Валюта бағамы: $ 346.68 404.02 5.47 ¥ 51.15

Үзіліссіз энергияға қол жетті

Сондықтан электр қуатымен қамтамасыз ету қала дамуына, халықтың жағымды әлеуметтік жай-күйіне тікелей әсер ететіні заңды. Сонау 2007 жылы Алматының аумағы қаланы электрмен жаб­дықтау картасында бірыңғай қызыл түспен белгіленгені есте. Бұл қосал­қы станциялардағы трансфор­матор­лардың жүктемесіне жол беруге болмайтындықтан, аумақ жаңа тұ­тыну­шылардың қосылуы үшін жабық дегенді білдіретін. 2007-2015 жылдары қалада 31 қосалқы станциялар тұрғызылып, қайта жөнделді. Сөйтіп, қуаттан жалпы пайда алу 3000 мегавольт-амперден асты. Қазіргі сәтте жаңа нысанға пәрмен берумен Алматы қаласының шегінде энергиямен жабдықтау картасы толығымен жасыл түске оранып отыр. Яғни, бұл осымен қала аумағында электр энергиясы толық жеткілікті болады деген сөз.
Жаңа электр нысаны электр­мен қамтамасыз ету барысында қалып отырған соңғы проблемаларды жауып, сонау нөлінші жылдары қолға алынған шараларды аяқтауға ықпал етті. «Түрксіб» қосалқы станциясы трансформаторлық қуатты 30 мегавольт-амперге арттырып, Түрксіб ауданының орталық бөлігін, сондай-ақ «Қолжетімді баспана» бағдарламасы аясында салынған жаңа «Жас қанат» шағын ауданын, «Алматы агломерациясының 2030 жылға дейінгі өңіраралық схемасы» бағдарламасы бойынша қалаға қосылған «Қайрат» шағын ауданының негізгі бөлігін электрмен қамтамасыз етпек. «Самұрық-Қазына» қорының басшысы А.Есімов еліміздің ең ірі мегаполисін энергиямен үзіліссіз қамтамасыз ету мәселесіне үлкен мән берілетінін атап өтті.
– Мемлекет басшысы осыдан он жыл бұрын алға қойған міндеттердің бірі – Алматы қаласын электрмен орнықты жабдықтау болатын. Бүгін қосалқы станцияның іске қосылуымен бұл мәселе толық шешілді. Ендігі қалған жалғыз міндет – осы қуат көздерін дұрыс пайдалану, өйткені жұмсалған 20 млрд теңгеден астам қаражат тиімді жұмыс істеуі керек, – деді А.Есімов.
Осыдан он жыл бұрын жарық кезек-кезегімен, авариялық түрде сөндіріліп, электрмен тұрақты жабдықтау қиынға соғатын. Бұл қала­ның және бизнестің дамуына кедер­гі келтіріп, халықтың әлеуметтік жағ­дайына әсер ететін.
Сонымен қатар А.Есімов Алматы қаласына жұмыс сапары барысында қаладағы энергетикалық кешеннің орнықты дамуы үшін үлкен маңызға ие «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ-ның энергия объектілерінде болды. 2011 жылы «Ерменсай» ҚС іске қосылуы Алматы қаласында Қысқы Азиада ойындарының өткізілуіне орайластырылғаны мәлім. А.Есімов жүктемені ҚС-220/110/10 кВ №131А «Таулы қырат» (Горный гигант) қосалқы станциясынан ҚС-220/110/10-10 кВ №160А «Ерменсай» қосалқы станциясына ауыстыру жұмыстарымен танысты. Бұл жоба «Таулы қырат» қосалқы станциясы орналасқан аумақта лай көшкіні болған жағдайда қосалқы станцияның қирау және тұтынушылардың электрден жаппай ағытылу қаупі туындауына байланысты іске асырылуда. Осылайша авариялық жағдайларды болдырмау мақсатында жүктемені «Таулы қырат» шағын станциясынан «Ерменсай» қосалқы станциясына ауыстыру туралы шешім қабылданған. Өйткені, «Таулы қырат» бұған дейін де лай көшкініне ұшырап, салдарынан қаланың оңтүстік, оңтүстік-шығыс бөлігі жарықсыз қалған. Енді бұл маңайдағы аудандардың тұрғындары үшін электрден ажырау қаупі болмайды. Биыл жүктемелерді ауыстыру жобасы аяқталып, «Таулы қырат» қосалқы станциясы жойылады. Құны 7045,84 млн теңге болатын Ерменсай жобасы 2016 жылы ашылған.
2007 жылы қолға алынған «Түрк­сіб» қосалқы станциясының жобасы республикалық бюджет, Алматы әкімдігі, Самұрық-Казына, Самұрық-Энерго қаржылары есебінен құрылды. Подстанция сапалы, заманауи технология бойынша тұрғызылған. Алдағы уақытта Алматыны және Алматы облысын қоса алғанда, оңтүстік өңірлердің барлығы Екібастұздан тартылатын электр-ауа желісі арқылы қамтамасыз етілетін болады. Осылайша қала тұтынушылары электр энергиясымен берік қамтуға жағдай жасалады.


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру