Валюта бағамы: $ 356.54 419.43 5.42 ¥ 51.86

Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар қанша төлейді?

Мемлекет басшысы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты халыққа Жолдауында еліміздегі жалпыұлттық жаңғырудың негізі – әрбір жеке адамның жаңа сапалы дамуы екенін атап көрсетті. Осы тұрғыда білім берудің озық жүйесін, үздік денсаулық сақтау ісін, сапалы жұмыспен қамту және әлеуметтік қамсыздандырудың әділетті жүйесін қалыптастыру міндеттерін айқындап берді.

Әлеуметтік саясат азаматтарды толыққанды экономикалық өмірге тарту арқылы жүзеге асырылатын болады. Осы мақсатта еңбек нарығының тиімділігін қамтамасыз етіп, әрбір адамның өз әлеуетін іске асыра алуы үшін жағдай жасау – бірінші кезектегі маңызды міндеттердің қатарында. Дамудың жаңа белесіне бет алған осы кезеңде шешімін күткен өзекті мәселелердің бірі көптен бері айтылып жүрген өзін-өзі жұмыспен қамтығандар санатындағы азаматтардың жылдар бойы әлеуметтік қамсыздандыру жүйесінен тыс қалып келгендігі, оларды көлеңкеден шығарып, ресми айналымға қосу жайы болатын. Үкімет осы түйткілдің шешімін табу мақсатында бірқатар шараларды қолға алды.
Күні кеше Үкіметтің бас­пасөз орталығында өткен бас­пасөз мәслихатында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Нұржан Әлтаев «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне бейресми жұмыспен қамтылғандардың қызметін заң­дастыру мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы» жаңа заң жобасында қа­рас­тырылған жаңалықтар мен бірыңғай жиын­тық төлем енгі­зудің қажет­тілігі туралы айтып берді.
– Елбасы тапсырмасы бойынша министрлік қазіргі таңда бейресми жұмыспен қамтылған адамдарды немесе кәсіпкерлік қызметтің қандай да бір түрле­рімен айналысатын, алайда ресми тіркелмеген азаматтарды көлең­кеден шығаруға мүмкіндік беретін бірқатар құралдармен жұмыс істеп жатыр. Үкімет пен министрлік бұл адамдарды әлеуметтік қамсыздандыру құрылымына қосу үшін бірлесе жұмыс атқаруда.
Алдағы уақытта ол адамдар зейнеткерлік жасқа жеткен кезде немесе ауырып қалған жағдайда, сондай-ақ бала күтіміне байланысты демалысқа шығатын әйелдер әлеуметтік төлемдер ала алмай қалуы мүмкін, – деп атап өтті Нұржан Әлтаев.
Вице-министрдің түсін­діруі­нше, барлық қазақ­стандық­тар әлеуметтік жеңілдіктер алып, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің қатысу­шысы болуы үшін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін Бірыңғай жиынтық төлемді енгізуді ұсынады. Бірыңғай жиынтық төлемді енгізу тіркеу­ді оңайлатады және салық ауыртпалығын жеңілдетеді, МӘМС аясында медициналық қызмет алу құқығын береді және міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйе­сінен әлеуметтік төлем­дерді тағайындауға жол ашады.
Еңбек және халықты әлеумет­тік қорғау министрлігінің есеп­теуі бойынша, БЖТ енгізу ар­қылы шамамен 500 мың өзін-өзі жұмыспен қамтыған адам ресми тіркеледі.
Қала тұрғындары үшін БЖТ мөлшері бір АЕК болады, ал ауыл тұрғындары үшін – 0,5 АЕК. Осылайша, түскен қаражаттың 10%-ы жеке табыс салығына, 20% – мемлекеттік міндетті әлеуметтік сақтандыру қорына, 30% – зейнетақы төлемдеріне , 40% – Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына түседі.
Н.Әлтаев министрлік осыған ұқсас бағдарламаларды енгізудің халықаралық тәжірибесін зерттеп, зерделегенін айтты. Мәселен, осындай жұмыстың нәтижесінде 1998-2009 жылдары Аргентинада тіркелген шағын бизнес субъектілерінің саны үш есе өскен болса, 2010-2011 жылдары Бразилияда тіркелген кәсіпкерлер саны 1,4 миллионға дейін артқан екен. Сондықтан алдымыздағы қыркүйек айында Мәжілістің қарауына салық және әкімшілік-құқықтық шаралар кешенін қарастыратын халық­ты жұмыспен қамтуды рәсімдеу мәселелері туралы заң жобасы енгізіледі.

РЫМТАЙ САҒЫНБЕКОВА


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру