Валюта бағамы: $ 346.68 404.02 5.47 ¥ 51.15

Ғылым-білім ұлттың өркендеуіне қызмет етуі тиіс

Білімді болудың мақсаты – мансап емес, қоғам мен ұлтыңа қызмет ету. Қазақстан ғалымдарының библиографиялық материалдары сериясы бойынша «Дайк-Пресс» баспасынан 2008 жылы шыққан кітапшаның алғысөзіне осылай деп қолын қойған академик, экономика ғылымдарының докторы, профессор Көпжасар Нәрібаев мансапты тәрік етіп, өзінің бүкіл ғұмырын қоғам мен ұлтына адал қызмет етуге арнады.

Көпжасар Нәрібайұлы – ұлттың бетке ұстар қайраткерлері мен ардақты азаматтарын «халық жауы» деген жаламен қуғын-сүргінге ұшыратып, қырып-жою­ды, одан аман қалғанын қанды май­данға аттандырып, оралмауын көздеген кеңестің репрессиялық саясаты бел алып тұрған кезеңде, 1938 жылы Жамбыл ауданына қарасты қасиетті Әулиеата жерінде, Бектөбе ауылында шаруа Нәрібай әке мен Бүбікүл ананың шаңырағанда дүниеге келген дара тұлға. Көпекең қиын-қыстау соғыс жылдарының қатал көріністерін кішкентай бала кезінен көзімен көріп өсті. Сол жылдарда өздері аш құрсақ болып жүріп, Украина, Белоруссия, Кавказ, Ресейден жер аударылып келген ұлттар мен ұлыстарды бауырына басып, бала-шағасының аузынан жырып бір жапырақ нанды бөліп беріп, жойылып кетуден сақтап қалған өз халқының қайырымды да жомарт болмысын Көпжасар Нәрібайұлы сол бала кезден-ақ терең сезінген еді. Туған халқының тума қасиеті оның жүрегіне асқан мейірімділік пен тазалықтың, адалдық пен азаматтықтың, кішілік пен кісіліктің сәулесін құйды. Ана сүтімен сүйегіне сіңген тазалық пен мейрімділік, сабырлылық пен сергектік Көпекеңнің ғұмыр бойғы кісілік тұрғысына, табиғи болмыс-бітіміне, адами қасиетіне айналды. Балалық шағы – екінші дүниежүзілік соғыстың соңғы жылдарына, мектеп жылдары – соғыстан кейінгі қираған шаруашылықты калпына келтіру кезеңіндегі қоғамда қатал тәртіп күшейген жылдарға тап келді. Жамбыл қаласындағы (қазіргі Тараз) №38 орта мектепті тамамдаған 1955 жылы 17 жасында С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің экономика факультетіне оқуға түсіп, 1960 жылы ойдағыдай бітіріп шығады. Үздік оқу, ғылыми-зерттеу жұмысына бейімділігі, қоғамдық өмірге белсене араласуы университет түлегінің болашақ бағдарын белгілегендей еді… Соның да себебі болар, ҚазМУ-ды бітірген жылы университеттің ұйғарым-ұсынысымен Мәскеу қаржы институтының аспирантурасына түседі.
Одақтың ең жетекші оқу орны­ның аспирантурасында білімін шыңдаған К.Нәрібаевтың жас ғалым, қоғам қайраткері ретінде қалыптасу кезеңі қоғам­дық өмір қайнаған ҚСРО астана­сындағы «жылымық» жылдары өтті. Ол «жылымық» деген аты болмаса, өз жерінде азшы­лыққа айналған қазақ ұлтына жылылықтың келе қоймасын, ата-бабадан қалған жердің тұтас­тығына төнген қатерді жас та болса ерте сезініп, бүкіл ғұмырын елінің болашағына, биік мұратына қызмет етуге арнады.
К.Нәрібаев – бір ғана оқу орнымен шектеліп қалмай, Мәс­кеудегі белгілі оқу орындарында өтетін ғылыми конференция, семинар, симпозиумдарға белсенді түрде қатысып, қазақ халқының даралық қасиеттерін танытып, ғалымдық, қайраткерлік қырлары ерте танылған, эконо­миканың кенже қалған саласы – бухгалтерлік есепті механикаландыру (автоматтандыру) жүйе­сі тақырыбында кандидаттық, док­торлық диссертация қорғап, тыңнан түрен салған, осы салада болашақ ұлттық ғалым-ұстаз кадрларды дайындауға жол ашқан ұлт жанашыры. 1937-38 жылдардың қуғын-сүргіні мен екінші дүние­жүзілік соғыс жалмаған, ұлт­тың болашағы үшін жанын қиған Алаш ардақтыларының аманаттарын арқалап, еліміздің өндірісі мен ғылым-білімінің қарқындап өсіп-дамуына орасан үлес қосқан, өткен ғасырдың алпысыншы жылдары негізі қаланған зиялы қауым өкілдері қатарында білім мен ғылымның тізгінін тең ұстап, биікке көтерген Көпжасар Нәрібайұлының алатын орны ерекше.
Еңбек жолын 1964 жылы Алматы халық шаруашылығы институтында аға оқытушы, доцент, кафедра меңгерушісі, факультет деканы, ғылыми жұмыстар жөнінде проректор болып 12 жыл қызмет істеген К.Нәрібаев 1976 жылы Қазақ КСР Жоғары және арнаулы орта білім минис­трінің орынбасары, ал 1983 жылы министрі қызметіне тағайын­дал­ды.
К.Нәрібаев – өзінің диссерта­ция­лық зерттеу тақырыбына сәйкес АСУ, бухгалтерлік есеп және есепті механикаландыру курстары бойынша 40-тан аса іргелі монографиялардың, оқулықтар мен оқу құралдарының, 30 шағын кітапша, 400-ден аса ғылыми және танымдық мақаланың авторы, 30-дан аса ғылым кандидатын, 20-дан астам ғылым докторлары мен PhD докторларын дайындаған дарынды ғалым, білікті ұстаз.
Кешегі КСРО дәуірінде өзін мойындатуы, орыс, ағылшын тілдерін жетік меңгеруі, 1973-1974 жылдары АҚШ-қа тәжірибе жинақтауға жіберілуі, белгілі ғылыми орталықтар мен Принстон, Флорида, Нъю-Йорк универ­ситеттерінде зерттеулер жүргізіп, дәрістер оқып, көптеген ғылыми жұмыстардың жарық көруі, 1979 жылы Мәскеуде басылып шыққан «АҚШ-та бухгал­терлік есепті ұйымдастыру» монографиясының докторлық диссертация қорғауға ұласуы ғалым енбегінің бір парасы ғана.
1981 жылы КСРО Жоғары аттестациялау комиссиясының шешімімен К.Н. Нәрібаевқа экономика ғылымдарының докторы дәрежесі, 1982 жылы профессор ғылыми атағы беріліп, ҚР ҰҒА академиктігіне сайлануы (2003), Қазақстанның енбегі сіңген ғылым және техника қайраткері атағының берілуі (1996), бірқатар еңбектерінің АҚШ, Англия, Германия, Франция, т. б. шет мемлекеттерде жарық көруі, екі мәрте Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайлануы, «Құрмет белгісі» ордені және көптеген медальдармен марапатталуы оның еліне, білім мен ғылымға сіңірген ұшан-теңіз еңбегіне берілген баға деп білеміз.
Ұлттық тілдің тағдырына деген жанашырлығын 1971 жылдары «Есеп және есептеу жұмыстарын механикаландыру» және жас әріптестері Ә.Дәулетбеков, Ә.Әбдіманаповтарды жұмылды­рып, «Колхоздар мен совхоздарда бухгалтерлік есепті ұйымдастыру» оқулықтарын шығаруы айшықтай түсті. Еліміз егемендігін алған тұста бухгалтерлік есеп пәнін мемлекеттік тілде оқытудың, оқулықтар мен оқу құралдарын жазудың, оны заман талабына сай жетілдірудің негізін қалады. Алғаш рет «аудит» сөзін «АҚШ-та бухгалтерлік есепті ұйымдастыру» атты монографиясынан кездестірген біздің санамызға аудиторлық қызмет жөнінде түсініктің қалыптасуына негіз болды. Ұлтының тілін, ділін сүйген азамат әйгілі «Желтоқсан оқиғасынан» кейін министрлік қызметін пайдаланып, жоғары оқу орындарында қазақ жастарының шектен көп оқуына жол ашты, «ұлтшыл» деген айып тағылып, 1987 жылы қызметінен босатылды. Осындай қиын-қыстау кезде мансабын сақтап қалу үшін сауға сұрап жалбарынбай, алаңға шыққан жастарды бұзақылар, нашақорлар, маскүнемдер деп қаралаудан бас тартып, шын мәнінде Қазақстан оқу орындарында ұлтшылдықтың, қазақ ұлтына басымдық берудің исі де жоқ екенін нағыз ұлт қайрат­керіне, ғалым-ұстазға тән бай­сал­дылықпен, сабырлылықпен дә­лелдеп берді.
Еліміз егемендік алған 90-шы жылдардың басында К.Н. Нәрібаевқа ҚазМУ-ды басқарудың жоғары жауапкершілігі жүктелді. Ректорат активіне «Президент маған университетті және оның ұжымын сақтап қалуды тапсырды» деп үнемі қайталайтын. Ол сол кездегі қиын экономикалық жағдайға қарамастан, ректор ретінде оқу орнын сақтап қалу­мен шектелмей, кем-кетігін қалпына келтіріп, көркейте түсті. Оның басшылығымен ұлттық, автономиялық оқу орны мәрте­бесіне ие болған университет жоғары білімнің жаңа жүйесіне өтті: біріншіден, оқушы білімді өзі іздеуге тиіс, ал оқытушы оның оқуын бағыттап және бақылап отыруға міндетті; екіншіден, университті бітіргендігі туралы дипломы бүкіл әлем елдерінің университеттері танитындай болуы тиіс; үшіншіден, университет экономды шаруашылық жүргізуге міндетті. Осы қағидалардың бәрі 90-жылдардың ортасынан бастап біртіндеп өмірге енгізіле бастады. 90-жылдардың екінші жартысынан магистранттардың бірінші түлектерін шығару жүзеге асырылды. Нәтижесінде бакалаврды бітіріп, АҚШ және бірқатар Еуропа елдері университтеріне магистратураға түскен «Болашақ» бағдарламасының түлектері бүгінде Президент және үкімет аппаратында, экономиканың жетекші салаларында жауапты лауазымды қызметтерді атқарып жүр.
Басқару мен ұйымдастырудың айрықша, кірпияз әдістерін талап ететін К.Н. Нәрібаев ректор ретінде өз қызметінің түбегейлі мұратын, алдағы мақсаттары мен әдіс-тәсілдерін дөп басып анықтады. Соның нәтижесінде басты мақсат ойдағыдай орындалды: барды ұқсатып, бұрыннан жалғасып келе жатқан озық дәстүрлер мен ірі табыстарды байытып қана қоймай, студенттер мен қызметкерлердің, оқытушылардың мазмұнды да мағыналы шығармашылық еңбегін жандандыратын, басқару және ұйымдастыру тетіктерін жаңартуға жол ашатын баяанды да салауатты өмір салты орнықты. К.Н. Нәрібаев ректор ретінде де, жоғары білім саласындағы ірі маман ретінде де елдің әлеуметтік-экономикалық құрылымдарындағы өзгерістердің білім беру жүйесіне қойылатын талаптардың да түбегейлі жаңа­руына алып келетініне дер уақытында мән беріп, университет ұжымының қолдауының арқасында жоғары білім берудің сыннан өткен әлемдік стандарттары бағдарға алынды, фа­куль­теттердің негізінде бірнеше ғылыми-зерттеу иниституттары ашылып, зерттеу университеті жобасына өтудің негізі қаланды, оқыту және ғылыми-зерттеу құрылымдары өзара тығыз байланыста, біртұтас бірлікте қызмет атқаратын кешенге айналды. Оқу ордасына әл-Фараби бабамыздың аты мен ұлттық университет мәртебесінің берілуі, студенттер қалашығын шашау шығармай сақтап, келесі буынға табыс етуі, Ө.А.Жолдасбеков атындағы студенттер сарайы мен Ыстықкөлдегі спорттық-сауықтыру лагерінің құрылыстарын аяқтап, ел игілігіне берілуі К.Н. Нәрібаевтың табан­ды­лығының арқасы. Ол оқу ордасының басшысы ретінде әрбір ұжым мүшесінің, студенттен бастап профессорға дейін әлеуметтік- тұрмыстық жағдайына ерекше мән беріп отырды.
Академик К.Нәрібаев баспа­сөзде жарияланған мақалалары мен берген сұхбаттарында білім беру жүйесінде жастарды ұлтжанды­лыққа тәрбиелейтін еліміздің ерекшелігі, халқымыздың мента­литеті ескерілген ұлтық сипаты, рухани мәйегі болуы керектігін қашанда баса айтады. Ұлт тағды­рының білімге тікелей байланысты екенін және осы мәселені түбегейлі шешу үшін білім беру жүйесінің ұлттық моделін жасау қажеттігін батыл айтып жүрген данагөй ұлт жанашырының өмі­рі­нің мәні мен мағынасына айнал­ған бойтұмарымен ойымызды түйіндеуді жөн көрдік: «Білімді болудың мақсаты – мансап емес, қоғам мен ұлтыңа қызмет ету»!

Ержан ЖАТҚАНБАЕВ,
Ұлттық жоғары мектеп академиясының академигі,
экономика ғылымдарының докторы, профессор
Мәди БАЙДӘУЛЕТОВ,
экономика ғылымдарының кандидаты, доцент


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру