Валюта бағамы: $ 356.54 419.43 5.42 ¥ 51.86

Ұлттық бірегейліктің ұлы нышаны

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Мемлекеттік туды көтеру салтанатты рәсіміне қатысты. Елбасы шараға қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде Мемлекеттік тудың дәстүрлі түрде Астана күні қарсаңында көтерілуі осы жалпыұлттық мерекенің мәртебесін асқақтата түсетінін атап өтті.

Мемлекет басшысы Қазақ­стан­ның аспан түстес көк туы Астананың қалыптасуы мен бүкіл еліміздің даму жолын айшықтайтынын айтты.
– Батыр бабаларымыз біздің зор жеңістерге жетуімізді тілеп, әрдайым туды тік ұстауды өсиет етті. Содан бері біз барлық жетістікке көк байрақтың астында қол жеткізіп келеміз. «Қазақстан, Тәуелсіздік, Астана» деген түсініктер біздің мемлекеттігімізбен, болаша­ғымызбен біртұтас ұғымға айналды. Қазақстан – біздің жалғыз Отанымыз, Тәуелсіздік – орындалған арманымыз. Әлем елдері туларының ешқайсына ұқсамайтын көк туымызды дүниежүзі мойындады, – деді Мемлекет басшысы.
Мемлекет басшысы елі­міздің сыртқы саясатының бейбітсүйгіш сипатын атап өтіп, Қазақстанның Қарулы Күштері үшін әскери кадрларды сапалы дайындаудың маңыздылығын айтты.
Нұрсұлтан Назарбаев жас офицерлерге арнаған сөзін­де Мемлекеттік туға зор құр­мет көрсету Отанды сүю­мен бара-бар екенін атап өтті. Бұл қазақстандық патриотизм құндылықтарын және еліміздегі ұлттық бірегейлікті нығайта түседі.
Салтанатты рәсім барысында Қазақстан Президенті – Қазақстан Республикасының Жоғарғы Бас қолбасшысының қолынан еліміздің жоғары әскери оқу орындарының 12 үздік түлегі Қарулы Күштердің офицерлік шендерін алды.
Соңында Нұрсұлтан Назарбаев барша жұртты Астананың 20 жылдығымен құттықтап, Қазақстан халқына бақ-береке тіледі.


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру