Валюта бағамы: $ 367.06 416.17 5.56 ¥ 52.84

Қаламгерлердің еңбегі бағаланды

Алматы облыстық «Жетісу» және «Огни Алатау» газеттерінің қызметкерлері қатарындағы 6 журналиске қос газеттің 100 жылдық мерейлі тойы мен Байланыс және ақпарат қызметкерлері күніне арналған салтанатты шарада жаңа пәтер кілттері берілді.

Нұрлан ҚҰМАР

Жиында құттықтау сөз сөй­леген облыс әкімі Амандық Баталов облыстық екі газеттің ақпарат кеңістігіндегі олардың рөліне тоқталып өтті.
– «Жетісу» және «Огни Алатау» газеттерінің 100 жылдығына арналған салтанатты кеш журна­листердің кәсіби мерекесі қар­саңында аталып, қос қуаныш қатар келіп отыр. Сондықтан барша журналистерді төл мере­келерімен құттықтап, шығарма­шылық табыс тілей­мін! Бұл екі газет өзінің ғасыр­лық ғұры­мында қандай дәуірді, қандай кезеңдерді бастан кешірсе де, мақсат-мүддесі өзгер­ген жоқ, – деді А. Баталов.
Журналистер қауымына әріп­­­тестік байланысы үшін ри­за­шы­лығын айта келе: «Сөздің қуаты, журналистиканың қай­раты қашанда мықты. Бұқа­­ралық ақпарат құралдары қа­шанда халық пен биліктің арасын­дағы алтын көпір болып келеді. Мемлекеттік саясатты, ел ішін­де жүргізіліп жатқан ірі рефор­маларды, рухани жаңғыру қа­дам­дарын халыққа жеткізуде БАҚ бізге зор қолдау көрсетіп отыр. Сол үшін баршаңызға ри­за­­шылығымды білдіремін! Басты байлығымыз – Тәуелсіздікті нығайту жолындағы еңбектеріңіз жемісті, қаламдарыңыз қарым­ды, мерекелеріңіз құтты болсын! – деді өз сөзінде облыс әкімі.
Бұдан әрі марапаттау рәсіміне көшкен облыс басшысы А.Баталов алдымен ҚР Ақпарат және ком­муника­циялар министрлігінің «Ақпа­рат саласының үздігі» төс­бел­гісін «Жетісу» газеті бас редакторының орынбасары Жұма­тай Әміреевке, аға тілші Қуат Қайранбаевқа, жауапты хатшы Гауһар Дүйсенбаеваға, сол сияқты «Огни Алатау» газетінің меншікті тілшісі Танзиля Мұхтарова мен Василий Воробьевке тақты. Сондай-ақ бір қауым тілшілер облыс әкімінің Құрмет грамотасын және Алғыс хатын, «Нұр Отан» пар­тиясының «Белсенді қызметі үшін» төсбелгісін алды. Сонымен қатар облыс әкімі А. Баталов облыстық «Жетісу» және «Огни Алатау» газеттерінің 6 жур­налисіне пәтер кілттерін ұсынды.
Қазақстан журналистер ода­ғының «Қазақстанның Құр­мет­ті журналисі» төсбелгісі «Жетісу» га­зеті бас редакторының орын­ба­сары Нүсіпбай Әбді­рахым­ға, «Огни Алатау» газеті бас редак­торының орынбасарлары Забира Сайділдина мен Виталий Пекельникке «Өлке тынысы» ЖШС бас директоры Мейрам Жанәділов тапсырды. Ал Қоғамдық марапаттар мен атақтар жөніндегі республикалық кеңестің «Қазақ журналистикасының қайраткері» медалімен бірқатар ардагерлер мен газеттердің тәжірибелі тілшілерін кеңес төрағасы Марат Тоқашбаев марапаттады. Марапатталғандар қатарында «Огни Алатау» газетінің бас редакторы Атсалим Идигов пен «Өлке тынысы» ЖШС бас директорының орынбасары Болат Абаған да бар.
Жаңа баспанаға ие болғандар атынан «Огни Алатау» газетінің тілшісі Татьяна Демидова мен жетісулық Асыл Сұлтанғазы сөй­леп, облыста журналистердің жұмыс істеуіне жайлы жағ­дай жасалып, газеттердің мате­риалдық-техникалық базасы жақсарғанын, баспана мәселе­сінде де қолдау көрсетіліп отыр­ға­нына алғыс айтты.
Жиында Қазақстан Журна­лис­тер академиясының прези­денті Сағымбай Қозыбаев пен ҚР Құрметті журналисі Мамадияр Жақып сөз сөйлеп, облыстық газеттердің 100 жылдығымен құт­тықтап, ізгі тілектерін біл­дір­ді.
Өз кезектерінде мерейтой­лық екі газеттің бас редакторлары Атсалим Идигов пен Әміре Әрін қалам иелеріне құрмет көрсетіп, сапалы жұмыс атқаруына қолай­лы жағдай туығызып, қам­қор­­лық танытып отырған облыс басшылығының атына ерекше ризашылықтарын білдірді. Бұдан былай да мемле­кеттік ақпараттық саясатты ілгерілетуде лайықты үлес қосатындықтарына сендірді.
Шара соңы мерекелік концертпен және салтанатты кешкі аспен жалғасты. Ал «Жетісу» және «Огни Алатау» газеттерінде біраз жыл еңбек еткендерге 50 мың теңгелей ақша табысталды.


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру