Валюта бағамы: $ 356.54 419.43 5.42 ¥ 51.86

Өнімділікті еселеудің жолы қандай?

Байтақ даланы бойлай төселіп жатқан жайылымдық алқаптар, суармалы егістіктер, дәстүрлі ата кәсіп пен оны өркендетуге қабілетті жұмыс күші – елімізде мал шаруашылығын дамыту үшін толыққанды факторлар екендігі қайталап жатуды қажет етпейді.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

Бүгінде ішкі нарықтағы сұраныс ет, дәнді және майлы дақылдар, күріш, картоп сияқты өзіміз өндіретін негізгі тауарлармен артығымен қамтамасыз етілген. Сол себепті еңбек өнімділігін арттыру үшін алдымен экспорттық әлеуетімізді анықтап алған жөн. Мысалы, ет өнімдерінің, оның ішінде сиыр және қой етінің әлеуеті өте жоғары. Қазірде жалпы ауылшаруашылық өнімдерінің жылдық экспорты 1,4 млрд АҚШ доллары болса, тек қана ет өнімдерін экспорттауды 2,6 млрд долларға жеткізуге болады екен. Бұл ретте экспорттық нарықтары өте тартымды Азия мен Таяу Шығыс елдерінің сиыр мен қозы етіне сұранысы тұрақты түрде артып келеді. Аталған өнімдердің ірі көлемде импорттаушылары – бүйірдегі қос көрші Ресей мен Қытай.
Қазіргі кезде ішкі нарықтағы бос тұрған орындар мен қосымша сұра­ныс позициялары да айқындалған. Бұл жөнінен Ауыл шаруашылығы министрлігі сүт өнімдері, құс еті, же­міс және көкөністер, қант өнімдерін өн­діру бойынша әлеуетіміз 1 млрд дол­лардан асады деп топшылайды. Құс еті – 180 мың тоннадан 740 мың тоннаға дейін, сүт өнімдерінің өндірісі 1 млн тоннаға дейін ұлғаяды. Дәл осы салаларды дамыту аталған өнімдердің өндірісі мен экспортын ұлғайтуға жол ашады. Осыған байланысты АШМ қолданыстағы Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бағдарламасын ет, сүт, құс шаруашылықтарын дамытуға және суармалы жерлерді кеңейту арқылы көкөніс өнімдерін арттыруға бағытталған ұзақмерзімді арнайы салалық құжаттармен толықтырып отыр.
Ет шаруашылығын дамыту бағ­дар­ламасының негізін отбасылық фермалар құрап, ол ірі қара мал бордақылау алаңдарынан және ет өңдеу кешенде­рінен тұратын біріккен, яғни зәкірлік кооперация түрінде жасалмақ. Алда­ғы 10 жылда ірі қара мал, қой және жылқы шаруашылығымен айланысатын 80 мыңнан астам отбасылық ферма құру, пайдаланылатын жайылымдар алаңын 58 млн гектардан 100 млн гектарға кеңейту, ірі қара малды 15 млн басқа дейін, ал қой санын 30 млн басқа дейін ұлғайту көзделуде. Жобаға қатысушылар үшін көптеген қолдау шарттары: жер учаскелерін бөлуде басымдық беру, фермерлік шаруашылықтарға мал басын, техника мен жабдық сатып алуға жеңілдікпен, 15 жылға 4 пайызбен несие беру, жайылымдарды суландыру үшін 80 пайыздық субсидия беру сияқты шаралар қарастырылған.
Сүт шаруашылығы бағдарла­масы да отбасылық фермалардан, өнер­кәсіптік сүт-тауарлы шаруа­шы­лықтардан және заманға сай сүт зауыттарынан тұратын біріккен коопе­рация қағидаты бойынша жаса­лады. Бұл ретте отбасылық ферма­лардың санын 380-нен 930-ға дейін, ірі сүт-тауарлы фермалардың санын 108-ден 170-ге дейін жеткізу жос­парланған. Жобаға қатысушылар үшін қолдаудың жекелеген шаралары ұсынылатын болады. Нәтижесінде сүт өндірісінің көлемін 1 млн тоннаға ұлғайту міндеті қойылып отыр.
Құс шаруашылығын дамыту бағ­дарламасы шеңберінде жаңа кәсіп­орындар салу, қолданыстағы фабрикаларды жаңарту, сондай-ақ ет және жұмыртқа бағытындағы құстардың өнімділігін арттыру көзделеді. Бағдар­ламаны іске асыру нәтижесінде құс еті өндірісінің көлемі 4 есеге немесе 560 мың тоннаға ұлғайып, оның ішінде 150 мың тоннасы экспортқа шығарылады. Тағамдық жұмыртқа өндірісі 1,5 есеге немесе 2,5 млрд данаға дейін ұлғайып, оның ішінде 1,5 млрд данасы экспортқа жіберіледі.
Тұтастай алғанда, АӨК мемлекет­тік бағдарламасы саланың негізгі тұжырымдамалық және АӨК-ті цифрландыру, техреттеу, салық салу, ауылдық аумақтар секілді онымен сабақтас бағыттарды шешуді мақсат етіп, мемлекеттік бағдарламаның бір бөлігі ретінде салалық және сабақтас бағдарламалар тізілетін ашық платформа болады. Бағдарлама ашық платформа ретінде құрастырылып, салаға мемлекет тарапынан жасалатын ықпал мен қолдау кұралдарынан тұрады. Платформа негізінде қажет­тілігіне қарай салалық және сабақтас бағдарламалар әзірленеді. Осындай күрделі жоспарды іске асыру ауыл-аймаққа қатысы бар барлық мекемелердің ұйымдасқан іс-қимы­лына байланысты. Сондықтан мем­лекеттік бағдарламаны жоба­лық басқару жүйесі құрылады. Мем­лекет­тік бағдарлама жобасында алғаш рет саяси лауазымды тұлғалардың дербес жауапкершілігін бекіту қарас­тырылған.
Құжаттар агробизнестің тікелей қатысуымен әзірленгендіктен бұл тұрғыда көптеген сауалдар пысық­талып, шешімін табуда. Сондай-ақ ауыл дамуына басқа да салаларда бірқатар мәселелерді шешудің қатысы бар. Атап айтқанда, Қар­жы министрлігінің салық салу саясаты, Инвес­тиция және даму министрлігінің техникалық реттеу, сауда-логисти­калық инфра­құрылымды дамыту, Ұлттық экономика министрлігінің экспортты қолдау, ауылдық аумақ­тарды дамыту сияқты мәселе­лерінің болуы қолданыстағы бағдарламаны салааралық шаралармен толықты­рудың қажеттігін көрсетеді. Нәтиже­сінде мемлекеттік бағдарлама сала­ның негізгі концептуалдық мәсе­ле­лерімен қатар бір-бірімен байланысты сабақтас бағыттарды шешуді де қамтиды.


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру