Валюта бағамы: $ 356.54 419.43 5.42 ¥ 51.86

Елорда және ел экономикасы

Ел мақтанышына айналған айшықты Астана бүгінде бүкіл әлем жұртшылығының назарында десек, қателеспейміз. Орталық Азия аймағының ғана емес, сондай-ақ алып құрылық – Еуразияның көкейтесті түйткілдері талқыланып, тағдырлы тұжырымдар қабылданып жатқан халықаралық деңгейдегі мә­жіліс-жиындар, төрткүл дүниенің басын қосып, Қа­зақстанның абырой-атағын әлемге паш еткен әйгілі «ЭКСПО – 2017» көрмесі, додалы спорт жарыстары күні ертең жігіт жасы – жиырма жылдығын салтанатпен атап өткелі отырған Елордамыз тарихына алтын әріптермен жазылып жатыр.
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың тарихи шешімімен мемлекеттік билік орталығы ару Алматыдан Арқа төсіне ауыстырылғанда, көкейдегі үміт пен күдіктің арбасқан сәтін көзіқарақты жанның қай қайсысы да ұмыта қоймаған болар. Алайда, ұтымды ұйымдастыру мен білікті басшылықтың арқасында бас-аяғы төрт-бес жылдың ішінде жаңа астанамыздың бұғанасы бекіп, қанаты қатайды. Бастапқы кезеңде қала тұрғындарының саны небәрі 300 мыңдай ғана болса, қазір 1 миллионнан асты. Бұған ел Президентінің Жарлығымен қаланы тұрақты дамыту стратегиялық жоспарының бекітілуі және оның дәйекті түрде жүзеге асырылуы арқасында қол жетті. Соның нәтижесінде жалпы өңірлік өнім 190 есе өсіп, 5 трлн теңгені құрады, құрылыс көлемі 46 есеге, жеке кәсіпкерлік нысандарының саны 3 есеге артты, жұмыссыздық 12 пайыздан 4 пайызға дейін азайды. Қаланың жалпы аймақтық өнімінің 22 пайызын шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері толықтырып отыр. Астана ресми мәртебе алған бір жыл ішінде ЮНЕСКО-ның «Бейбітшілік қаласы» атағын алып, бүгінде әлемнің ең үздік отыз қаласының қатарына қосылу жолында нақты қадамдар жасауда. Қала басшылығы оған қол жеткізу үшін зор мүмкіндік бар екендігін атап өтуде. Осы орайда статистика деректері Елордада экономика, мәдениет, құрылыс, бизнес салалары аса қарқынды дамып келе жатқанына айғақ болатынын атап көрсетуіміз керек. Жиырма жыл ішінде қалаға салынған инвестицияның жалпы көлемі 8 трлн теңгеге жеткен, осы кезеңде мемлекеттік қазынаға бас шаһардан 6,3 трлн теңге қаражат түскен, алынған трансферт көлемі 2,3 трлн теңгені құраған. Бұл ретте мемлекеттің қаланы салуға бөлген инвестициясы 2,5 есе қайтарымға ие бол­ған. Шаһар шаруашылығының шағын және орта кәсіпкерлікке негізделген толыққанды құрылымы жасалып, бұл бағытта өндірілген өнім көлемі 4 трлн 300 млрд теңгеге жеткен.
Қала экономикасының негізін сауда, көлік, бай­ланыс және құрылыс салалары құрайды. Ел шар­уашылығының сауда саласындағы жалпы өніміне салатын үлесі жағынан Астана облыстар мен қалалар арасында Алматыдан кейінгі екінші орынды алатынын, ал Астана және Алматы қалаларының біріккен аймақтық өнімі Қазақстанның сауда саласының тең жарымын алып отырғанын, сондай-ақ бөлшек сауда айналымы бойынша Астана еліміз бойынша екінші орында тұрғанын айта кетуіміз керек. Бас қаламыз республикада құрылыс жағынан алда, соңғы жылдары пайдалануға берілген құрылыс нысандарының басым бөлігі осы шаһардың үлесіне тиеді. Қала құрылысқа арналған темір бұйымдарын, бетон мен бетоннан жасалған заттар шығару жағынан жетекші орын алады. Сонымен бірге құрылысқа арналған темір құрылғылар, радиатор, орталық жылу қазандықтарын, көтергіш-көлік құрылғыларын жасау жағынан да оның алатын үлесі басым. Қалада бұдан ширек ғасырдай бұрын саусақпен санарлықтай он қабатты үйлер болғаны байырғы тұрғындар жадында шығар. Міне, аз уақытта қаланың бет-бейнесі де айтарлықтай өзгеріп, мұнда қазір аспанмен тілдескен зәулім үйлер мен әсем ғимараттар бой көтерді, еуропалық үлгідегі кафелер мен мейрамханалар, дүкендер, көңіл көтеру ошақтары мен сауда үйлері сап түзеді. Құрылыс тізгінін қолға алған отандық және шетелдік компаниялар замануи технологияларды қолданып, қаланың қайталанбас бейнесін өмірге әкелді.
Бүгінде қалталы инвесторсыз істің ілгерілемейтіні әмбеге аян. Осыны ескере отырып, инвесторларды тарту және бәсекеге қабілетті жаңа кәсіпорындар ашу үшін «Астана – жаңа қала» атты арнайы экономикалық белдеуі құрылып, мұның негізінде салық және кеден­дік жеңілдіктер қарастыратын құқықтық тәртіп ен­гізілді. Белдеу аймағында жұмыс істейтін әртүрлі бағыттағы бағдарламалар бәсекеге қабілетті экономика құруға, оның ішінде қаланың жалпы аймақтық өнімі мен туризм саласын дамытуға мүмкіндік беретін шағын кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған. Мәдени-әлеуметтік өріс те назардан тыс қалмай, Конгресс-холл, Жастар сарайы, Президенттің мәдениет орталығы, «Шабыт» шығармашылық сарайы, Бейбітшілік және келісім сарайы сынды әсем ғимараттар, облыстық филармония, мұражайлар мен театрлар, кітапханалар қала тұрғындарына қалтқысыз қызмет етуде. Бүгінде алыс-жақын шетелге мәлім болған Назарбаев университеті, Л.Гумилев атындағы ұлттық университет ғылым- біліміміздің қара шаңырағы, байырғы оқу ордасы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетімен бірге Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы негізгі басымдықтарды жүзеге асыру бағытында жанды жұмыс жүргізуде.

Жетпісбай Бекболатұлы,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ кафедра меңгерушісі


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру