Валюта бағамы: $ 360.71 411.53 5.38 ¥ 52.62

Қаржы алпауыттарымен әріптес

«Астана» халықаралық қаржы орталығы бүгін, яғни 5 шілдеде ресми түрде ашылып, жұмысын бастады. Осы дүйсенбіде «Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) қазірдің өзінде 50-ден астам компаниялар тіркеленгенін жария етті.

АХҚО басшысы Қайрат Келімбе­тов Үкіметтегі баспасөз мәсли­ха­тында осылай деп мәлімдеді. 2020 жылға дейін орталықта 500-ден астам компания тіркелуге ынта білдірген.
Үкіметтегі мәслихат барысын­да Қ.Келімбетовтың басқа да әріп­тестері осы кезең аралығында бір­неше компаниялардың тіркеліп үлгергенін тізбелеп берді. АХҚО Astana International Exchange биржасы басқармасы төрағасының орынбасары Әмина Тұрғұлованың айтуынша, ірі қазақстандық брокерлердің бәрі тіркелуді рәсім­деуден өткен немесе өтіп жатыр екен.
– Бұлардың алғашқы үшеуі – Sky Bridge, «Цесна капитал, Centras securities компаниялары. Олардан басқа CICC (China International Capital Corporation – Қытай халықаралық капитал корпорациясы – ред.) сияқты аса ірі қытайлық брокерлер, сонымен қатар басқа да бірқатар қытайлық компаниялар бар. Лондондық Wood компаниясымен және де басқа, өз құжаттарын тіркеуге өткізген компаниялармен, капиталдарды дамыту форумында таныса аласыздар, – дейді Әмина Тұрғұлова.
– Wex тәрізді – криптобиржадағы асқан ірі биржалық тұғырнама тіркелді, сондай-ақ Paycent компаниясы – бұл жаңа төлем құралдары, ол да тіркеуден өтті. Бұлардың қатарында тайландтық, штрих-кодтар арқылы жаңа ақша аударымдарын қамтамасыз ететін – Fusion компаниясы да бар, – деді «АХҚО әкімшілігі» АҚ сандық технологиялар жөніндегі директоры Әсел Жанасова.
Қайрат Келімбетов Қытай мем­ле­кеттік даму банкінің еншілес кәсіпорны қытайлық қаржылық институттардың ішінде бірінші болып АХҚО-да жұмыс істеуге жол ашқанына қуанышты екенін айтты. Ол Bank of China, ICBC, China construction bank сияқты аса ірі әлемдік банктердің облигацияларды толтырып, АХҚО заңдық құзыреті шеңберінде іскерлік орнату мүмкіндіктерін зерделіп жатқанын атап көрсетті.
– Өздеріңіз білесіздер, Bank of China, ICBC қазір Қазақстанда жұмыс істеп жатыр және Астанада өз өкілдіктерін ашты. Айта кету керек, Қытай даму банкі – өте ірі әлемдік банк, ол тіпті Дүниежүзілік банктен де үлкен. Бұдан басқа біз барлық, Дүниежүзілік банк, ХВҚ, ЕҚДБ, АДБ, Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі, ШЫҰ елдерінің Жаңа даму банкі сияқты көптарапты қаржылық институттармен бірге қызметтеспіз. Бұлардың бәрі АХҚО-ның стратегиялық әріптестері болып табылады, – деп атап айтты Қ.Келімбетов.
Журналистер «Астана» халық­аралық қаржы орталығы басшысынан «ЭКСПО – 2017» көрмесі өткізілген, қаржы орталығына берілуі тиіс ғимараттардың кімге тие­сілі екенін де қазбалап сұрас­тырды. Ал қазір АХҚО қызмет­керлері Астанада кеңсе-жайларын жалға пайдалануда.
– Бұл ғимараттар (ЭКСПО – 2017 аумағындағы – ред.) мемлекеттің меншігінде. Иә, ЭКСПО базасында АХҚО жұмыс істейді деп айтылған болатын, сонымен бірге ЭКСПО шеңберінде БҰҰ негізінде Халықаралық жасыл технологиялар орталығы және халықаралық IT стартап-хабы да жұмыс істейтіні айтылған. Егер ЭКСПО-ны елестетсеңіз: қақ ортадағы шар – бұл музей, ЭКСПО құндылығы, оны қоршай орналасқан төрт үлкен павильонның екеуі халықаралық IT стартап-хабына көбірек қызмет етсе, енді екеуі жасыл технологиялар үшін жұмыс істемек. Ал, Mega Silk Way кешеніне жақынырақ орналасқандарына, бәлкім, АХҚО-ның барлық бөлімдері, біз бірлесіп іс-қимыл танытуға шақырып отыр­ған компаниялардың бәрі қоныс­танатын сияқты, – деп атап айтты Қайрат Келімбетов.
Ол атап өткендей, ЭКСПО көр­ме­сінің барлық қатысушыларына келісім бойынша өз павильондарын 1 қаңтарға дейін жинастырып алуға уақыт берілді.
– Бұл павильондардың бәрі де ангарлық жайлар. Қазір біз соларды А сыныпты офистерге айналдырумен айналысудамыз. Олар тек жақсы офистер ғана емес, барлық қағидаттарға сәйкес, соның ішінде тұрақты дамуға да сай, А сыныбына стандартталған жайларға айналдырылуы тиіс, – деп атап көрсетті АХҚО басшысы.
Биылғы жылдың желтоқсанынан бастап, қажетті жұмыстарды атқарып біткесін ғана, АХҚО өз павиль­ондарының шынайы иесі болады. Сондықтан да қазірше қаржылық орталық қызметкерлері жұмыс жайларын жалға пайдаланып отыр.
Айта кетейік, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Астана» халықаралық қаржы орталығын құру туралы жарлыққа 2015 жылы қол қойды. Елбасы АХҚО бүкіл Орталықазиялық аймақтың қаржылық хабына айналатынын және оның жұмысы­ның ағылшындық құқыққа негіз­делетінін, жеңілдетілген салық­тық тәртіптемеде жұмыс істейтінін және тәуелсіз қаржылық сотқа жүгінетінін атап көрсетті.

Исатай ҚАМБАРОВ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру