Валюта бағамы: $ 356.54 419.43 5.42 ¥ 51.86

Аламан бәйге

20 миллион кімге бұйырды?

Астанадағы «Қазанат» атшабарында Астананың 20 жылдық мерейтойына арналған аламан бәйге жарысы өтті. Жүлде қоры 20 миллион теңге тігілген бұл сайысқа еліміздің әр түкпірінен кіл жүйрікте мың жүйрік деп танылған тұлпарлар қатысты.

Астана қаласы әкімінің орын­басары Ермек Аманшаев, Мәде­ниет және спорт министр­лігінің жауапты хатшысы Қуатжан Уәлиев, Ұлттық спорт қауым­дас­ты­ғының президенті Бекболат Тілеухан, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет қатысып, жүлдегерлерді марапаттады.
Астананың 20 жылдығына орай Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт қауымдастығы, Мәдениет және спорт министрлігі мен Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен өткен бәйге 16 шақырымдық кіші аламан, 25 шақырымдық үлкен аламан болып бөлінді. Ұйымдастырушылар алаң өлшемін ескеріп, әр өңірден екеуден ғана ат қатыстырған бұл бәйгеге облыстағы таңдаулы, алдына қара салмаған жүйріктер бақ сынады. 16 шақырымдық аламанға қатысқан 24 аттан мәреге 8-і жетті. Алматы облысының Талғар қаласынан «Мұрагер» есімді көк құнан мәре сызығын бірінші болып кесті. Бірінші орынға 3 300 000 теңге көлеміндегі жүлде берілді. Екінші болып Қарағанды облысының «Лайт Энджл» атты ағылшын тұқымды күрең дөнені келіп, ол 1 850 000 теңге көлеміндегі жүл­демен марапатталды. Арнұр Курванжан тақымдаған Астана қаласының «Алматы» есімді үш жасар ағылшын тұқымды жирені мәреге үшінші болып жетті. Үшінші жүлдегер 1 200 000 теңге көлеміндегі сыйлықпен марапатталды.
Тартыс 25 шақырымдық аламан бәйгеде орын алды. Нәтижесінде Батыс Қазақстан облысының Жаңақала ауданынан келген Серік Бек­қайыровтың «Қаракөз» есімді үш жасар ағылшын тұқымды торысы басқаларынан озық келді. Атты жаратқан бапкер Мақсат Бекқайыров 6 600 000 теңге көлеміндегі жүлдені қанжығалады. Екінші болып «Қаракөзге» шылбыртастам ғана жетпей Ақжол Жұматай мінген «Бұйражал» атты Қарағанды облысының ағылшын тұқымды жирен қасқа бестісі жайғасып, 3 300 000 теңге көлеміндегі жүлдені иеленді. Оразалы Жорабек тізгіндеген Алматы қаласының «Верный» есімді ағылшын тұқымды күрең бестісі үшінші болып жетіп, бапкеріне 1 650 000 теңге көлеміндегі сыйақы берілді.

Нұрлан ҚҰМАР


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру