Валюта бағамы: $ 371.31 419.32 5.59 ¥ 53.83

Мақсатты істерді ілгерілету қажет

Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында денсаулық сақтау саласын дамытуға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының үстіміздегі І жартыжылдықта іске асырылу барысы талқыланды. Сонымен қатар елдегі жекешелендіруді жүргізу жайы мен «Ақылды қалаларды» дамыту мәселелері қаралды.

2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарла-масы жеті бағыт бойынша іске асырылуда. Сала министрі Е.Біртановтың айтуынша, қоғамдық денсаулық сақтау аясында салауатты өмір салтын ілгерілетуге бағытталған бұқаралық шаралар белсенді өткізіліп, осы жылдың 6 айының ішінде оған 6 млн астам адам қатысқан. Биыл халықты скринингпен қамту 1,5 млн астам адамды немесе жоспарланған көлемнен 91%-ті құрады. Халықты иммундау 95,2%-ке жетті. Алғашқы медициналық-санитарлық көмекті басымдықты дамыту аясында амбулаторлық-емханалық желіні шағындап ұйымдастыру жүргізіліп жатыр. Есепті кезеңде дәрігерлік учаскелер саны 12%-ке артты, учаскелік дәрігерлер жүктемесі төмендеп, бекітілген тұрғындар саны 1950 болды. Бұл АМСК-ке жүгінулер санының 23%-ке ұлғаюына әсер етті. Сондай-ақ бағдарлама аясында жедел жәрдем қызметінің жұмысын реформалау жүргізілуде. Оның қатарында шұғыл емес шақыртулар емханаларға беріліп, персоналды халықаралық стандарттарға кезең-кезеңмен оқытылуда, тоғыз аймақта бірыңғай диспетчерлік қызмет құрылды. Мемлекеттік бағдарламаның медициналық қызметтер сапасын қамтамасыз ету бойынша шаралары аясында Онкологиялық аурулармен күресудің кешенді жоспары бекітіліп, Туберкулезбен күресудің кешенді жоспары өзектендірілді, 20 жол картасы іске асырылып жатыр. Сондай-ақ мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігі мен қолайлылығын оларды электронды форматта және мобильді қосымшалар арқылы көрсету арқылы арттыру бойынша жұмыстар атқарылып жатыр. Министр Ұлттық дәрі-дәрмектермен қамту саясатын іске асыру аясында амбулаторлық дәрі-дәрмектік қамтамасыз етуді орталықтандыру жүргізілгенін жеткізді.
Салада медициналық қызметтер нарығын қайта реттеу бойынша атқарылған істер 2017-2018 жылдың алты айының ішінде тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілер санының 41%-ке көбеюіне әкелді. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізуге дайындық аясында Кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлемінің және МӘМС-тің жаңа моделін қарастыратын заң жобасы әзірленді. Бұдан өзге, саланың инфрақұрылымын одан әрі дамыту аясында денсаулық сақтау саласына инвестициялар тарту жұмыстары жалғасып жатыр.
Денсаулық сақтау министрінің және бірқатар өңірлер әкімдерінің баяндамаларын тыңдай келе, Премьер-министр Б.Сағынтаев денсаулық сақтау жүйесін одан әрі жаңғыртуға қатысты бірқатар нақты тапсырмалар берді. Солардың қатарында дәрі-дәрмектерді мақсатты сатып алу мәселесіне назар аударылып, олардың қажеттілігін жоспарлауды реттеу туралы тапсырма берілді.
Ал елдегі жекешелендіру барысын баяндаған қаржы министрі Б.Сұлтановтың хабарлауынша, ағымдағы бірінші жартыжылдық қорытындысы бойынша Кешенді жоспардың 887 нысанынан сауда-саттыққа 502-сі шығарылып, олардың 421-і 216 млрд теңге сомасына сатылды. 266 нысан қайта ұйымдастыру және тарату сатысында тұр. Осылайша қайта ұйымдастырылатын және таратылатын нысандарды қоса есептегенде, Жекешелендірудің кешенді жоспарының орындалуы 77,4% құрайды. Биыл бірінші жартыжылдықта сауда-саттыққа 104 нысанды шығару жоспарланған. Іс жүзінде 89 нысан шығарылып, 15 нысан бойынша қайта ұйымдастыру және тарату туралы шешім қабылданды. Олардың ішінен 36 млрд теңгеге 39-ы сатылды. Сондай-ақ түгендеу нәтижелері бойынша жекешелендіру нысандарының тізіміне коммуналдық меншіктегі және әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялардың 38 нысаны қосымша енгізілмек.
Өз кезегінде ұлттық экономика министрі Т.Сүлейменов Жекешелендірудің 2016-2020 жылдарға арналған кешенді жоспарын орындау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар аясында компанияларды IPO-ға шығаруды қамтамасыз ету үшін «Бағалы қағаздар нарығы туралы» заңға түзетулер пакеті әзірленіп жатқанын айтты.
Үкімет отырысында «ақылды қалаларды» іске асыру мәселелеріне де назар аударылды. Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің деректеріне сәйкес, «Smart city» жобасын іске асыру аясында өңірлерде цифрландыру кеңселері құрылған. Жергілікті атқарушы органдар іске асыратын жобаларды үйлестіру процесін АКМ және «Зерде» АҚ негізінде құрылған цифрландырудың орталық штабы басқарады. Сондай-ақ өңірлерде ақылды қалаларды жүзеге асыру аясында жол карталары, жобалар және басқа да міндеттер орындалатын портал құралы енгізілген.
Жалпы, Қазақстан өңірлерінде смарт-жобалардың жаппай іске асырылуы өткен жылдың күзінде басталды. Оның аясында әрбір салаға арналған қызмет салаларын, қаржыландыру түрлерін, технологияларды және болжамды жоба пулдарын қамтитын «Смарт сити» тұжырымдамасы әзірленіп, бекітілді. Бүгінгі таңда тұжырымдамаға сәйкес еліміздің барлық өңірлері «Смарт сити» өңірлік тұжырымдамасын одан әрі таратып, дамыту үшін негізге ала отырып жұмыс істейді. Сондай-ақ әрбір өңір үшін міндетті болып табылатын ТКШ, қауіпсіздік, білім беру, денсаулық сақтау және көлік салаларындағы ең төменгі талаптарды әзірлеу бойынша жұмыс жүргізілді. Әкімдіктер өңірлерді цифрландырудың жол карталарын және «ақылды» қалалардың бес міндетті бағыттары бойынша салалық жол карталарын әзірлеп, олар бүгінде бекіту сатысында тұр.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру