиялық ресурс мәртебесін беру болып табылады. Халықты ауыз сумен қамтамасыз етудің нормативтік-құқықтық базасын жасап, инвестициялар мен қаржыландыру көздерінің қажетті көлемін анықтауды көздейтін құжаттың іс шаралары әлеуметтік және экономикалық қайта құру салаларында бұрын қабылданған бағыттармен толық астасып жатыр. Бұл үшін жұмыс істеп тұрған сумен жабдықтау жүйелерін қалпына келтіріп, жетілдіру, жаңаларын салу және кеңейту, тұтынылатын су сапасын жақсарту, жер асты көздерін пайдалануды жандандыру, ресурстарды ұтымды пайдалану және қорғау, жабдық шығаратын жоғары технологиялы өндірістер құру, ауыз су сапасын бақылаумен айналысатын қызметтердің материалдық-техникалық, кадрлық және қаржылық қамтамасыз етілуін нығайту, саладағы шағын кәсіпкерлікті мемлекеттік тұрғыдан қолдау қажет болады. Осы орайда бағдарламада 2018-2020 жылдары топтық су құбырларын салу және қайта құру үшін 13 млрд теңге көлемінде қаражат қарастырылған. Нәтижесінде 77 ауылдық елді мекендердегi 161 мың халықты сумен жабдықтау жақсартылады. Бүгінде «Қазсушар» республикалық кәсіпорнының теңгерімінде жалпы ұзындығы 10 мың шақырымнан асатын 30 топтық су құбыры бар. Бұл 497 ауылдық елді мекендi және бұлардағы 1 миллионнан аса халықты қамтып отыр. Мұның ішінде 156 ауылдық елді мекендегі тұтынушыға «Қазсушар» қызмет көрсетсе, қалған 341 елді мекен әкімдіктердің коммуналдық кәсіпорындарына қарайды. Сонымен қатар «Ақ бұлақ» және «Өңірлерді дамыту» бағдарламалары шеңберінде 2011-2016 жылдары топтық су құбырларын салу мен жаңартуға 59 млрд теңге бөлініп, оның нәтижесінде 45 нысан пайдалануға берілді. Биылғы жылы топтық су құбырлары бойынша 17 жобаға 12 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде 7 жоба аяқталып қалды, ал қалғандары жоспарға сәйкес келесі жыл есебіне өтедi. Сөйтіп, 50 ауылдық елді мекендегi 77 мың халық сумен жабдықталады. 148 мың адам тұратын Ақтөбе, Батыс, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды және Қызылорда облыстарындағы 40 ауылдық елді мекенде және Жезқазған, Сәтпаев, Қаражал қалаларында сумен қамтамасыз ету жақсартылады.
Саладағы ауыз толтырып айтарлық жетістіктермен қатар ілгері жылжуға кедергі болып отырған кемшіліктер де кездесуде. Оның бірі елді мекендерді сумен жабдықтау саласында атқарылатын қызметтердің бытыраңқылығы болып табылады. Мысалға, топтық су құбыры салынған кезде ауылішілік желілер дайын болмайтын жағдайлар туындауда, яғни сол желідегі жұмыс тоқтап қалғанда, халық құрылыс аяқталғанға дейін ауыз суға қол жеткізе алмайды. Мәселен, 2017 жылы Павлодар облысында пайдалануға берілген топтық су құбыры бюджеттен қаражат қарастырылмағандықтан, жобалық қуатында жұмыс істемеуде. Мұнда кентішілік су жүйелерінің дайын болмауына байланысты халыққа су арнайы торап арқылы беріліп отыр. Осындай жағдай Солтүстік Қазақстан облысындағы Соколов топтық су құбырын қайта құруда да байқалуда. Олқылықтың орнын толтыру үшін қазіргі таңда сумен жабдықтау бойынша көрсетілетін қызметтерді бірыңғай уәкілетті органға беру мәселесі барлық мүдделі мемлекеттік мекемелер мен жергілікті атқарушы органдар тарапынан пысықталу үстінде.


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру