Валюта бағамы: $ 356.54 419.43 5.42 ¥ 51.86

Мүмкіндіктер аясы кең

Инвестициялық әлеует таныстырылды   

Еліміздің ауыл шаруашылығы саласының алдында еңбек өнімділігін және өңделген өнім экспортының көлемін 2,5 есеге арттыру туралы зор міндет тұр. Оны орындау үшін жалпы агроөнеркәсіп кешенінде жаңа көзқарасты қалыптастырып, биік талаптарды меңгеру қажет.

Халықтың жартысына жуы­ғының негізгі кіріс көзі болған­дықтан, АӨК-тің экономи­калық және әлеуметтік мәні орасан. Осы ретте еліміз үшін салаға тікелей шетел инвестицияларын тарту мен өзара тиімді бірлескен кәсіп­орындар құру еліміз үшін өте маңызды. Жаңа Жібек жолының азық-түлік қауіпсіздігі талқыланған «Kazakhstan Global Investment Roundtable» дөңгелек үстелі аясында Премьер-министрдің орынбасары – ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев инвесторларға Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешеніндегі мол мүмкіндіктерді таныстырды. Cedar Meats, Agriprotein Technologies, Phoenix Global DMCC, Green Island трансұлттық компаниялары, Дүниежүзілік банк өкілдері қатысқан алқалы шара еліміздің инвестициялық, экономикалық даму және бәсекеге қабілеттілік саласындағы саясатын талқылау тұрғысынан өрбіді.
Бүгінде Қазақстан ет өнімдері, сиыр және қой еті бойынша жоғары экспорттық әлеуетке ие. Еліміз қол жеткізген бәсекеге қабілеттілік деңгейін қолдау және одан әрі кеңейту үшін агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік реттеудің тәсілдері арқылы ішкі нарықты қорғауға, сыртқы сауда нарығын кеңейтуге, сауда-логистикалық инфрақұрылымды дамытуға және агроөнеркәсіптік кешен субъек­тілерін қаржыландырудың қолже­тімділігін арттыруға баса назар аударылуда.
Соңғы 5 жылда аграрлық сектор 4,4 млрд доллар инвестиция тартты, ал осы жылдың бірінші тоқсанында 136 млн доллар инвестиция тар­тылған, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 25%-ке артық. Ағымдағы жылдың 3 айында ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау 47% -ке, оның ішінде өңделген өнімдердің экспорты 26%-ке өсті.
Сала басшысы біздің тарап қазақстандық ауылшаруашылық өнімін, оны өңдеуді алға жылжытуға, өндірістік процестерге, менеджмент пен маркетингке заманауи технологиялар тартуға қызығушылық танытқан шетелдік инвесторларға жан-жақты қолдау жасауға әзір екендігін жеткізді. Ө.Шөкеев инвесторларды қазір экспорттық мүмкіндіктерді арттыру жұмыстары жүргізіліп жатқандығынан хабардар етті. Мысалы, Иранға тірі қойларды, мұздатылған және салқындатылған қойларды жеткізу үшін кедергілер жойылып, өткен жылы алғаш рет Иранға 4763 бас – 129,5 тонна тірі қой мен 509,8 тонна қозы экспортқа шығарылды. Қазақстаннан сиыр етін импорттауға қойылатын талаптар келісіліп, тауық жұмыртқасын экспорттауға рұқсат берілді. Сауд Арабиясы мен Біріккен Араб Әмірліктеріне ірі және ұсақ мал жеткізуге шектеулер алынып тасталынды. Сонымен бірге Біріккен Араб Әмірліктеріне ет және ет өнімдерін, тауық жұмыртқаларын жеткізу үшін кедергілер жойылды. Қазірдің өзінде Қытай нарығы Қазақстаннан импортталатын ауылшаруашылық өнімдеріне: мұздатылған сиыр және қой, балық, бал, тірі жылқылар, сондай-ақ бидай, кебек, соя, жоңышқа, рапс, ұн, өсімдік майы өнімдерін тасымалдауға ашылды. Өткен жылы Қытай Халық Республикасына жөнелтілген ауылшаруашылық өнімдерінің экспорты 34,3% -ке –134,5 млн доллардан 180,6 млн долларға дейін өсті. Ауылшаруашылық өнімдерін экспорттауға 167 қазақстандық кәсіпорын шет елдердің реестр­леріне енгізілді. Мысалы, 150-ге жуық кәсіпорындар Қы­тай­ға әртүрлі ауылшаруашылық өнімдерін экспорттауға құқылы болды, 17 балық өңдеу кәсіпорны Еуропалық одаққа балық өнім­дерін экспорттауға рұқсат алды. Қазақстанның географиялық қолайлы орналасуына сәйкес, бірқатар ірі инфрақұрылымдық жобалар – Қытай шекарасында Қорғас порты, Каспий теңізіндегі Ақтау порты, Батыс Еуропа – Батыс Қытай халықаралық транзит дәлізі іске асырылуда.
Қазіргі таңда көптеген шетелдік компаниялар еліміздің аграрлық секторындағы түрлі жобаларда тұрақты жұмыс істеуде. Олардың қатарында: сүт саласындағы «Danon» және «Lactalis» трансұлттық компанияларын, томаттар өңдеу бойынша жобаға қатысушы қытайлық «COFCO» ірі мемлекеттік компаниясын атап өткен орынды. Сонымен қатар ХІ Астана экономикалық форумы аясында министрлік ірі трансұлттық компаниялармен жалпы сомасы 106,5 млн долларды құрайтын келісімдерге қол қойғаны мәлім. Әлеуетті инвесторлар тек өздерінің капиталымен ғана емес, тың технологияларымен, әлемдік брендтерімен, менеджменттік тәсілдерімен, экспорттық нарық­тарымен келуде. Әлбетте, шын ниетке, салмақты қарым-қатынасқа негізделген қызмет те өміршең, табысты болатыны күмән тудырмайды.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру