Валюта бағамы: $ 367.06 416.17 5.56 ¥ 52.84

Әлеуетті инвесторлар Арқа төсінде бас қосты

«Үкімет мұны бағалайды және шетел инвесторлары үшін тартымды жағдайлар жасау саясатын жалғастыруға ниетті» дей келіп, премьер-министр бизнес ахуалды жақсарту бағытында қолға алынған нақты шаралар мен заңнамалық тұрғыдағы өзгертулер туралы тарқата айтып берді. Осылайша, бүгінгі таңда жалпы инвестициялық және іскерлік ахуал институционалды нығайтылды. Инвесторлар пайдалана алатын жаңа мүмкіндіктер мен басымдықтар заңды түрде бекітілді.
Елімізде АӨК, металлургия, энер­гетика және көлік тәрізді секторларда сапалы қызмет көрсетуді қамтамасыз ету үшін жоғары техно­логиялық деңгейге дейін дамыту мақсатында машина жасау саласында жеделдетілген жаңғырту қолға алынды. Үкімет инвесторларды осы жұмысқа атсалысуға, сондай-ақ тау-кен металлургиясы кешені, әсіресе, түсті металлургияны өндіру және дамыту, мыс, мырыш, алтын, литий ванадий, вольфрам және фосфат шикізатын қоса алғанда, сирек кездесетін және сирек жер металдары өндірісіне инвестиция салуға шақырды.
Бүгінде алюминий өндірісі 3-4 шегіне жеткен Қазақстан одан арғы шектерге өтіп, әлемдік сұранысты ескеретін жоғары технологиялы және бәсекеге қабілетті өндірістерді құруға көшуге мүдделі. Сондай-ақ химия және мұнай-химия салаларына, көмірсутекті шикізатты терең өңдеу және жоғары қосылған құны бар бәсекеге қабілетті өнім шығаратын өндірісті құруға инвестиция қажет. Агроөнеркәсіптік кешен, оның ішінде ең алдымен тамақ өнеркәсібіне инвестициялар салудың әлеуеті мол. Біз жаңа технологиялар базасында дәлме-дәл және суармалы егін шаруашылығын дамытуға, ауыл шаруашылығы техникасын жедел жаңартуға, мал шаруашылығы дамытуға, сонымен қатар аграрлық ғылымды дамытуға мүдделіміз.
Үкімет жылдам дамып жатқан және салалық, мемлекеттік бағдарла­малар деңгейінде қолдауға ие, еліміз үшін экономиканың салыстырмалы түрде жаңа секторларына инвестициялар ағымының келуін көздеп отыр. Олардың қатарында АКТ, туризм, қаржы, электронды сауда, АТ-сервистерді дамыту, BigData, венчурлық бизнес, аддитивті технологиялар, жасанды интеллект бар. Инвесторлар үшін уақыт талабына сай қолайлы реттегішті құрумен қатар, мемлекеттің экономикаға қатысу үлесін біртіндеп төмендету үшін жұмыстар жасалуда.
Әлемдегі әлеуетті инвестор­лар­дың басын қосқан жаһандық жиын мінберінен үкімет басшысы ел эконо­микасына қорықпай қаржы салуға қажетті шешімдердің бәрі қабылдан­ға­нын тағы бір айта келіп, ендігі ше­шім – инвесторларда екенін атап өтті.

Қаржы нарықтарына
серпін беретін
ұлттық мегажоба

Елордамыздың 20 жылдығы қарсаңында Мемлекет басшысы басты мақсатын «Еуразияның қаржы қақпасына айналу» деп айқындап берген «Астана» халықаралық қаржы орталығының ресми тұсаукесері өтті.
АХҚО-ның ашылу салтанатына орай Astana Finance Days атауымен ұйымдастырылған алқалы жиын аясында Жаһандық қаржылық форум, Халықаралық капитал нары­ғының 2-ші Астана форумы, Жасыл өсім – 2018, FinTech 2018, Ислам эко­номикасының Астана форумы, Transformers Roadshow: ғылым, технологиялар және инновациялар байқауы, АХҚО құқықтық мәселелер жөніндегі конференциясы, «Қазақстан Еуразиялық эконо­ми­калық одағында: одан әрі даму стратегиясы» халықаралық конференциясы өтті.
Astana Finance Days форумының пленарлық сессиясында сөйлеген сөзінде премьер-министр Бақытжан Сағынтаев «Астана» халықаралық қаржы орталығының ашылуына орай инвесторлар үшін ұлғаятын мүмкіндіктер туралы айтып берді. Жаңа буынның қаржы орталығы ретінде құрылып отырған АХҚО әлемдік қаржы орталықтарының классикалық функцияларын – өтімді және теңдестірілген капитал нарығын дамыту мен жеке тұлғалардың актив­терін және әл-ауқатын басқару­мен қатар, жаһандық қаржы әлемінің келешегі кемел бағыттарында қыз­меттер көрсететін болады.
Үкімет басшысы атап өткендей, АХҚО қаржы технологиялары сала­сын­дағы шешімдерді құру мен дамытуға арналған финтэк-плацдарм ретінде қарастырылуда. Мұндай жұмыстар Masterсard және Visa, Microsoft және Tai Cloud Corp компанияларымен әріптестік негізінде басталып та кетті.
Қазірде АХҚО 60-тан астам ірі қаржы институттарын, сондай-ақ Жаһандық финтэк-хабтар федерациясын қамтитын R3 халықаралық консорциумінің қатысушысы болды.
Астана халықаралық қаржы орта­лығы «жасыл» қаржыландыру құрал­дарын, тетіктері мен өлшемдерін енгізу үшін тиімді алаңға айналып отыр. Осы тұрғыда клинтек саласында Жасыл қаржылар құзыреті орталығы, сонымен қатар БҰҰ қамқорлығымен Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы құрылып, жұмыс істеуде.
АХҚО қаржылық қызметтерінің тағы бір ерекшелігі – исламдық қаржыландыру нарығының дамуына ықпал ету. Қазірдің өзінде орталық базасында Азия даму банкі және Ислам даму банкімен бірлескен қажетті құқықтық және реттеушілік орта құрылды. Биыл жылдың соңына дейін мемлекеттік исламдық құнды қағаздар – сукуктар эмиссиясы жүргізіледі. «АХҚО-ны біз болашақта исламдық қаржыландырудың өңірлік хабы ретінде көреміз. Осылайша, Астана халықаралық қаржы орталығы жеткілікті дәрежедегі ауқымды қаржы қызметтерін ұсынатын болады», – деді Б.Сағынтаев.
АХҚО өз клиенттері мен қатысу­шы­ларына не ұсынады, қандай мүмкіндіктер береді? Біріншіден, Еуразияның перспективалы нарық­тарына шығу мүмкіндіктерін ұл­ғай­тады. Әлемдегі ақша ағынын басқаратын қаржы орталықтарының жаһандық тізбегі бүкіл жер шары арқылы – Торонтодан Сиднейге, Токиодан Нью-Йоркке дейін өтеді. Олардың әрқайсысының өзіндік бірегей саласы бар. Қазақстан АХҚО-ны осы әлемдік қаржы жүйесінің бөлігі ретінде қарастырады.
Астана халықаралық қаржы орта­лы­ғының географиялық ерекше орналасуы Орталық Азия, ЕАЭО, Күнгей Кавказ, Таяу Шығыс елдерінің нарығына шығуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, Астана «Белдеулер мен жолдар» жаһандық бастамасы жаңа трансқұрлықтық бағыттарының басты тораптарының бірі болып табылатынын да ескеруіміз керек. Сондықтан АХҚО Батыс Қытай, Моңғолия және Еуропа елдері арасындағы қаржылық-эконо­микалық көпірге айнала алады. Осының бәрі 1 миллиардтан астам адамды қамтитын алып нарыққа жол ашады. Екіншіден, ол – АХҚО-ның тәуелсіз құзыреті. Дүниежүзінің барлық қаржы орталықтарындағы тәрізді, құқық және сот жүйесі ағылшындық жалпы құқық ұстанымдарына негізделген. Мұнда Арбитраж орталығы, Халықаралық қаржы соты және Қаржылық қызметтерді реттеу жөніндегі комитет құрылды. Осынау тәуелсіз құрылымдарды әлемге танымал тәжірибелі заңгерлер басқарады.
АХҚО халықаралық қор биржасы қатысушылары үшін басты стратегиялық серіктестері – Шанхай және Nasdaq биржалары арқылы қаржы ағынын тарта отырып, Шығыс пен Батыстағы әлемдік жетекші ойыншыларды байланыстыратын аймақтық алаңға айналатын болады. Осы ретте «АХҚО» биржасының алғашқы ірі қадамы ұлттық компаниялардың акцияларын жария орналастыру болмақ. Бақытжан Сағынтаев IPO-ға ұлттық экономика алыптары – «Эйр Астана», «Қазатомөнеркәсіп», «Қазақтелеком» компанияларын шығару жоспарланып отырғанын айтты. Сонымен қатар еліміздегі «Қазақстан темір жолы», «ҚазМұнайГаз», «Самұрық-Энерго», «Қазпошта», «Таукен Самұрық» және «Қазақ Эйр» сияқты ірі компаниялардың акциялары 2020 жылдың соңына дейін шығарылатын болады. Бұл – бизнес пен инвесторлар үшін ұсынылып отырған бірегей мүмкіндіктер. «Күні кеше өткен Қазақстанға шетел инвестициясын тарту мәселелеріне арналған жаһандық жиын аясында инвесторлардың Үкіметпен тікелей диалог орнатуы, серіктестермен пікір алмасуы елімізде жұмыс істеуге жоғары инвестициялық қызығушылық бар екенін көрсетті. Дөңгелек үстел аясында жалпы сомасы 4,8 млрд АҚШ доллары болатын 30-ға тарта түрлі коммерциялық құжаттарға қол қойыл­ды. Біз инвес­торлардың мұндай сенімін баға­лаймыз. Қазақстан Үкіметі барлы­ғыңызды АХҚО қатысушысы болуға шақырады. Қазақстан өзінің әлемге ашықтығын және сіздермен диалог орнатуға әзірлігін растайды», – деп түйіндеді Astana Finance Days қатысушыларына арнаған сөзін премьер-министр.
АХҚО-ның Орталық Азиядағы ең ірі әрі ықпалды қаржылық орталыққа айналуына толық негіз бар. Осы ретте қаржы саласын әртараптандыруға, құнды қағаздар нарығының жүйелі жүргізілуіне тікелей ықпал ете отырып, АХҚО Қазақстан экономикасына сүбелі үлес қоспақ. Ең маңыздысы – елге сырттан тартылатын инвестициялардың көлемі ұлғайып, экономиканың жандануына мүмкіндік туады.


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру