Валюта бағамы: $ 364.95 416.99 5.55 ¥ 52.58

Теңгенің әлсіреуіне әсер еткен фактордың бірі

ФРЖ-нің негізгі мөлшерлемесі кезекті рет көтерілді

Алматыда Ұлттық банк өкілдерінің қаржы сарапшыларымен дөңгелек үстел басындағы кездесуі өтті. Кездесу барысында қаржы реттеушісінің ақша-кредит саясатына қатысты мәселелер, ақша және валюта нарықтарындағы ахуал, сондай-ақ теңгенің әлсіреуіне әсер еткен факторлар туралы айтылды.

Дөңгелек үстел басындағы әңгімеде Ұлттық банктің зерттеулер және статистика департаментінің директоры Виталий Тутушкин қатысушыларға жылдық инфля­цияның биылғы жылға межеленген деңгейде екендігін, қаржы рет­теушісінің бағалауына сәйкес оның бұдан кейінгі серпіні 2018 және 2019 жылдардағы нысаналы дәліз шегінде қалыптасатыны туралы айтып берді. Алайда сыртқы сектор және бюджеттік саясат тарапынан инфляциялық тәуекелдердің қысқа және орта мерзімді перспективада іске асуының ықтималдылығы үстіміздегі жылғы ақша-кредит талаптарының жұмсару әлеуетін шектейді.
Ұлттық банктің бағалауына сәй­кес, инфляцияның төмендеу үрдісі жалғасып отыр. Маусымда жыл­дық инфляция 5,9%-ға дейін баяулады. Бұл – 2015 жылғы қазаннан бергі кезеңдегі ең төмен деңгей. Биыл бірінші жартыжылдықта оның деңгейі өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда (3,7%) барынша төмен (2,6%) болды. «Инфляция деңгейінің төмендеуіне ауыл шаруашылығы өнімдері мен азық-түлік нарығындағы үрдістердің барынша қолайлы мау­сым­дық ық­палы және отандық өнді­рушілердің тұтыну тауарларына баға өсуінің баяулауы себепші болды. Қаңтар-маусымда өсу (жылдық көрсетуде) 3,4%-дан 1,9%-ға дейін баяулады. Ұлттық банктің бағалауы бойынша жылдың соңына дейін жылдық инфляция көрсеткішінің айтарлықтай баяулауы күтілмейді. Бұл өткен жылдың төмен статистикалық базасына байланысты. Былтыр үшінші тоқсанда инфляция деңгейі шамалы (0,5%) болған еді», – деп атап өтті В.Тутушкин.
Ұлттық банк өкілінің айтуынша, халықтың инфляциялық күтулері салыстырмалы орнықтылықты көрсетіп отыр. Бір жыл алға күтілетін инфляцияны сандық бағалау көрсеткіші маусымда биылғы ақпан және мамыр айларының деңгейінде, яғни 6,0% болды. Күтулердің наурыздағы (неғұрлым төмен) және сәуірдегі (неғұрлым жоғары) өзгеруі ағымдағы нарықтық жағдайлардың әсер етуін көрсетті. «Халықтың инфляцияны қабылдауы жақсаруда. Сауалнама нәтижесінде «тауарлар мен қызметтердің өткен 12 айдағы бағасы бұрынғыға қарағанда, жылдамырақ өсті» деп санайтын респонденттерінің үлесі маусымда бақылау жасалып отырған бүкіл кезең бойынша ең төменгі деңгейде, 44,2% болды. Тұтыну бағасының өткен жылға қарағанда төмендегенін немесе төмендеп отырған серпінін атап өткен респонденттердің үлесі ең жоғары тарихи мәнді – 22,5%-ті көрсетіп отыр», – деп хабарлады В.Тутушкин.
Елде экономикалық белсенділік өсу үстінде. Қысқа мерзімді эконо­микалық индикатор қаңтар-мамыр аралығындағы кезеңде жылдық көрсеткіш бойынша 5,1%-ті құрады. Тау-кен өндіру және өңдеуші өнеркәсіп, байланыс, сауда, көлік және ауыл шаруашылығы секілді негізгі салалардың бәрінде де өсім жақсы. Бұл ретте экономикалық өсу көрсеткіштері өзінің әлеуетті мәндерінен жоғары. Олар тұтыну­шылық және инвестициялық ішкі, сол сияқты сыртқы жиынтық сұраныстың кеңеюімен қамтамасыз етілуде. Бұл экономикаға про­инфля­циялық қысым жасайды. «Тұтынушылық жиынтық сұра­ныстың кеңеюін ынталандыратын факторлардың бірі бюджет саяса­тының әлеуметтік бағыты болып қалады. Зейнетақы төлемдерінің ағымдағы жылғы 1 шілдеден бастап көтерілуі халықтың әлеуметтік осал топтарына қолдау жасайды. Екінші жағынан алғанда инфляциялық аяның төмендеуін шектейді», – деді Ұлттық банк өкілі.
Сыртқы нарықтағы ахуал түрлі сипатта болып отырғанын айта келіп, В.Тутушкин: «Мұнай бағасының өзгерісі оң әсерін жалғастыруда, бір баррель үшін баға орташа алғанда 70 АҚШ долларынан жоғары болып қалыптасты. Мұнайға әлемдік бағаның бұдан былайғы өзгерісіне қатысты сарапшылардың орташа жылдық болжамдары жақсы.Маусым айында, жыл басынан бері алғаш рет әлемдік нарықта азық-түлік бағаларының төмендеуі байқалды. FAO бағалар индексі 1,3%-ке төмен­деді, бұл елдер арасындағы сауда шиеленісінің күшеюіне байланысты. Нәтижесінде астық бағасының төмендеуі байқалды. Алайда тұтастай алғанда, негізгі дәнді дақылдар өндірісінің болашағы нашарлап отыр. Сарапшылардың пікірі бойынша, бұл инфляциялық аяны күшейтеді және индекстің одан әрі өсуіне ықпал етеді», – деді.
Орта мерзімді кезеңде сыртқы саудадағы негізгі әріптес елдерде инфляция деңгейінің күті­летін көтерілуіне байланысты проинфляциялық қысымның болуы ықтимал. Сыртқы монетарлық талаптардың қатаңдауы жалғасуда. Мәселен, маусымда ФРЖ негізгі мөлшерлемесі кезекті рет көтерілді. Нәтижесінде әлемдік нарықтарда АҚШ долларының күтулі нығаюы байқалды. Дамушы нарықтардың валюталарынан капитал ағындары бағытының АҚШ долларына қарай өзгеруі байқалды. Дамушы нарықтардағы жалпы үрдіс Қазақстанға да қатысты болғанын атап өту керек. Атап айтқанда, Ұлттық банктің бейрезиденттердегі қысқа мерзімді ноттарының көлемі биылғы наурыз-маусым аралығында ең көп деңгейден, 454 млрд теңгеден 241 млрд теңгеге дейін төмендеді. Бейрезиденттердің пайданы белгілеуі валюта нарығына тікелей ықпал етті. Бұл теңгенің әлсіреуіне әсер еткен факторлардың бірі болды.
Ұлттық банк өкілі жалпы алған­да ақша-кредит талаптары бейтарап деңгейде екенін атап өтті. Ор­нықсыз сыртқы факторлар мен проинфляциялық тәуекелдердің іске асырылу ықтималдығы аясында инфляциялық күтулерді басқару мәселесі өзекті болып қалуда. Осы орайда ақша-кредит талаптары сипатының барынша қатаңдана түсуі де жоққа шығарылмайды. «Соңғы екі жылда ақша-кредит саясатын жүргізуде операциялық бағдар болып табылатын TONIA индикаторы базалық мөлшерлеменің пайыздық дәлізінің төменгі шегіне жақын тұрғанын ескере отырып, Ұлттық банк ақша-кредиттік реттеудің операциялық тиімділігін арттыру мүмкіндігін де қарастырады. Осы ретте Ұлттық банк екінші жартыжылдықта дәліздің шекараларын біртіндеп тарылту мүмкіндігін зерделейтін болады», – деп түйіндеді сөзін В.Тутушкин.
Дөңгелек үстел басындағы әң­гімені қорытындылай келіп, Ұлттық банктің өкілдері сарапшылардың сұрақтарына жауап берді, қаржы реттеушісінің нарықпен және жұрт­шылықпен белсенді байланысты жолға қою саясаты аясындағы мұндай басқосулардың маңыздылығы атап өтілді.

Рымтай САҒЫНБЕКОВА


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру