Валюта бағамы: $ 346.68 404.02 5.47 ¥ 51.15

Органикалық шаруашылық – таза өнім өндірудің негізі

Осыдан бірер күн бұрын премьер-министрдің орынбасары – ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев Алматы облысында арнайы жұмыс сапарымен болып, ауыл шаруашылығы саласына қатысты жұмыстармен жан-жақты танысты, өзінің ой-пікірлерін, ұсыныстары мен алда тұрған міндеттер жайлы көкейкесті мәселелерді ортаға салды.

Министр Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында болғанында ғылыми тұрғыдағы жұмыстарында игілікті ізденістер жасап келе жатқан үлкен институт ұжымына шексіз ризашылығын білдірген еді. Міне, көп уақыт өтпей-ақ осы ғылыми-зерттеу институты тағы да бір тағылымды табандылықтың тамаша үлгісін көрсетіп үлгерді. Ол Ауыл шаруашылығы ми­нистр­лігімен, Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығымен бірлесе отырып, «Органикалық ауыл шаруашылығы – экологиялық таза өнімдерді өндірудің негізі» атты тақырыпта халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткі­зудің ұйытқысы болды. Аталған іс-шараға тек Қазақстанның ғана емес, алыс-жақын шетелдердің кеңінен танымал ғалымдары мен ауыл шаруашылығы саласында молынан іс-тәжірибе жинақтаған білікті де шебер бесаспап маман­дары қатынасты.
Конференцияның ұйымдас­тыру комитетінің құрамында универ­ситеттердің ректорлары мен сан-салалы ғылыми-зерттеу институттарының директорлары, барлығы 13 адам болды. Ал, халықаралық ғылыми коми­теттің құрамынан, алыс-жақын шетелдерден барлығы 13 адам­ның қамтылуының өзі конференция маңызының өте зор бол­ғанын көрсетеді. Қатарынан екі күнге созылған айтулы іс-шарада аталған тақырыптың шеңберінде экологиялық таза өнімдерді өндірудің негізі түбегейлі әңгіме арқауына айналды десек, артық айтқандық болмас. Бұл халық мүддесі үшін жасалып жатқан жағдайдың барысына жан-жақты мән беру болып табылады.
Бастапқы күні қатысушыларға Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының қол жеткізген ғылыми жетістіктері, көрмелері мен зертхана жүйелері, тұқым сақтайтын қоймалары, сонымен қатар барлық дақылдар бойынша жайқалып өскен егістік алқаптары таныстырылып, әралуан тақырыптарға белгіленген пленарлық мәжілістер өткізілді. Келесі күні секциялық мәжілістердің де маңыздылығы өзіндік ерекшелігімен назар аударды.
Бес бағыттағы секциялық мәжілістер модераторлар, белгілі ғалымдар А.Иванов, Ф.Привалов, Р.Оразалиев, В.Кирюшин, С.Кененбаев, А.Сапаров, В.Надыкта, А.Сағитов, С.Кешуов, А,Грибановский, ғылыми хатшылар М.Есімбекова, К.Булатова, А.Хи­диров, Б.Дүйсенбекова, К.Бай­мағам­бетовалардың жетекші­лігімен өтті. Осынау мәжіліс­терде органикалық ауыл шаруашылығы – экологиялық таза өнім өндірудің негізіне айырықша тоқталып, оның тиімділігі мен тигізер пайдалы мүмкіндіктерін тереңдеп ашуға барынша мән берілді. Осы орайда ғалымдар мен мамандар өздерінің шегіне жеткен түйінді ойларын бүкпесіз ортаға салды. Оның ертеңгі күнге қажеттілігі және ескерілер жағы да баршылық. Бұл ортақ мақсатқа құлшындыра түседі.
Конференцияның ашылу салтанатында модераторлық жасаған С.Кененбаев пен У.Тәжібаев ауыз толтырып айтарлық іс-шарадағы негізгі бағыттарды тілге тиек етіп отырды. Сондай-ақ Ұлттық ғылым академиясының президенті М.Жұры­нов, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры Т.Есполов, Белгород ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының директоры С.Тютюновтардың, тағы басқа шетелдік танымал тұлғалардың құттықтау сөздері де сондай әсерлі болды.
Қатысушылар пленарлық мәжіліс­тегі баяндамаларға барынша ден қойды. Олардың арасынан Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бас директоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ауыл шаруашылығы ғылым академиясының және Моңғолия аграрлық ғылым академиясының академигі, ҚР Ұлттық ғылым академиясының Құрмет­ті мүшесі Серік Кененбаевтың «Орга­никалық егіншілік – Қазақстан­дағы агробизнестің серпінді дамуының не­гізі», В.В.Докучаева атындағы топырақ институтының директоры, РҒА академигі А.Ивановтың «Ресейдегі егіншілік экологиялық тұрақтылықта: жағдайы, проблемасы мен шешу жолдары», Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры, ҚР ҰҒА академигі Т.Есполовтың «Қазақстандағы органикалық егіншілік жайы мен келешегі және оның дамуы», Омск аграрлық ғылыми орталығының бас ғылыми кеңесшісі, РҒА академигі И.Храмцовтың «Сібірдегі ауыл шаруашылығындағы органикалық дамудың ғылыми негіздері», сондай-ақ Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының астық мәдениеті бөлімінің бас ғылыми қызметкері, биология ғылымының докторы, профессор, академик Р.Оразалиевтың, Ресейдің К.А.Тимирязев атындағы геология және ландшафтану университетінің топырақтану кафедрасы меңгерушісі В.Кирюшиннің, К.И.Скрябин атындағы Қырғыз ұлттық аграрлық университеті Қырғыз-Қытай ҒЗЛ меңгерушісі У.Качибековтың, сол сияқты Қытай, Моңғолия ғалымдарының жасаған баяндамалары мәселенің терең зерттелуімен, өткір қойылуы және байыптылығымен жиналған қауымның көңілінен шықты. Осылайша Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында өткен халықаралық ғылыми-практикалық конференция қатысушылардың мерейін бір көтеріп тастады.

Қанат ТӘКЕБАЕВ,
журналист


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру