Валюта бағамы: $ 356.54 419.43 5.42 ¥ 51.86

Жартыжылдық немен түйінделді?

Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында биылғы 6 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму мен республикалық бюджеттің атқарылуының қорытындысы шығарылды. Сондай-ақ І жартыжылдықта Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының іске асырылу барысы баяндалды.

Ұлттық экономика министрі Т.Сүлейменов мәлім еткендей, бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша ІЖӨ өсімі 4,1%-ті құрады. Жалпы экономиканың өсімі ин­фляциялық процестердің бәсеңдеуі мен инвестициялық белсенділіктің жоғарылауы нәтижесінде болып отыр. Инфляция біртіндеп төмендеп, жыл басынан бері 2,6%-тік деңгейді көрсеткен. Негізгі капиталға салынатын инвестицияларда жоғары өсім үрдісі 25,8% дәрежесінде сақталған. Өнеркәсіп өндірісі 5,2%-ке артып, бұл сала да өсу қарқынын ұстап отыр. Тау-кен өндірісі өнеркәсібі 5,5%-ке артты. Өңдеу өнеркәсібі серпінінің тұрақты өсімі байқалады. Жартыжылдықтың қорытындысы бойынша өсім қарқыны 5,2% болды. Ауыл шаруашылығы өнімі 4%-ке артып, біртіндеп ұлғаюда. Өсудің нығаюы мал шаруашылығының 4,2% озық қарқынмен өсуіне байланысты. Алты айдың қорытындысы бойынша құрылыс саласының өсу үрдісі 3,8%-ке дейін күрт артқан. Өсім тұрғын үй ғимараттарының, өнеркәсіптік және әлеуметтік нысандардың, магистральді газ құбырлары мен құбыр жолдарының, газ компрессорлық стансаларының құрылысы, Семей қаласындағы автокөлік жолдарын, ұшу-қону жолағын реконструкциялау, Шымкенттегі мұнай-химия зауытын жаңғырту жұмыстарының артуына байланысты болды.
Ұлттық экономика министрі тұ­тынушылық сұраныстың күшеюі мен экономиканың нақты секторындағы тұрақты іскерлік белсенділік –ұсынылатын қызметтер саласының өсу драйверлері болғанын айтып өтті. Оның өсімі 3,8% құрады. Сауда мен көлік саласында дамудың қолайлы серпінінің 5,9% және 4,9% жеделдеуі тіркелді. Байланыстың өсу қарқыны 5,9%-ті құрады. Ал сыртқы сауда айналымы тұрақты түрде жоғары өсу траекториясында тұр. Ол І тоқсанда 24,3% немесе $21 млрд ұлғайды. Экспорт 27%-ке өсті. Жоғары өндірістік белсенділік еңбек нарығының көрсеткіштеріне оң әсер етті. Осы жылдың басынан бері 178,7 мың адам жұмысқа орналастырылды. Сондай-ақ Т.Сүлейменовтің айтуынша, өңірлік бөліністе экономиканың барлық дерлік салаларында өсімнің оң қарқыны байқалады.
Қаржы министрі Б.Сұлтанов өз баяндамасында бюджет деңгейіндегі кірістер өсімін атап өтті. Өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда мемлекеттік бюджет кірістерінің өсу қарқыны трансферттер есебінсіз 112%-ті құрады немесе 407 млрд теңгеге артық түсті. Республикалық бюджет кірістерінің өсімі 114% – 329 млрд теңге, жергілікті бюджеттерде – 107,3% – 77 млрд теңгені құрады.
Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев министрліктер мен өңір­лерге ел экономикасының өсімін одан әрі қамтамасыз етуге бағытталған шаралар қабылдауды тапсырды. Кейбір салаларда белгілі бір өсім байқалса да, кейбір секторларда өткен жылмен салыстырғанда артта қалушылық болып отырғандығына тоқтала келе, Премьер-министр барлық орталық және жергілікті атқарушы органдар аталған міндетті шешу үшін жүйелі шараларды күшейтуі керектігін баса айтты.
Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының іске асырылу барысы туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі М. Әбілқасымова баяндады. Сала басшысы бағдарлама еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіптік дағдыларды және біліктіліктерді алу, жаппай кәсіпкерлікті дамыту және еңбек делдалдығының тиімді моделі арқылы еңбек ресурстарының сапасы мен әлеуетін арттыруға бағытталғанын атап өтті. Биыл бағдарламаны іске асыруға 110,6 млрд теңге бөлінген. Бұл 571 мың азаматты жұмыспен қамту шараларымен қамтуға мүмкіндік береді. Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша 290 мыңдай жұмыссыз және нәтижесіз жұмыспен қамтылған азамат жұмыспен қамту шараларына тартылған. Олардың 243 мыңы жұмысқа, оның ішінде 158 мың адам немесе 66%-і тұрақты жұмыс орындарына орналасты. Бағдарламаның бірінші бағыты еңбек нарығында қажетті кәсіптер бойынша жаппай оқытуды көздейді. Бұл ретте былтырдан бастап алғашқы мамандықты алуға жоғары оқу орнына түспеген мектеп түлектеріне тегін техникалық және кәсіптік оқу мүмкіндігі берілуде. 1 қыркүйектен бастап тағы да 21 мың жастар колледждерде оқуын бастайды. Бағдарламаның екінші бағыты – жаппай кәсіпкерлікті дамыту бойынша жыл басынан бері 3027 шағын несие берілді, оның ішінде стартап жобаларын қолдауға – 1567 шағын несие, зәкірлік кооперацияның жаңа бағытын дамытуға – 74 шағын несие және жеке бизнесті кеңейтуге – 476 шағын несие берілді. Жалпы биыл 14 мыңнан астам адам шағын несиемен қамтылады деп күтілуде. Сондай-ақ бағдарламаның үшінші бағыты аясында халықтың әлеуметтік әлсіз топтарының жұмысқа орналасуына жәрдемдесу мен еңбек ресурстарының жұмылғыштығын қамтамасыз ету мақсатында мемлекет­тік қолдау шаралары қарастырылған. М.Әбілқасымованың айтуынша, биылғы жоспарға сәйкес әлеуметтік жұмыс орындары мен қоғамдық жұмыстарға 91,3 мың адам орналастырылады.
Бүгінгі таңда цифрлық экономика­ның талаптарын ескере отырып, жұмыс күшінің дағдылары мен құзыретіне де жаңа міндеттер қойылады. Осыған байланысты еңбек ресурстарын жаңа экономика талаптарына бейімдеу үшін еңбек нарығын жаңа сын-тегеуріндерге даярлау мен жаңғырту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Соған сай министрлік бағдарлама құралдарының тиімділігін арттыру және жаңа шаралармен толықтыру үшін оған кешенді өзгерістер енгізуді ұсынып отыр.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру