Валюта бағамы: $ 356.54 419.43 5.42 ¥ 51.86

Ислам қаржы институттарына жол ашық

Жетпісбай Бекболатұлы,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
кафедра меңгерушісі
e-mail: Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz

Қазіргі заманғы қаржы институттары кәсіпкерлік табыс табумен қатар қоғамға әлеуметтік пайда әкелуге де көңіл бөле бастады. Бұл орайда ең алдымен ислам банкингі мен қаржысы ауызға оралады. Ислам қаржысының елімізге келуінің ширек ғасырға жуық тарихы бар. Республикамыз 1995 жылы Ислам ынтымақтастығы ұйымына қосылғаннан кейін Ислам даму банкінің мүшесі болды. Содан бері аталған қаржы институттары экономиканың басым секторларында, оның ішінде ауыл шаруашылығы сааласында, инфрақұрылымдық жобалар, сондай-ақ ғылым мен технологияларды дамыту бағыттарында өзара тиімді ынтымақтастыққа негіз қалады.
Ислам Даму банкі 2012-2015 жылдары Қазақстанда өзінің Тәуелсіз мемлекеттер достастығы аумағындағы алғашқы елдік стратегиясын жүзеге асырды, бұл ел экономикасына, атап айтқанда, сауданы қаржыландыру, жекеменшік секторды дамыту және сақтандыру салаларына шамамен 650 млн доллар қаржы тартуға жол ашты. Бүгінгі таңда банк жалпы сомасы 1,874 млрд долларды құрайтын 67 жобаны мақұлдады. Ислам Даму банкі жалпы операциялар сомасының 55,8 пайызын құрайтын көлік инфрақұрылымын дамыту, 23,3 пайызды құрайтын ауыл шаруашылығын дамыту, шағын және орта бизнесті және қаржы секторын дамыту (19 пайыз), білім беру (1 пайыз), денсаулық сақтау (0,8 пайыз), ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, санитарлық бақылау және қала қызметтері сияқты негізгі бағыттар бойынша қаржы салуда. Еліміздің Ислам Даму банкімен ынтымақтастығының кеңеюіне Елордадағы «Астана» халықаралық қаржы орталығының құрылуы себепкер болуда. Инновациялық қаржы технологияларын дамытуды көздейтін тиімді ортаны қалыптастыратын «Астана» халықаралық қаржы орталығының жұмысына қатысушылар үшін Қазақстанның ғана емес, сондай-ақ бүкіл әлемнің капиталы қолжетімді болады. Еліміздегі жетекші халықаралық қаржылық қызметтер орталығы үздік әлемдік тәжірибеге сәйкес жұмыс істейді. Осыған байланысты жалпы ағылшын заңдарының қағидаттарына негізделген тәуелсіз халықаралық сот жүйесі, негізгі халықаралық серіктестермен стратегиялық ынтымақтастық және басқа қаржы саласындағы халықаралық реттеу және бизнес стандарттары енгізілді. Қаржы орталығында посткеңестік кеңістікте баламасы жоқ, бұрын-соңды болмаған жағдайлар жасалған.
Инвестицияларды тарту және елдің қор нарығын дамытуды іске асыру мақсатында «Астана» халықаралық қаржы орталығының биржасы құрылды. Бүгінгі таңда әлемдік капиталдандыру бойынша екінші орындағы Nasdaq. inc. америкалық қор биржасы және әлемдік капиталдандыру бойынша 4 орындағы Шанхай қор биржасы «Астана» халықаралық қаржы орталығы биржасының акционерлері болып табылады. Халықаралық қаржы орталығының Қытаймен және Солтүстік Америкамен стратегиялық әріптестігі жетекші әлемдік биржалармен инвестициялық өтімділікке қол жеткізуге мүмкіндік береді, сонымен бірге Қазақстанның капитал нарығына инвестиция тарту арттырылады. «Астана» халықаралық қаржы орталығының биржасында Euroclear жүйесі арқылы есеп айырысу инвесторлар базасын кеңейтуге және мемлекеттік қарыз алу құнын төмендетуге ықпал етеді. Сондай-ақ инновациялық қаржы технологияларын дамыту мен ілгерілету үшін қолайлы экожүйе қалыптастыруға бағытталған жобалар ішінде «Астана» халықаралық қаржы орталығының цифрлық сот төрелігі жүйесі e-Justice, цифрлық криптобиржа, криптовалюталар үшін депозитарий, қаржылық супермаркет, киберқауіпсіздік орталығы, ислам қаржы технологиялары, халықаралық стартап бағдарламалары мен басқа да жобалар бар.
«Астана» халықаралық қаржы орталығының негізінде Халықаралық ислам сауда-қаржы корпорациясының өкілдігі ашылды. Аталған корпорацияға қосылу ұлттық экспортты және өзара сауданы жетілдіруге жағдай жасап, сондай-ақ Ислам ынтымақтастық ұйымына мүше елдердегі жаңа құралдар мен тұрақты қаржы көздерін, нарықтарды ынтымақтастыққа тартады. Осы арқылы ұйым елдерімен өзара сауда-саттықта құнды тәжірибе алуға, сонымен қатар Халықаралық ислам сауда-қаржы корпорациясының технологиялары мен жинақталған тәжірибесін дайын өнім экспортын дамытуға бағыттауға жол ашылады. Мұнымен қатар жекешелендіру бағдарламаларына қатысу, инфрақұрылымдық қор құру, сондай-ақ қазақстандық компанияларды шетелдік капитал нарықтарына шығару мәселелері шешімін табады. Қазақстанның қаржы секторын дамыту стратегиясына сәйкес 2020 жылға қарай жиынтық исламдық банк активтерінің көлемі 3-5 пайызға жетуі тиіс. Елбасы 2020 жылға қарай Қазақстанды ТМД және Орталық Азиядағы ислам банкингінің орталығы ретінде қалыптастыру тапсырмасын алға қойып отыр. Берілген міндеттер мен мақсатты көрсеткіштерге қол жеткізу елде исламдық қаржы институттарының қызметі үшін тиісті шарттар жасалса ғана мүмкін болады. Осыған орай «Астана» халықаралық қаржы орталығының алаңында исламдық сукук бағалы қағаздарын шығару бойынша қызу жұмыс жүргізіліп жатыр.


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру