Валюта бағамы: $ 360.71 411.53 5.38 ¥ 52.62

Келеңсіздіктерге жол берген банктер анықталды

Ұлттық банк биылғы жылдың екінші тоқсанының қорытындысы бойынша сан салалы қаржылық қызмет көрсету барысында тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзуға жол берген банктерге қатысты санкциялар мен шектеу шараларын қолданды.

Екінші деңгейдегі банктер және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың қаржылық қызмет көрсету барысына жүргізілген мониторинг пен талдау нәтижесінде анықталған тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзушылықтардың қорытындысы бойынша банктерге қатысты 64 санкция және шектеулі ықпал ету шарасы қолданылды. Оның ішінде 24 айыппұл салу және өндіріп алу шарасы қабылданып, 37 жазбаша ұйғарым және 3 жазбаша ескерту жасалды. Жүргізілген талдау нәтижелері банктердің көптеген жағдайда еліміздің банктік заңнамасында, сондай-ақ бас банктің нормативтік-құқықтық актілерінде көзделген банктік қарыз шартына қызмет көрсету, төлемдер мен ақша аударымдары, банктік шоттарға қызмет көрсету, Ұлттық банкпен қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша келісілген өзара іс-қимыл талаптарын сақтамайтынын көрсетті.
Мәселен, қарыз шартына қызмет көрсету тәртібі бойынша банктің қарыз алушыға қарыз нысанасын мерзімінен бұрын қайтару туралы негізсіз талап ету, кредиттік құжаттама қалыптастыру тәртібін бұзу, қарыз алушыға қарыз бойынша төлемдерді салу қажеттігі және міндеттемелерді орындамау салдары туралы хабарламау, қарыз бойынша берешек сомасы туралы ақпарат ұсынудан дәлелсіз бас тарту, клиентті себептерін көрсетпей банктік қарыз беруден бас тарту туралы хабардар ету, шартта шынайы, жылдық, тиімді салыстырмалы есептеудегі сыйақы мөлшерлемесін көрсетпеу, кепілге салынған мүлікті (ипотеканы) соттан тыс тәртіппен өткізу тәртібін бұзу, кредиттік бюроға қарыз алушы жөнінде дәйексіз мәліметтер жіберу тұрғысындағы талап бұзушылықтар анықталған.
Төлемдерді және ақша аударымын жүзеге асыру тәртібі бойынша қарыз бойынша мерзімі өткен берешекті өндіріп алу үшін жеке тұлғаның банктік шотындағы ақша сомасынан және/немесе банктік шотқа түскен сомадан 50% шекте орындау қажеттігі көрсетілген төлем талаптары, төлем құжатын уақтылы орындамау, төлем құжатын орындаудан дәлелсіз бас тарту, төлем құжатын уақтылы орындаудан бас тарту, қарыз бойынша мерзімі өткен берешекті өндіріп алу үшін қарыз алушылардың банктік шоттарына бір мезгілде бірнеше төлем талаптарын ұсыну, елдің азаматтық заңнамасында көзделген ағымдағы шоттардан ақша алу кезектілігін сақтамау секілді бұзушылықтарға жол берілген.
Банктік шоттарға қызмет көрсету тәртібіне қатысты банктік шоттарды ашу/жабу тәртін бұзу, клиенттің банктік шотына заңсыз тыйым салу, ақшаны негізсіз алу, банкоматта төлем карточкасын ұстаушының бетін көрсетуге мүмкіндік беретін камераның болмауы, банкоматтар желісінің жұмысына мониторинг жасалмауы (бейнебақылау камерасының жарамсыздығы), салымшылардың жинақ шоттарынан ақша алуға рұқсат етілмеген операцияларға жол беру сияқты бұзушы­лықтар орын алған.
Ұлттық банкпен қаржылық қыз­меттерді тұтынушылардың құқық­тарын қорғау мәселелері бойынша өзара іс-әрекет жасау бойынша Ұлттық банкке сұратылатын ақпарат пен құжаттарды уақтылы бермеу/беруге қатысты бұзу­шылықтар анықталды. Биылғы екінші тоқсанда қаржылық қызметтерді тұты­нушылардан келіп түскен өтініштер мен шағымдарды қарау нәтижесінде көптеген келеңсіздіктер орын алған банктер қатарында «Qazaq Banki» АҚ, «Астана банкі» АҚ, «Сбербанк России» АҚ ЕБ, «АТФ Банк» АҚ, «ForteBank» АҚ-лар аталды.
Осы аталған қаржы ұйымдары-ның ішінде санкциялар түрінде ең көп шектеулі ықпал ету шаралары «Qazaq Banki» АҚ-ға қатысты шығарылды. Бұл – қабылданған шаралардың жалпы санының 16 %-ы. Осы ретте «Qazaq Banki» АҚ-да орын алған негізгі бұзушылық төлем құжаттарын уақтылы орындамау болып табылады. Аталған талап бұзушылық үшін Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінде төлем құжаты сомасының 5%-ы мөлшерінде, бірақ 200 АЕК-тен аспайтын көлемде айыппұл салу түріндегі әкімшілік жауапкершілік көзделген. Сонымен қатар, банктің депозиттер бойынша міндеттемелерін орындамауына байланысты Ұлттық банк басқармасының 2018 жылғы 27 сәуірдегі №67 қаулысымен «Qazaq Banki» АҚ-тың жеке тұлғалардан депозиттер қабылдауға, сондай-ақ жеке тұлғалардың банктік шоттарын ашуға арналған лицензиясын қолдану алдымыздағы 27 шілдеге дейін тоқтатылды.
«Астана банкі» АҚ-ға қатысты қолданылған шектеулі әсер ету шаралары төлем құжаттарын уақтылы орындамау және оларды орындаудан негізсіз бас тарту бойынша орын алған бұзушылықтар үшін қолданылған шаралардың жалпы санының 16%-ын құрады. Жол берілген осынау бұзушылықтар үшін банкке қатысты әкімшілік іс қозғалып, айыппұлдар салынды. Сондай-ақ банктік қарыз шартында дәйексіз есептелген сыйақы мөлшерлемелерін көрсеткені үшін айыппұл салынып, қарыз алушыға қарыз бойынша төлемдерді енгізу қажеттілігі туралы хабарлау мерзімдерін сақтамағаны үшін жазбаша ұйғарым шығарылды. Ұлттық банк сонымен қатар депозиттер бойынша міндеттемелерді жүйелі түрде тиісінше орындамағаны үшін «Астана банкі» АҚ-ға қатысты санкция қолданды. Осы ретте Ұлттық банк басқармасының 2018 жылғы 29 мамырдағы №89 қаулысының негізінде банктің жеке тұлғалардан депозиттер қабылдауға, сондай-ақ жеке тұлғалардың банктік шоттарын ашуға арналған лицензиясын қолдану биылғы 29 тамызға дейін тоқтатылды.
«Сбербанк России» АҚ ЕБ қатысты шектеулі ықпал ету шаралары жалпы шараның 14%-ын құрайды. Банкке қатысты шығарылған 9 жазбаша ұйғарымның 5-і қарыз алушының банк шотындағы/келіп түскен ақшаның 50%-нан асатын мөлшеріндегі қарыз бойынша мерзімі өткен берешекті өндіріп алуды көздейді.


«АТФ Банк» АҚ-да банктік қызмет көрсету, сол сияқты банктік қарызға қызмет көрсету мәселелері бойынша бұзушылықтар орын алған. Бұл банктерге қатысты қабылданған жалпы шаралардың 11%-ын құрайды. Қызмет көрсетуде орын алған осы келеңсіздіктер үшін «АТФ Банк» АҚ-ға қатысты 5 жазбаша ұйғарым шығарылып, 2 айыппұл салынды (кредиттік бюроға шынайы емес мәліметтер бергені және шектеулі ықпал ету шараларын уақтылы орындамағаны үшін).
«ForteBank» АҚ-қа қатысты қабылданған шаралардың үлесі жалпы санның 11%-ын құрады. Жұмыста жол берілген бұзушылықтар үшін банкке қатысты 6 жазбаша ұйғарым шығарылып, клиенттің банк шотына негізсіз тыйым салғаны үшін бір жазбаша ескерту жасалды.
Екінші тоқсанда банктер тарапынан орын алған бұзушылықтар үшін көзделген әкімшілік жауапкершілікке сәйкес салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 17 млн 958 мың теңгеден асып түсті. Атап айтар болсақ, «Qazaq Banki» АҚ – 3 млн 843 мың теңге (төлем құжаттарын орындау тәртібін (клиенттің төлем/ақша аударымы бойынша нұсқауын орындау мерзімін) бұзғаны үшін, нұсқау сомасының 5% мөлшерінде), «Астана Банкі» АҚ – 1 млн 971 мың теңге (төлем құжаттарын орындау тәртібін (клиенттің төлем/ақша аударымы бойынша нұсқауын орындау мерзімін) бұзғаны үшін, нұсқау сомасының 5% мөлшерінде), «Эксимбанк Қазақстан» – 9 млн 620 мың теңге (төлем құжаттарын орындау тәртібін (клиенттің төлем/ақша аударымы бойынша нұсқауын орындау мерзімін) бұзғаны үшін, нұсқау сомасының 5% мөлшерінде), «АТФ Банк» АҚ – 1 млн 563 мың теңге (кредиттік бюроға дәйексіз мәліметтер ұсынғаны, сондай-ақ шектеулі ықпал ету шараларын уақытылы орындамағын үшін) және «Нұр Банк» АҚ-ға – 962 мың теңге (кредиттік бюроға дәйексіз мәліметтер ұсынғаны үшін) айыппұл салынды. Орын алған бұзушылықтарға қатысты банктерге қолданылған санкциялар мен шектеулі ықпал ету шаралары туралы толық ақпарат еліміздің бас банкінің ресми сайтында жарияланғандығын айта кетпекпіз.
Ұлттық банк қаржылық сауаттылықты арттыру және банктердің қазіргі бар, сол сияқты әлеуетті клиенттерінің заңды құқықтары мен мүдделерін бұзуға жол бермеу мақсатында банктер клиенттермен шартқа отыру арқылы жасалатын қарым-қатынастар негізінде банк қызметтерін көрсететіндігін хабарлайды. Осыған байланысты банкті таңдау кезінде банкке қатысты қабылданған шектеулі ықпал ету шаралары мен санкцияларға ғана емес, сонымен қатар оның қаржылық жағдайына және банктік қызмет көрсету және/немесе банктік қарыз шарттарының талаптарына да (ағымдағы шоттың, жинақ шотының) назар аудару қажет. Әсіресе, біріншіден, ағымдағы шот шарттары бойынша: банк тарифтері (банк шотына жыл бойы және/немесе төлем карточкасына бірінші жылы және алдағы жылдар үшін қызмет көрсету) банкоматтан және банк кассасынан қолма-қол ақша алу, банктік шотқа ақшаны есепке алу, төлемдер және ақша аударымдарын жүзеге асыру, сондай-ақ банктік шоттағы ақша қалдығына сыйақы үшін), банк тарифтеріндегі өзгерістер туралы хабардар ету, шот иесінің келісімінсіз банк шотынан ақшаны өндіріп алу тәртібіне маңыз беру керек. Екіншіден, банктік салым шарттары бойынша: сыйақы мөлшерлемесінің, оның ішінде айналыс күніне сенімді, жылдық, тиімді, салыстырмалы есептеулермен (нақты құны) сыйақы мөлшерлемесінің мөлшері, сыйақы мөл-шерлемесі көлемінің өзгеру тәртібі және ол жөнінде хабардар ету тәсілі, мерзімді салымды оның мерзімі өткеннен кейін, сондай-ақ шартты салымды ұзарту, сондай-ақ банк депозиттік өнімді жапқан жағдайда банктік салым шартын көзделген талаптарда ұзарту мүмкін еместігі туралы салымшыны хабардар ету тәртібімен мұқият танысқан жөн. Үшіншіден, банктік қарыз шарттары бойынша: жылдық сыйақы мөлшерлемесін есептеу мөлшері және тәртібі, сондай-ақ оны өзгерту талаптары, өтеу әдісі, өтеу кестесі, комиссия мен өзге де төлемдер тізбесі, қорыта келгенде олардың кредиттің нақты құнына әсер ететін мөлшері, қарыз алушының кредит алуға және қызмет көрсетуге жұмсаған барлық шығыстарын есептегенде кредиттің нақты құнының көрсеткіші болып табылатын жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің көлемі (бұл көрсеткіш әр түрлі банктердің ұқсас кредиттерін салыстыру үшін қолданылады), берешекті сотқа дейін өндіріп алу және реттеу үшін коллекторлық агенттікке беру, қарыз бойынша берешекті, оның ішінде қарыз алушының келісімінсіз банктерде ашылған шоттарынан өндіріп алу, сондай-ақ банктік қарыз шарты бойынша үшінші тұлғаларға құқықты (талап ету) беру тәртібіне барынша назар аудару қажет.
Күнделікті тіршілікте сан салалы қаржы қызметін көрсететін банктердің қандай да бір қызметін пайдаланбас бұрын осы тұрғыда екі арада жасалатын келісім-шарттың бүге-шігесіне дейін нақтылап, зерттеп-зерделеу тұтынушы құқы мен мүддесінің қорғалуы жолындағы маңызды қадам екенін әрқайсымыз ескеруге тиіспіз.

Рымтай САҒЫНБЕКОВА


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру