Валюта бағамы: $ 356.54 419.43 5.42 ¥ 51.86

Жетілдіру шаралары жалғасуда

Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында онкологиялық ауруларға қарсы күрес жөніндегі кешенді жоспар, кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіру туралы заңды іске асыру жөніндегі шаралар, сондай-ақ Астана агломерациясын дамыту барысы талқыланды.

Денсаулық сақтау министрі Е.Біртановтың айтуынша, елімізде соңғы 10 жылда қатерлі ісік ауруларының өсу үрдісі 9,5 пайызға ұлғайып, өлім-жітім көрсеткіші 28,5 пайызға төмендеген. Қатерлі ісіктердің ауыртпалығын төмендету мақсатында Онкологиялық аурулармен күрес бойынша 2018-2022 жылдарға арналған кешенді жоспардың жобасы әзірленді. Аталған жоспар аясында профилактиканы дамыту және қауіп факторларын басқаруға, онкологиялық аурулардың жоғары тиімді ерте диагностикасына, көмек көрсетудің интеграцияланған моделін енгізуге, көмек көрсету саласын цифрландырып, кадрлық әлеует пен ғылымды дамытуға баса назар аударылады. Сонымен қатар Астана қаласында Ұлттық ғылыми онкология орталығын құру көзделіп, оның міндеттеріне халықаралық стандарттарға сәйкес онкологиялық көмек көрсету, онкология саласында ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу, профилактиканың, ерте диагностика қоюдың және емдеудің дербестендірілген әдістерін әзірлеу және енгізу жатқызылады. Қазір медицина саласына IBM Watson for Oncology жасанды зердені енгізу бойынша жұмыстар атқарылуда. Аталған алаң онкологтарға дәлелденген медицинаның негізінде жеке емдеу әдісін ұсынып, онкологиялық сараптауға, шетелдік медициналық оқулықтарға қол жеткізеді. Кешенді жоспарды іске асыру үшін жеке инвестициялар тартылып, мемлекеттік-жекешелік әріптестік механизмдері пайдаланылады.
Ағымдағы жылдың 24 мамырында Мемлекет басшысы бизнес-ортаны түбегейлі жақсарту және кеңейтуге, сондай-ақ әкімшілік кедергілер мен бизнес шығындарын қысқартуға бағытталған Кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіру мәселелері туралы заңға жария түрде қол қойған болатын. Үкімет отырысында қаралған келесі тақырып – аталған заңды іске асыру жөніндегі шаралар жайын ұлттық экономика бірінші вице-министрі Р.Дәленов баяндады. Ол жалпы заңды іске асыру үшін 146 заңға тәуелді актіні қабылдау қажеттігін, соның ішінде Doing Business рейтингісіндегі Қазақстанның позицияларын жақсарту мақсатында 24 нормативтік-құқықтық акт қабылдау үлкен маңызға ие екендігін айтты. Қазіргі кезде заңға тәуелді барлық актілер әзірленіп, олардың көбі мемлекеттік органдарда келісу рәсімдерінен өту сатысында тұр. Заңды кеңінен түсіндіру мақсатында 8 маусымнан бастап Павлодар, Көкшетау, Алматы, Ақтөбе қалаларында жақын жердегі өңірлерді тарта отырып, кәсіпкерлер арасында ақпараттық-түсіндіру іс-шаралары жүргізілген. Бұл жұмысқа жергілікті атқарушы органдардың, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, бизнес-қауымдастықтың өкілдері жұмылды.
Инвестициялар және даму министрі Ж.Қасымбек министрлік қызметінің жаңа бағытын – аэронавигация және әуежай бойынша табиғи монополиялар саласын құқықтық реттеу мақсатында тұтынушыларға қызмет көрсету стандарттары, инвестициялық бағдарламалардың жобаларын қа­лыптастыру және бағалау әдістемесі, көрсетілетін қызметтерге арналған тарифтер бойынша уақытша төмендету коэффициентінің деңгейін есептеу әдістемесі, көрсетілетін қызметтердің, тауарлардың, жұмыстардың тарифтерін немесе олардың шекті деңгейлерін кемітпей есептеу әдістемесі, азаматтық авиация саласындағы тарифтік саясат жөніндегі сараптамалық кеңес бөлігінде нормативтік-құқықтық актілер әзірленгенін мәлімдеді.
Ал энергетика министрі Қ.Бозым­баев мұнай-газ, электр энергетикасы мен атом өнеркәсібі және қоршаған ортаны қорғау саласы туралы заңның қосымша актілерін тәуекелдерді бағалау өлшем шартына үйлестіру үшін нормативтік-құқықтық актілер қабылданғанын мәлімдеді. Сондай-ақ мұнай-газ саласының лицензияланған қызмет түрлері тізімінен мұнай-химия өндірістерін жобалау алынып тасталатыны белгілі болды.
Заңда Экологиялық кодекс­ке түзетулер енгізілген, оған сәйкес өкі­летті орган апелляциялық комиссия құрып, регламенті, ережесі мен құрамын бекітеді. Әділет министрі М. Бекетаевтың айтуынша, бұл заң жылжымайтын мүлікті тіркеу функцияларын «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына береді. Бақылау және құқықтық қамтамасыз ету функциялары әділет органдарының қарауында қалады.
Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі А.Евниев Кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіру туралы заңның аясында АӨК салаларын қамтитын 3 кодекс пен 10 заңға өзгертулер енгізілетінін, соған байланысты АӨК саласындағы 16 заңға тәуелді актіні бекіту қажеттігін алға тартты. Қазіргі кезде министрлік аталған заңға тәуелді актілерді әзірлеуде.
Мәселелерді қарау қорытындысы бойынша Премьер-министр өңірлер қабылданған заңға зор қолдау білдіріп, кәсіпкерлер қажетті нормативтік-құқықтық актілердің қабылдануын асыға күтіп отырғандығын жеткізді. Осыған байланысты министрліктерге қажетті НҚА қабылдауды жеделдету және олардың жоғары сапалы болуын қамтамасыз ету тапсырылды. Бұл орайда Үкімет басшысының өңірлерге сапары барысында «Атамекен» ҰКП және кәсіпкерлер тарапынан білдірілген барлық ескертпелерге ден қою қажет.
Үкімет отырысында Астана агломерациясын іске асыру барысы туралы баяндаған ұлттық экономика вице-министрі Р.Дәленов 2020 жылға дейін Астана агломерациясын дамытудың өңіраралық іс-шаралар жоспары қабылданғанына, онда үш басты бағыт бойынша 82 шараны іске асыру қарастырылғанына тоқталды. Осы мақсатта Астана агломерациясын аумақтық және институционалдық дамыту, оны республикалық және өңірлік нарықтарда экономикалық тұрғыдан орнықтыру, өзек-қаланы, қала маңы және тартылыс аймағын инфрақұрылымдық үйлестіріп, дамыту көзделеді.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру