Валюта бағамы: $ 346.68 404.02 5.47 ¥ 51.15

Ахқо Азиядағы үздік қаржы орталықтарының біріне айналады

Өткен бейсенбі, 5 шілдеде елордамызда салтанатты жағдайда «Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) ресми түрде ашылды. Жаңа қаржы орталығының жұмысын Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бастап берді.

– Басты қаламыз Қазақстан­ның саяси және әлеуметтік-экономикалық орталығына айналды. Халық­аралық қар­жы орталығының ашылуы да – осының жарқын айғағы. Ресми ашылу салтанатына 50 елдерден және ұйымдардан қонақтар келді, – деді Н.Назарбаев ашылу салтанаты барысында.
Назарбаев АХҚО – тәуелсіз Қазақстан шежіресінің жаңа парағы және оны іске қосуымыз экономикамыздың дәйекті түрде және тиянақты дамуына жасалған маңызды қадам болып табылады деп атап көрсетті.
– Алғаш рет АХҚО-ны құру туралы мен 2015 жылы, жаңа жаһандық сын-тегеуріндерге жауап ретінде ұсыныс жаса­ған болатынмын, – деп еске салып өтті ол. – Өткен жылдар аумағында біз тиімді және тұрақты институттардың ұзақ мерзімді келешегінің қажеттілігіне көзіміз жетті, әлемдегі қаржылық орталық­тарды құру, олардың жұмыс істеуі және дамуының әлемдік тәжірибесін мұқият зерттедік. Соның ішінде Дубай, Сингапур, Гонконгтағы және де басқа қаржылық орталықтарды да. АХҚО-ның қазақстандық үлгісі осы құрылымдардың ең үздік іс-тәжірибесін өз негізіне алған. Орталық Қазақстан Республикасының резиденттерімен де, резидент еместермен де жұмыс істеуге даяр. АХҚО қатысушылары Қазақстанның ғана емес, жалпы алғанда бүкіл аймақтың капиталына кіруге мүмкіндік алады.
Президент АХҚО-ның тұсаукесері Астананың 20 жылдығы қарсаңында өтіп жатқанын символикалық оқиға деп атады.
Елбасы Астана бүгінде «еуразиялық кеңістіктің таныл­ған орталығы» екенін атап көрсетті. Бизнестің сер­пінді дамуы, кәсіпкерлерге жайлы жағдайлар жасалуы, инновациялар дамуы («Ақылды қала» концепциясы аясында) – жаңа қаржылық орталықтың жұмысы үшін қажеттіліктің бәрі бар, сондықтан ол басқа жерде ашылуы тиіс емес, деп санайды президент.
– Осының бәрі АХҚО іс-қимылын тиімді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жағ­дайды пайдалана отырып, шетелдік және отандық бизнес өкілдерін «Астана» халықаралық қаржы орталығының жұмысына қатысуға шақырамын. Мен шын көңілден осы жердегі шараға қатысушы әріптестерді белсенді қолдаулары және біздің жобамызға қатысқаны үшін алғыс айтқым келеді. Астана аймақтың басты қаржы­лық хабына айналуы тиіс, ал келешекте Азияның үздік қар­жылық орталықтарының қата­рына кіреді, – деп сенім білдірді Н. Назарбаев.
Қаржы орталығын ашу бойынша атқарылған жұмыс туралы айта келе, Қайрат Келімбетов жаңа орталықты Астананы құрумен салыстырды – жұмыс сондағыдай «нөлден» бастап жүргізілуде, АХҚО – бір кездердегі астананы көшірген сияқты, революциялық жоба. Және екі жоба да іске асыры­луының алғашқы кезеңінде шүбә келтірген қарым-қатынастарда өрбіді, деп қалжыңдады ол.
Алайда, ашылу салтанатын­да скептицизм аңғарылған жоқ. Керісінше, барлық жоғары шенді қонақтар АХҚО ашып отырған жаңа мүмкіндіктер туралы мақтанышты пікірлер білдіріп жатты.
Жаңа қаржылық орталығына құттықтауларын Халықаралық валюта қорының басқарушы-директоры Кристин Лагард, Еуропалық қайта құру және даму банкінің президенті Сума Чакрабарти, Халықаралық көрмелер бюросының бас хатшысы Висенте Лоссерталес және басқалары жолдады.

Жібек жолы қорының CEO (бас атқарушы директоры – ред.) Ван Яньчжи былай деді:
– Бүгін өте маңызды күн. Мен көптеген елдердегі достарыммен қатар жаңа Қаржылық орталықтың ашылуына қатысу мүмкіндігіне ие болдым. Қазақстанның тәуелсіздік алғаннан бастап айтарлықтай жетістіктерге жеткенін атап айту керек. Астана – Қытай президенті Си Цзиньпиннің «Бір белдеу, бір жол» бастамасын тұңғыш рет жариялаған қала. Екі ел де біздің ынтымақтастығымызды дамыта түсетін АХҚО ашылуын қуанышпен тойлауда.
Осы ретте мына маңызды мәселе туралы да айта кеткен орынды. АХҚО басшысы Қайрат Келімбетов Жібек жолы қоры Қазақстанның инфрақұрылымдық жобаларына екі миллиард доллар инвестиция салуды жоспарлағанын жария етті.
– Бүгін бізде Шанхай қор биржасына жаңа акционерлер қосылды. Олардың арасында Жібек жолы қоры пайда болды. Бұл – капиталы 40 миллиард доллар құрайтын «Бір белдеу – бір жол» бастамасын жүзеге асырумен айналысатын аса ірі ұйым. Бүгін біз Қазақстандағы түрлі инфрақұрылымдық және инвестициялық жобаларға 2 млрд долларға жуық инвестициялауды бекіту туралы мәлімдемені тыңдадық, – деді Қ. Келімбетов.
NASDAQ Inc. (жоғары техноло­гия­лық компаниялардың акцияларымен жұмысқа мамандан­дырыл­ған, штаб-пәтері Нью-Йорктегі амери­калық биржа – ред.) компаниясы төр­ағасының орынбасары Сэнди Мейер Фручер өз сөзінде:
– Халықаралық банктер мен бизнес қауымдастығы өкілдеріне арнап айтарым: АХҚО-ға сенім артыңыздар және оларды осыған шақырамын да. Осы қаржы институтына сеніңіздер, оның нарығына өтемпаз акцияларыңызды, өз өнім­деріңізді енгізіңіздер және іс-қимылдарыңызды жұмылдыры­ңыз­дар, – деп түйіндеді.
Сонымен, ашылу салтанатының нақты орындалуына сахнаға АХҚО-да тіркелген 50 компаниялардың өкілдері шақырылды. Орталықтың жұмысы басталғанын білдіретін гонгты арнайы ұру құқы Қазақс­тан Президенті – Нұрсұлтан Назар­баевқа ұсынылды.
– Мемлекетіміз бар-жоғы 27-ақ жаста, бұл тарих үшін қас-қағым сәт. Әйтсе де, халқымыз гүлденіп, даму болашағына зор қадам жасады деп ойлаймын. Мынау «Астана» халықаралық қаржы оталығы да осы мақсатқа қызмет істейтініне сенімдіміз. Біз өз тарапымыздан орталықтың жұмысы бәріне бірдей қолайлы болып, бизнестері табыс әкелуі және одан Қазақстан да мол пайда табуы үшін барлық жағдай жасаймыз, – деп қорытты Н.Назарбаев.

Исатай ҚАМБАРОВ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру