Валюта бағамы: $ 356.54 419.43 5.42 ¥ 51.86

Міндет толығып, меже сараланды

Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында 2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамыту бағдарламасын іске асыру барысы және қаржы секторын цифрландырудың кейбір мәселелері талқыланды.

Күн тәртібіндегі мәселелерді қарау алдында Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев жиналғандарды Астананың 20 жылдығымен құттықтады.
– Астана күні – бір қаланың ғана мейрамы емес, бүкіл ел болып атап өтетін жалпыхалықтық мереке. Себебі, Қазақ Елінің тәуелсіз мемлекет ретінде орнығуы, сынақтардан сүрінбей өтіп, дамудың даңғыл жолына түсуі, бәрі еліміздің бас ордасымен тығыз байланысты. Ел бола аламыз ба, әлде заманның алапат желіне ұшып жоғаламыз ба деген тағдырлы сәтте халықты биік мақсатқа жұмылдырып, болашаққа бастаған Астана – жаңғырған, жаңа Қазақстанның жарқын символы. Ол – қастерлі Тәуелсіздігіміздің ұлы тұғыры, Алаш жұртының айбары, Елбасымыздың төл перзенті. Басында өзге түгілі өзіміз күмәнмен қараған ғасыр жобасы Елбасының саяси көрегендігі мен ерік-жігерінің арқасында табысты жүзеге асып, небәрі 20 жылда Арқа төрінде ғажайып қала бой көтерді. Халқымыздың мың жылдық талайлы тағдыры мен асқақ армандарынан нәр алып, сайын далада сәмбі талдай бүр жарған бас ордамыз аз уақытта ел тірегі – алып бәйтерекке айналды. Астана – терең тарихтан тамыр тартқан даңқты өткенімізді бүкіл әлем таңдай қаққан бүгінгі биіктерімізбен және жаһандық нарықта бәсекелік қабілеті жоғары, Мәңгілік Ел болар кемел келешегімізбен жалғайтын Елдігіміздің алтын арқауы, – деді Б.Сағынтаев.
Үкімет басшысы Елорда Қазақстан­ның барлық өңірлерінің басты қозғаушы күші болып, аймақтардың дамуына қуатты серпін беретінін атап өтті.
– Әлемдік деңгейдегі бастамалар мен іс-шаралар Астананы жаһандық оқиғалардың ордасы ретінде паш етті. Осының бәрі – кең байтақ Ұлы Даланың төрінде Ұлы мемлекет құрған Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың дара басшылығы мен шексіз еңбегінің жемісі, – деді Үкімет басшысы өзінің құттықтау сөзінде.
Отырыста «Нұрлы жол» инфрақұ­ры­лымдық даму мемлекеттік бағдар­ла­масын 6 айдағы іске асыру қорытын­дылары қаралып, одан арғы жұмыстың түзетілген жобасы қабылданды. Ұлттық экономика министрі Т.Сүлейменов биыл оны іске асыру үшін барлық қаржы көздерінен 829,5 млрд теңге қарастырылғанын айтты. Бүгінге дейін оның 167,1 млрд теңгесі, яғни шамамен 21%-і игерілген. Елбасы Жолдауының жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының 13-тармағына сәйкес, министрлік тиісті Қаулы жобасын әзірледі. Жобамен транзит көлігінен түскен кірістерді 4 млрд АҚШ долларына дейін ұлғайту және транзиттік контейнерлік тасымалдау көлемін 1,2 млн ЖФБ-ға (жиырма фунттық баламаға) дейін арттыру туралы тиісті өзгерістер мен толықтырулар қарастырылды. Мұнымен қоса, тран­зиттік әуе жолаушыларының санын 1,6 млн адамға, ал аймақтық әуе желі­ле­рімен жолаушылар санын 170 мыңға дейін арттыру жоспарланды. Қойыл­ған мақсаттарға қол жеткізу үшін тауарларды транзиттеуге, көлік дәліздерін құру мен жаңғыртуға, көлік инфрақұрылымын басқаруға, қызмет көрсету деңгейін көтеруге және әкімшілік кедергілерді жоюға бағытталған шаралар көзделген. Жоба Астана және Алматы қалаларының, облыстар әкімдіктерімен және мүдделі мемлекеттік органдармен келісілді.
Қаржы секторын цифрландыру мәселесі жөнінде баяндаған Б.Сұлта­новтың айтуынша, өткен жылы ми­нистрлік 18 млн көрсетілетін қыз­мет­тен шамамен 16 миллионын не­месе 88%-ін электрондық түрде берген. Ағымдағы жылдың соңына дейін 6 мемлекеттік қызметті электрондық форматқа көшіру, 25 мемлекеттік қызмет бойынша көрсету мерзімін және ұсынылатын құжаттар тізбесін қысқарту жоспарланған. Сонымен қатар Электрондық салықтық декларацияларды веб-порталға және Электрондық үкімет мобильдік қосымшасына аудару бойынша жұмыстар жүргізілуде.
«Орталықтандырылған бірегейлен­дірілген дербес шот» жүйесінің енгі­зілуімен салық берешегі бар-жоғы туралы анықтама беру бойынша қызмет көрсету уақыты үш күннен бірнеше минутқа дейін қысқарған. Қаржы министрінің айтуынша, дербес шоттарды орталықтандырудың арқасында салықты қате төлеу жағдайлары үш есеге азайып, бұл негізсіз өсімпұл есептеуді болдырмауға ықпал еткен. Бұдан бө­лек, салық төлеушінің өтінішінсіз бір салық­тан басқа салыққа автоматты түрде есепке жатқызу мүмкіндігі пайда болған.
Бүгінде қаржы секторы цифрлық технологиялар белсенді қолданылатын жетекші салалардың бірі. Ұлттық банк төрағасы Д.Ақышев Қазақстанның барлық дерлік банктерінде мобильді банкинг жүйесі енгізілгенін атап айтты. Мобильді банкинг қызметтерін банктердің 60% (20 ЕДБ) ұсынады, олар банктердің барлық клиенттік базасының шамамен 90%-іне қызмет көрсетеді. Бұл жүйелерде шамамен 10 млн пайдаланушы тіркелген, олардың ішінде 30%-і тұрақты түрде операциялар жүргізеді.
Ақпарат және коммуникациялар министрі Д.Абаев екінші деңгейлі банктердің ақпараттық жүйелерін мемлекеттік деректер қорымен және ақпараттық жүйелерімен байланыстыру мәселелеріне тоқталды. Министр «Мемлекеттік несие бюросы» АҚ сәйкестік нөмірлерінің ұлттық тізілімінен ақпарат алушылар тізіміне енгізу бойынша «Ұлттық сәйкестік нөмірлері тізілімдері туралы» заңға, сонымен қатар «Мемлекеттік несие бюросы» АҚ мемлекеттік органдардан немесе оларға бағынышты ұйымдардан мемлекеттік деректер қоры иелерімен келісімге келу арқылы ақпарат алу тәртібін айқындауға қатысты «Несие бюросы және несие тарихын жасау туралы» заңға тиісті түзетулер енгізілгенін атап өтті. Қазіргі кезде түзетулер Мемлекет басшысының қол қоюында жатыр. Аталған мәселе тек мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің ЕДБ қолжетімділігін қамтамасыз ететіндіктен, Д. Абаев ЕДБ деректерін мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелеріне (Bank2Gov) ұсыну қажеттігін айтты.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру