Валюта бағамы: $ 356.54 419.43 5.42 ¥ 51.86

Сыртқы қарыз ІЖӨ-нің жартысына жетті

Таяуда ҚР Ұлттық экономика министрлігі мемлекеттік борыштың жиынтық көлемі осы жылдың 1 сәуіріне 28 трлн теңгені немесе ІЖӨ-нің 48,9% пайызын құрағанын мәлімдеді. Шолуымызда борыштың шетелдік және отандық қаржылық ұйымдар мен мекемелерге шаққандағы қазіргі жай-күйі хақында әңгімелекпіз.

Исатай ҚАМБАРОВ

Сонымен борыш жалпы көлемінің 10 трлн теңгесі (ІЖӨ-ге шаққанда 17,5%) Үкіметке тиесілі болса, ұлттық компаниялар борышы – 13,65 трлн теңге, Ұлттық банк – 4,2 трлн теңге, жергілікті атқарушы органдар борышы – 0,13 трлн теңгені құраған.
Жалпы алғандағы мемлекеттік борыш, яғни, Үкіметтің, Ұлттық банк­тің және жергілікті атқарушы ор­ган­дардың жиынтық қарызы, қолдағы бар мәліметтерге сәйкес, 14,3 трлн теңгені (немесе ІЖӨ-ге шақ­қандағы 25,1%) құраған.
Кепілдік берілген заемдар бойынша борыш 428,5 млрд теңгені: ішкі заемдар – 8,4 млрд теңге, сыртқы – 420 млрд теңгені құрайды. 1-инфографика.
Қазақстанның аса ірі кредит беру­шілері арасында Халықаралық қайта құру және даму банкі, Азия қайта құру және даму банкі, сондай-ақ Жапония халықаралық ынтымақтас­тық агенттігі (Japan International Cooperation Agency, JICA) бар.
«2018 жылдың 1 сәуіріндегі жағдай бойынша Үкіметтің халықаралық қаржылық ұйымдар (ХҚҚДБ, АҚҚДБ, ИДБ – Ислам даму банкі) алдындағы сыртқы борыштары 6,5 млрд доллар, еурооблигациялар бойынша 6,5 млрд доллар және басқа да шетелдік коммерциялық банктер алдында – 0,7 млрд доллар құрайды», – делінген Ұлттық экономика министрлігінің мә­ліметтерінде.

 

Жаңа бюджеттік саясат тұжы­рым­дамасында жиынтық мемлекет­тік борыш Қазақстанның ІЖӨ-не 60%-дан аспайтын борыштық көрсеткіш қарастырылған. 2018 жылдың 1 сәуіріндегі жағдай бойынша мемелкеттік борыштың жиынтық көлемі 28 трлн теңгені немесе ІЖӨ-ге шаққанда 48,9% құраған. 2-инфографика.
Қазақстанның ХҚҚДБ-нен ал­ған заем сомасы 1,3 трлн теңгені құраған, екінші орында АҚҚДБ – 684,9 млрд теңге, үшінші JICA – 163,7 млрд теңге. Сондай-ақ осы қаржылық құ­ры­лымдағы борыштың айтарлықтай үлесі еурооблигацияларға – 6,5 млрд доллар – тиесілі.
Қазақстан қарыз алған басқа да ХҚҰ (халықаралық қаржылық ұйым­дар) қатарына мыналар кіреді:
• 201 млн доллар заемымен Еуропа қайта құру және даму банкі, Ислам даму банкі – 137,7 млн доллар,
• Сауд даму қоры – 553 мың доллар,
• Кувейт араб экономикалық даму қоры – 5,2 млн доллар,
• Абу-Даби даму қоры – 4,1 млн доллар,
• Германия үкіметі несиелік агент­тігі – 12,4 млн доллар,
• шетелдік коммерциялық банктер – 200 млн долар.
Берілген мәліметтерге сәйкес үш ірі квазимемлекеттік сектор – «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ мен «Қаз­Агро» компаниясы бо­рыштық міндет­темелерінің жалпы көлемі жиын­тығында 13,6 трлн теңгені құраған. Оның ішінде сыртқы қарыз 7,7 трлн теңге, ішкі борыш – 5,9 трлн теңге құрапты.
«Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры борышы тартылған заем­дардың жалпы сомасының 70%-ын иеленіп отыр екен.
Еліміздің сыртқы борышының жал­пы жағдайына пікірін білдіре келе, Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының бас ғылыми қызметкері Вячеслав Додонов мей­лінші ауыр мәселелі компонент мемлекеттік борыш болып табылатынын атап айтады. Өйткені, бұл еліміздің бюджетіндегі қа­ражаттың жетіспеуіне әсерін ти­гізеді, дейді ол.
«Нақ осы (Үкімет борышы – ред.) бюджеттік үдеріс және республикалық бюджеттің шығыстарын ұлғайтуға тікелей әсер етеді. Және соның салдарынан – бюджет тапшылығы өсуіне және сол тапшылықты қаржыландыру үшін борышты одан әрі арттыруға ұрындырады. Ұлттық банктің борышы көбінесе техникалық сипатта болып келеді – тиісті борышқорлық құралдар ең алдымен монетарлық саясат шараларын жүзеге асыруға және банктік сектордың өтемпаздығын реттеу үшін шығарылады және де бюджеттік үдеріске ешқандай тікелей қауіп тудырмайды», – дейді Вячеслав Додонов.


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру