Валюта бағамы: $ 356.54 419.43 5.42 ¥ 51.86

Мұнай ағыны бас қаладан басқарылады

ҚазТрансОйл жаңа жүйелерді енгізуде 

ҚазТрансОйл ұлттық операторы мұнайды қабылдау мен тапсыруды, Ақтау порты мен компанияның теміржол эстакадаларында мұнай құюды Бас диспетчерлік басқармасынан онлайн режимде қадағалайтын болады. Осы арқылы ҚТО диспетчерлік бақылау мен басқарудың SCADA жүйесін енгізу бойынша жобаны толық жүзеге асырып отыр.

Елімізде магистральді мұнай құбырлары жүйесі бойынша мұнай ағынын басқару орталықтандырылып, салада сандық өзгерістер қарқын алды.

Енді ҚазТрансОйл Астанадан тікелей Қазақстанның 11 аймағындағы мұнай ағынын басқара алады. «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімов ұлттық оператордың жаңа бас диспетчерлік басқармасын ресми түрде іске қосты.
ҚТО-дағы диспетчерлік басқарманың бұрынғы құрылымы төрт деңгейлі сатыдан: жергілікті, аудандық, орталық диспетчерлік пункттерден және Астанадағы бас диспетчерлік басқармадан тұратын. Ұзақтығы 5,4 мың км құрайтын мұнай құбырының барлық жүйесі бойынша мұнай тасымалын басқару кезең-кезеңмен, даму және SCADA жүйесін енгізу деңгейіне қарай жергілікті диспетчерлік пункттерден аудандық диспетчерлік пункттерге берілді. Ал соңғы жылдары басқару Атырау мен Павлодардағы орталық диспетчерлік пункттерден жүргізілді. Сонымен қатар мұнай ағыны Астанадағы бас диспетчерлік басқарманың бақылауында болды. Қазір құрылымда тек жергілікті диспетчерлік пункттер мен бас диспетчерлік басқарма ғана қалып, екі деңгей оңтайландырылып отыр. Ендігі жерде мұнай тасымалы толығымен елордадан басқарылады.
Қара алтынды қабылдау мен тапсыру, оны барлық мұнай құбырлары бойынша құю бас басқарма диспетчерлерімен нақты уақыт режимінде жүзеге асырылады. Жаңа технологиялардың көмегімен мамандар мұнай құбырының барлық учаскелерінде операцияларды басқаратын болады. Технологиялық учаскелерге бөлінген ҚТО-ның магистральді мұнай құбырының бүкіл жүйесі бас орталықтан басқарылады. Технологиялық процестің үзіліссіз мониторингіне жауапты мамандар тәулік бойы жұмыс жүргізеді. Компаниядағы сандық технологиялар қазақстандық мұнайды еліміздің мұнай өндеу зауыттарына жеткізуді, Қара және Балтық теңіздерінің порттары арқылы Қытайға және Өзбекстанға экспорттауды басқаруға, сондай-ақ ресейлік мұнайды ҚХР мен Өзбекстанға транзиттеуге тың мүмкіндіктер береді.
Сонымен қатар Ұлттық әл-ауқат қорының басшысы бас диспетчерлік басқармадан цифрлық технологиялар арқылы Қазақстан-Қытай мұнай құбырлары жүйесінің даму жобасының екінші кезеңі аясында қайта жаңғыртылған Ақтөбе облысындағы «Кеңқияқ» бас мұнай айдау станциясын іске қосты. А.Есімов жиналғандарды жаңа нысанның ашылуымен құттықтап, аталған жобаның еліміз үшін маңыздылығы жоғары екендігін атап өтті.
«Кеңқияқ» бас мұнай айдау станциясының іске қосылуы қазақстандық мұнайды Қытайға экспорттау көлемін ұлғайтуға, Батыс Қазақстан мұнайын отандық мұнай өңдеу зауыттарына тасымалдауды қамтамасыз етуге ықпал етеді. «ҚазТрансОйл» АҚ бас директоры Д.Досанов «Кеңқияқ» бас мұнай айдау станциясын қайта жөндеу және Кеңқияқ-Атырау мұнай құбыры реверсі жобасын толық көлемде іске қосу арқылы қазақстандық мұнайдың Қытай Халық Республикасына экспорты артатынын, батысқазақстандық мұнайдың отандық мұнай өңдеу зауыттарына тасымалдануы қамтамасыз етілетінін жеткізді. Бұл еліміздегі МӨЗ-дер қайта жаңғыртылғаннан кейінгі отандық шикізаттың есебінен мұнай тұтынуды арттыру болжамын қанағаттандырады.
Жалпы, қайта жөндеу жобасы – бұл отандық мұнайдың ішкі және экспорттық жеткізілуін ұлғай­туда маңызды қадам, еліміздің өнер­кәсіптік өрлеуіне және оның тран­зиттік-экспорттық әлеуетінің дамуына қосып жатқан елеулі үлесі. Қазақстан-Қытай мұнай құбыры жүйесінің құрылысы екінші кезеңінің екінші кезегі жобасы мұнай өндірісін 20 млн тоннаға дейін арттыруға, мұнайды экспортқа жөнелтуге және әртараптандыруға бағытталған. Жаңа қуатты серпін мұнай экспортын тасымалдау аясын кеңейтуге елеулі септігін тигізіп, еліміздегі мұнай өңдеу зауыттарын отандық шикізатпен толтыруға жағдай туғызды. Осы жобаның аясында 2016 жылы Атырау облысында Шманов атындағы мұнай айдау станциясы қайта қалпына келтіріліп, кеңейтілген болатын. Ал биыл жөндеу жұмыстары аяқталып отырған Кеңқияқта сыйымдылығы 40 000т/м3 болатын сұйыққойма паркі жөнделді. Сөйтіп, жылына 20 млн тонна мұнай айдауға мүмкіндік беретін екі магистральді сорғы агрегаты бар қондырғы орнатылған магистральді сорғы станциясы, қосымша үшінші сорғы агрегаты орнатылған тірек сорғысы іске қосылды. Сондай-ақ жиілік реттеуді қамтамасыз ететін және электрқозғауышты бірқалыпты жүргізуге жәрдем беретін кешенді қондырғы орнатылып, өрт сөндіру станциясы, қауіпсіздік жүйесі, найзағайға қарсы қорған, мұнай айдау станциясының сенімді жұмысын қамтамасыз ететін өзге де нысандар пайдалануға берілді. Ағымдағы жылы «Мұнайтас» батыс құбыр компаниясы «Кеңқияқ-Атырау» мұнай құбырының реверс жобасын іске асыруды жоспарлап отыр.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру