Валюта бағамы: $ 364.95 416.99 5.55 ¥ 52.58

Ержан – «Қазақстан барысының» чемпионы

Жеңімпазға 25 миллион теңге табысталды

Астанадағы «Барыс Арена» мұз айдыны сарайында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың жүлдесі үшін қазақ күресінен VIIІ «Қазақстан барысы» турнирі өтті. Астананың 20 жылдық мерейтойына арналған жарысқа еліміздің 3 маңызды қала мен 14 облысынан ең мықты деген 37 балуан қатысты.

Салтанат ҚАЖЫКЕН

Сайыстың ашылу салтанатында «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев, «Қазақстан» РТРК» АҚ төрағасы Ерлан Қарин, «Қазақстан барысы» турнирінің үш дүркін жеңімпазы Бейбіт Ыстыбаев және «Қазақстан барысы» қазақ күресін дамыту қоры қамқорлық кеңесінің төрағасы Арман Шораев құттықтау сөз сөйлеп, балуандарға жеңіс, жан­күйер қауымға естен кетпес жақсы әсер тіледі.
Тұңғыш «Қазақстан барысы», былтырғы додада күміс жүлдегер атанған Ұлан Рысқұл алғашқы айналымда жеребеге сәйкес іріктеусіз өтіп, екінші кезеңде Алматы қаласының балуаны Дәурен Нұралиновке есе жіберіп, жарыстан шығып қалды. Жамбылдық балуан Айбол Айтбек Түркістан облысының балуаны Ерсұлтан Мұзаппаровтан күтпеген жерден жеңіліп қалды. «Соқыр» жеребенің тартуымен 1/8 финалында 2014 жылғы жарыстың жеңімпазы Мұхит Тұрсынов пен былтырғы чемпион Еламан Ерғалиев бозкілемде жолдары түйісті. Белдесудің нәтижесінде Ерғалиев қарсыласынан айласын асырып келесі кезеңге шықты.
Екінші ширек финалдық бәсекеде қарағандылық балуан Ержан Шынкеев пен қызыл­ордалық Мақсат Исағабы­лов жолықты. Бір жамбас ұпайы­мен қарағандылық балуан келесі кезеңге өтті. «Әскер барысы» Ерасыл Қажыбаев пен Түркістан облысының балуаны Ерсұлтан Мұзаппаров жарыстың жартылай финалына жолдама алды.
Жартылай финал белдесуле­рінде алдымен кілемге Ержан Шынкеев пен Айбек Нұғымаров кездесті. Қос тәжірибелі балуан­дардың белдесуінде Ержан же­ңіске жетті. Ал екінші жартылай финалдық жұпта «Қазақстан барысы» турнирінің финалдық бәсекесіне тұңғыш рет қатысып жатқан Ерасыл Қажыбаев пен Ерсұлтан Мұзаппаров күш сынасты. Нәтижесінде Ерасыл ұпай санымен ұтты.
2018 жылғы «Қазақстан барысын» анықтайтын шешуші сайыстың алдында жүлде берілетін үшінші орын үшін белдесуінде Шығыс Қазақстан облысының балуаны Айбек Нұғымаров пен Түркістан облысының тарланы Ерсұлтан Мұзаппаров ара­сындағы жекпе-жегі тартысты дә­режеде өрбіді. Жеңіске жеткен А.Нұғымаров екі жыл қатарынан «Қазақстан барысының» қола жүлдесін иеленді.
Ақтық сында қарағандылық Ержан Шынкеев пен «Әскер барысы» Ерасыл Қажыбаев белдесті. Білекті балуандардың арасындағы финалдық белдесуде Ержан ұпай санымен бірден алға шықты. Осылайша қарағандылық балуан өз тарихында алғаш рет жеңімпаз атанды.
«Қазақстан барысы» турнирінің жеңімпазы мен жүлдегерлерін марапаттау шарасына «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев, Парламент Мәжілісінің депутаты Бекболат Тілеухан, «Қазақстан» РТРК» АҚ төрағасы Ерлан Қарин, «Қазақстан барысы» қазақ күресін дамыту қоры қамқорлық кеңесінің төрағасы Арман Шораев қатысты. 2018 жылғы «Қазақстан барысы» Ержан Шынкеевтің беліне «Алтын белбеуді» Мәулен Әшімбаев байлады. Сонымен қатар Қарағандының балуанына «алтын тайтұяқ» пен 25 миллион теңгенің сертификаты табыс етілді. Балуанның бапкері де құралақан қалған жоқ, чемпионның жаттықтырушысы 3,5 миллион теңге сыйақыға ие болды. Бұдан бөлек, турнирде екінші жүлдегер атанған Ерасыл Қажыбаевқа «Күміс белбеу» мен 5,5 миллион теңге тапсырылды. Үшінші орын алған Айбек Нұғымаровқа 1,8 миллион теңге, ал оның бапкеріне 900 мың теңге табысталды.


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру