Валюта бағамы: $ 356.54 419.43 5.42 ¥ 51.86

Ауылды көркейтудің әлеуетті құралы

Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласына бизнес-қоғамдастықтың үн қатуы ретінде таяуда іске қосылған «Әр ауылға – бір қамқоршы» атты әлеуметтік жоба халқымыздың алтын бесігі – ауылды көркейтудің әлеуетті бір құралы ретінде меценаттықты дамытуға бағытталған.

«Әр ауылға – бір қамқоршы» әлеуметтік жобасын қоғамда ұлттық құндылықтарды дәріптеу және адамзаттың мәңгілік құндылықтарын қастерлеу арқылы кәсіпкерлер арасында қайырымдылық мәдениетін дамыту басты миссиясы болып табылатын «Менің атамекенім» қоғамдық бірлестігі «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп жүзеге асырады.
Орталық коммуникациялар қызметінде «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов, кәсіпкер-меценаттар Жақсылық Үшкемпіров, Исламбек Салжановтардың қатысуымен өткен брифингте «Менің Атамекенім» бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін көтеру мақсатындағы диалог алаңына айналатындығы атап өтілді. Онда қоғамдағы өзекті мәселелер талқыланып, меценаттық және қайырымдылық дәстүрлерін қалыптастыру, әлеуметтік мәселелерді шешуге қатысуға кәсіпкерлерді материалдық және моральдық тұрғыда ынталандыру, сондай-ақ бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыру тетіктерін іске қосу мүмкіндіктері қарастырылатын болады. «Елімізде туған өлкесін қолдағысы келетін табысты бизнесмендер көп. Алайда осы шынайы ниетті іс жүзіне асыру үшін ыңғайлы, ашық та тиімді тетіктердің жоқтығы қолбайлау болып отыр. Күнделікті жұмыстан қолы босамайтын кәсіпкер үшін ауылдағы қайырымдылық жобаларына уақыт бөлу мүмкін болмай жатады», – деді Абылай Мырзахметов.
«Әр ауылға – бір қамқоршы» жобасы 5 нақты қадамға негізделген. Өз кезегінде «Атамекен» ҰКП ауылдарға талдау мен скрининг жүргізетін болады. Осы негізде Қазақстанның мінсіз ауылының келбеті жасалады. Яғни бұл – дамыған инфрақұрылым, ауыл тұрғындарына арналған жақсы тұрмыстық жағдай, заман талабына сай жарақтандырылған мектеп, медициналық нысандар, жастарға арналған кешендер, жас отбасыларды баспанамен қамту, сонымен қатар жаңа жұмыс орындары. Осылайша, қазіргі таңда әлеуметтік мәселелер картасы әзірлену үстінде. Онда әрбір ауыл-аймақтың қажеттілігі, бизнес дамуының әлеуеті туралы ақпарат жиналып, әр ауылдың өсу қарқыны анықталатын болады. Зерттеу нәтижесінде ауыл тіршілігінің бар саласын қамтитын әлеуметтік әрі инфрақұрылымдық игіліктер матрицасы қалыптастырылатын болады.
Бұл бағыттағы келесі қадам – өңір кескінінде, мемлекеттік марапаттарға үміткерлерді анықтау үшін ашық дауыс беру жүйесін енгізу арқылы меценаттар тізілімінің онлайн-платформасын құру болмақ. Меценаттар атқаратын жұмысты жеңілдету үшін құны 5 мың теңгеден басталатын, ауылдық жерлерді дамытудың барлық бағыттарына әсер ететін «Топтамалық шешім» тізімі әзірленетін болады. Мұндай топтама кітап, жиһаз сатып алудан бастап, ғимарат салу, брендинг бойынша жұмыс, зерттеулер, ауыл тұрғындары үшін оқу құнын төлеу сынды материалдық және материалдық емес шешімдерді қамтиды.
Осы ауқымды жобаға меценаттарды қызықтыру үшін белгілі бір экономикалық ынталандыруды енгізу ұсынылып отыр. Ірі жобалар бойынша мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жүйесі, салықтық жеңілдіктер, субсидиялар мен аудиенциялар қарастырылуы керек. «Менің Атамекенім» жобасын жүзеге асыру әлеуметтік бизнес саласында ҚР заңнамасына оң әсер етпек.
Сонымен қатар меценаттықты моральдық көтермелеу тетіктері қолданылады. Белсенді өмірлік ұстанымы бар адамдарды ынталандыру мақсатында мемлекеттік марапаттаулар әзірленетін болады, сондай-ақ жақсы істер мен қайырымдылық шараларын насихаттау үшін БАҚ-та ауқымды PR-компаниялар жасалады, әлеуметтік нысандар мен көшелерге меценттардың аттары беріледі.
Осылайша «Менің Атамекенім» қоғамдық бірлестігінің «Әр ауылға – бір қамқоршы» атты жобасы аясында бірқатар мәселелер шешімін табады. Ауылда өмір сүру деңгейі жақсарады, ішінара жұмыссыздық пен экономикалық тұрақты емес ауылдар мәселесі шешіледі, іскерлер ауыл тұрғындарына көмек көрсетудің ашық әрі тиімді тетіктеріне қол жеткізеді, сонымен қатар ауқымды PR арқылы өз компаниясын танымал етеді. Қазақстанның барлық тұрғындары тиімді көмек құралдарын ала алады, сөйтіп, меценаттық таңдаулы адамдардың ғана ісі болудан қалады. Сонымен қатар әлеуметтік жауапты бизнес белгілері анықталып, ол ел заңнамасында көрініс табады.

БЕКЕТ КӨКЕНАЙҰЛЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру