Валюта бағамы: $ 356.54 419.43 5.42 ¥ 51.86

Отандық өндірушілер үшін жол ашық

Қазақстанда өндіруші компаниялар мемлекеттік және квазимемлекеттік секторлардың сатып алулары арқылы ұзақмерзімді келісімшартты еш кедергісіз жасай алады.

Бұл «Атамекен» ұлттық кәсіп­керлер палатасының V съезі қарсаңында өткен «Отандық тауар өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігі» атты форумның басты тақырыбына айналды.
Қатысушыларға «Самұрық-Қазына» қорының сатып алуларда жергілікті қамту үлесін дамыту бойынша атқарып жатқан жұмысы мен жоспарын таныстырып, Қор мен Ұлттық палата арасындағы өзара қарым-қатынас деңгейі жоғары екенін атап өткен Ахметжан Есімов холдинг ішіндегі кооперация аясында, яғни бәсекелестік ортадан тыс жүргізілетін сатып алулар позициялары тізімі оңтайландырылғаны туралы айтты. Олардың жалпы көлемі былтырғы 4,5 мыңнан бүгінде 424 позицияға қысқарған. Сонымен қатар жеткізушілерді біліктілігі бойынша алдын ала іріктеу жүйесіне түзетулер енгізілді: сауалнама саны екі есеге қысқарды, Ұлттық палата басшылығының қатысуымен апелляциялық комиссия құрылды, іріктеуден өту мерзімі 2,5 есеге қысқарды.
Форум аясында «Атамекен» ҰКП мен «Самұрық-Қазына» қоры арасында өзара қарым-қатынас туралы келісім және «Атамекен» ҰКП, «Самұрық-Қазына» қоры мен Инвестициялар және даму министрлігі арасында жобалық кеңсе құру туралы келісім жасалды. Келісімге сәйкес Импортты алмастыру бойынша ұзақмер­зімді бағдарламаны әзірлеу қарас­тырылған. Бағдарлама Қор компаниялары сатып алатын импорт­тық тауарлардың тізіміне енгізі­летін Қазақстандағы өндірісті ұйым­дастыру негізінде құрылады.
– Келісімдер отандық тауар өндірушілерге «Самұрық-Қазына» қорының сатып алу жүйесіне кедергісіз түсуге нақты мүмкіндік береді. Осындай ұзақмерзімді келісімшарттарда өндірістерді жаңғырту көзделгені маңызды. Сонымен қатар біз валюталық қатерлерді және қызметтің басқа да аспектілерін сақтандыруды үйренуіміз керек, өйткені шарттар ұзақ мерзімге жасалды. Осы ретте бізде жобалық кеңсе арқылы бизнеспен тұрақты түрде байланыс болады, шарттарды жасауда орын алған қиындықтарды нақты көретін боламыз. Сатып алулар бойынша тура осындай жұмыс өңірлік әкімдіктерде де қарастырылған. Сондай-ақ өндірушілердің жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алуларына белсенді қатысуын қамтамасыз ету мақсатында Инвестициялар және даму, Ұлттық экономика министрліктерінің қолдауын пайдаланбақпыз. Осылайша, өндірістерді жаңғырту және кеңейту мақсатында жер қойнауын пайдаланушылар, мемлекеттік және квазимемлекеттік сектор­лардың сатып алулары арқылы отандық тауар, жұмыс және қызмет түрлерін орындап отыр­ған барлық өндірушілерге ұзақ мерзімді келісімшартқа қол жеткізуді қамтамасыз етеміз, – деді Тимур Құлыбаев.

Б.Қалдыбекұлы


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру