Валюта бағамы: $ 346.68 404.02 5.47 ¥ 51.15

Отандық өнімнің берер пайдасы көп

Елімізде ауыл шаруашылығының зор әлеуетін тиімді пайдалану мақсатында атқарылып жатқан жұмыс ауқымды. Оның ішінде отандық тұқым шаруашылығын оңтайландырып, өнім сапасын арттыруға айырықша көңіл бөлініп отыр. Бұл жағынан Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың жүктеп отырған тапсырмалары мен міндеттері ұшан-теңіз. Осы бағытта қант қызылшасы өндірісіне ерекше назар аударыла бастады. Енді мәні-маңызы зор осынау мәселені ғылыми тұрғыдан таразылар болсақ, тағлымы жетерлік талай жайларға қаныға түсеміз.

Әлемдік қант нарығына үңілер болсақ, қант негізінен қант құрағынан және қант қы­зылшасынан алынады. Қант құрағының өндірісі 1,4 млрд. тоннаны құрайды. Ал, қант қызылшасының үлесі 270 млн. тонна. Әлемдегі қант өндірісінің жалпы көлемі 131 млн. тонна болса, оның ішінде қант құра­ғынан – 98 млн. тонна, қант қы­зыл­шасынан – 33 млн. тонна (25,2 %) шығарылады. Ең ірі қант құрағынан өнім өндірушілер Бразилия – 27,7 млн. тонна, Үндістан – 19,9 млн. тонна, Қытай – 9,7 млн. тонна, АҚШ – 2,2 млн. тонна екен.
Бүкіл дүниежүзі бойынша қант қызылшасының егістігі 5 млн. гектар жерді алып жатыр. БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің ақпараты бойынша қант қызылшасының ірі өндірушілері қатарындағы Ресей – 45 млн. тонна, Франция – 33 млн. тонна, АҚШ – 31 млн. тонна, Германия – 27 млн. тонна, Украина – 18 млн. тонна, Түркия – 15 млн. тонна тамыр жемісті жыл сайын өндіріп отырады екен. Әр тұрғынға шаққандағы қантты тұтыну деңгейі жетекші орында тұрған Украинада 37 келі, ал Ресей мен Белоруссияда 35 келіден айналып тұр.
Енді Қазақстандағы қант қы­зылшасын өндірудің қазіргі жағдайына тоқталатын болсақ, соңғы жылдары еліміздің жаңа әлеуметтік-экономикалық бағыт-бағдарына байланысты республиканың ауыл шаруашы­лығында, оның ішінде қант қызылшасы өнеркәсібінде күрделі өзгерістер болды. Осы заманғы аграрлық қарым-қатынастағы елдердің даму үрдісіне тал­дау жасау Қазақстанның агро­өнеркәсіп кешенінің ары қарай дамуы мемлекеттік қол­даудың тиімділігі және қант зауыты төңірегіне топтасқан кооперативтік бірлестіктерді құру есебінен инновацияны енгізуге тең дәре­жеде ыңғайлы жағдай жасау арқылы бәсекеге қабілеттілікті арттыруға жұмылдырылуы керек екендігін көрсетеді.
Республикада қант қызылша­сын өсірген жылдардағы егіс­тік алқабының ең жоғары көлемі 80,8 мың гектарға жетіп, орташа өнімділік әр гектарына 270 центнерді құраған еді. Бұл ретте қызылша ауыспалы егістігі айналымын игеру үшін 213,5 мың гектар суармалы жер пайдаланылды. Осының арқа­сында өнімділік жөнінен ең жоғары нәтижеге 1972 жылы қол жеткізілді. 73,1 мың гектардың әр гектарынан 338 центнерден тәтті түбір жиналып, мемлекетке 2349,5 мың тонна қант қызылшасы өткізілді. 1976 жылы Талдықорған облысының екі ауданы: Киров (5,2 мың гектардан) және Талдықорған (9,2 мың гектардан) тиісінше 366 және 375 центнерден өнім алды. 2004-2014 жылдар аралығында елдегі қант қызылшасы алқабы 22,3 мыңнан 1,2 мың гектарға дейін күрт қысқарды. Қант қызылшасы – біздің елімізде қант алуға арналған негізгі шикізат, оның өндірілу деңгейі елдің азық-түліктік қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді.

Қазақстанда қызылша өсіруді қайта дамыту үшін үлкен мүмкіндіктер бар. Республиканың табиғи-климаттық жағдайы бұл дақылды Алматы облысының 10 ауданында (Алакөл, Ақсу, Еңбекшіқазақ, Ескелді, Жамбыл, Іле, Қаратал, Көксу, Сарқанд, Талғар), Жамбыл облысының 5 ауданында (Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Қордай, Мерке) және Оңтүстік Қазақстан облысының 4 ауданында (Мақтарал, Отырар, Сарыағаш, Шардара) өсіруге мүмкіндік береді. Әрине, бұл ретте өнімділіктің, өнімнің сапасы мен шығын көлемінің айтарлықтай әр түрлі болары анық. Өткен жылдардағы қант қызылшасын өсірудің тәжірибесі республикада суармалы жердің әр гектарынан 400 центнерден, тәлімі жерден 200-250 центнерден тұрақты өнім алуға болатынын көрсетеді.
Қазіргі кезде Қазақстанның агро­өнеркәсіп кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылуда. Ол бойынша 2021 жылы қант қызылшасы алқабын 32 мың гектарға дейін жеткізу және жалпы өнім көлемін 1,0 млн. тоннаға өсіру жоспарланып отыр. Осы арқылы ішкі нарықты отандық шикізаттан алынған қантпен толтыру, импорттық шикізатқа тәуелділікті төмендету, қант қызылшасын өндіретін шаруашылықтарға жұмысын алға бастыру үшін қолдау жасау белгіленгенін де атап айтуымыз керек. Республиканың жыл сайынғы қантқа сұранысы 400 мың тоннаны құрайды. Сарапшылардың есебі бойынша Кедендік одақ елдерінде (Ресей, Беларусь, Қазақстан) тәтті түбірдің жаңа жиналымынан 5,3 млн. тонна қант өндірілген. Бұл Кедендік одақ елдерінің жыл ортасына дейінгі тұтынушылық талабын қанағаттандыруға және артылғанын экспортқа шығаруға жетеді.
Ерекше атап айтатын жай, Алматы облысында қант қызылшасын өсірудің қайтадан қарқынды түрде өріс алуы қуантады. 2015 жылы қант қызылшасының алқабы 4020 гектарға жетіп, 124,7 мың тонна тәтті түбір жиналды. Көптен бері тоқтап тұрған Көксу қант зауыты іске қосылды. Барлық қажетті ауқымды істер атқа­рылды. «Хильниченко және К» серік­тес­тігінің қызылшашылары орта есеппен әр гектардан 730 центнерден өнім алды, кейбір учаскелерінде бұл көрсеткіш 810 центнерге дейін жеткен. Облыста 2016 жылы қант қызылшасының егістігі 6,8 мың гектар­ға ұлғайды. Әр гектардың шы­ғым­дылығы орта есеппен 376 центнерден айналып, жалпы 250 мың тоннадан астам тәтті түбір алынған. 2017 жылы гектарына 380 центнерден өнім алынды.
2021 жылға қарай Алматы облысында бұл дақылдың егістігін 15,0 мың гектарға жеткізу көзделуде. Осы жылдары өнім дайындау көлемін 580 мың тоннаға дейін өсіру де жоспарланып отыр. 2017 жылы облыстың негізгі қант қызылшасын егетін аймақтарынан бөлек, оны өсірумен Алакөл ауданы мен Қапшағай қаласына қарасты Шеңгелді ауылдық округінің шаруа қожалықтары да айналыса бастады. Облыстық бюджеттен 200 млн. теңге бөлініп, оған «Жетісу» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы (ӘКК) арқылы француз және неміс селекциясының жоғары өнімді будандары тұқымының 8422 егістік бірлігі әкелінді. Бұған қосымша Панфилов ауданындағы «Қамқорлық» ЖШС-де жергілікті будандардың 2000 егістік бірлігі көлеміндегі тұқымы әзірленді. 2016 жылдан бастап «Жетісу» ӘКК-сы инвесторларды тарта отырып, он жылға жуық тұрып қалған «Ақсу» қант зауытын қайта қалыпқа келтіру жұмыстарын жүргізді. Оған 6 млрд. теңгеден артық күрделі қаржы бөлініп, соның арқасында 2017 жылдың күзінде өндіріс іске қосылды. Зауыт 60 мың тонна қант қызылшасын қабылдап, өңдеді. «Ақсу» қант зауытының іске қосылуы қызылшаны тасымалдауды жеңілдетіп, жаңадан 500-ден аса жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді.
Қант қызылшасын өндіру технологиясында арнаулы ауыл шаруашы­лығы техникаларымен толық жарақ­тандырылмауы басты проблема болып тұр: жоғары дәлдікті пневмо тұқым сепкіші, әмбебап компактор, тегістеуші, дәрі шашыратқыш, егін оратын, жинайтын көліктік кешен жетіспейді. Ұсақ шаруа қожалықтарының лизинг арқылы техника алуға мүмкіндігі жоқ. Осы проблеманы шешу үшін Алматы облысында аудандар бойынша 22 арнайы агросервистік орталықтар құрылуда. Әрбір сервистік орталық осы орайда өздерінің 100 гектар қызылшасынан басқа, 300 гектар қант қызылшасы алқабына ие болады. Орталықтың қуаттылығы 400 гектар қант қызылшасына есептелген және заманауи тракторлармен және арнаулы ауыл шаруашылығы машиналарымен толық жарақтандырылған. Орталықтар белгіленген баға бойынша, аймақтардың жерді пайдалануын дифференциалды түрде ескере отырып, басқа қызылша өсірілетін шаруашылықтарға да агротехникалық қызмет көрсетеді. Осындай мақсатпен 17 сервистік орталық өткен жылы 1060 гектарға өздері егіп, әр гектарынан орташа 510 центнерден өнім алды. Сонымен қатар, жалпы 75 шаруашылықтың 3800 гектар алқабына сервистік қызмет көрсетілді. Ал, 2018 жылға Алакөл, Ақсу аудандарында және Шеңгелді алқабында тағы да 5 сервистік орталық құру белгіленіп отыр. Әрбір сервистік орталыққа «Жетісу» ӘКК-сы арқылы 10 жыл мерзімге лизингке жалпы құны 250-300 млн. теңге тұратын 18-20 түрлі техника берілмек.
Жамбыл облысындағы қант қы­зыл­шасы өндірісі жайлы ойымызды ортаға сала кететін болсақ, Жамбыл облысында өткен ғасырдың 30-шы жылдарынан бастап 42 мың гектардан астам жерге қант қызылшасы өсірілді. Әр гектардан орташа 300 центнерге дейін өнім алынып келгені белгілі. Алайда, КСРО күйрегеннен кейін қызылша өсірудің көптеген дәстүрі жоғалып кетті. Бүгінде облыста осы дақылдың даңқын қайта жаңғыртуға, өсіру технологиясын қалпына келтіруге, бұрынғы өнім көлеміне қол жеткізуге күш салынуда. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметі бойынша, 2017 жылы 9,5 мың гектарға қант қызылшасы егіліп, оны жинау кезеңіне 8,0 мың гектары сақталыпты. Дақылдың орташа өнімділігі 220 центнерді құраған. Көп жерде бұл көрсеткіш 200 центнерден аспаған. 2015 жылы жергілікті шикізаттың үлесін көбейту есебінен Жамбыл облысындағы екі қант зауыты қант қызылшасын өңдеуге толық көшуі жоспарланған, бірақ Тараз қаласындағы зауытта қант құрағы шикізаты әлі де өндірістің негізгі көзі болып қалып отыр.
Биылдан бастап Мерке қант зауытын жергілікті шикізатпен толық қамтамасыз ету жоспарланған. 2016 жылы облыстық бюджеттен қант қызылшасын себетін шаруашылықтарға жалпы 420 млн. теңге бөлінді. Оның 220 млн. теңгесі тұқым сатып алуға, ал 200 миллионы техника алуға бағытталған. 2017 жылы тәтті түбірді өсіру процесін, яғни тұқым себуден өнімді жинауға дейінгі жұмыстарды үйлестіру өкілеттілігі берілген арнаулы комиссия бақылап отырды.
Өкінішке орай, тұқым өндірісі жөнінен біз елдің тұтыну деңгейінен әлдеқайда артта қалдық. Тұқым нарығында импорттық тұқым 95% құраса, отандық өнімнің үлесі бар болғаны 5% ғана. Яғни елімізде бұл дақыл тұқымының өндірісін мүлдем дерлік жоғалттық деуге болады. Бұған қоса көптеген аймақтарда себілетін тұқым сапасына деген бақылаудың жоқтығынан, карантиндік зиянкестер мен аурулардың еніп кету қаупі туындауда. Қазақстанда қант қызылшасы тұқымын өңдеу, жетілдіру зауытының жоқтығы және элиталық-тұқым шаруашылықтарының болмауы алынған қант қызылшасы тұқымын осы заманғы халықаралық стандарттарға (сорттау, кептіру және т.б.) сай себу кондициясына жеткізуге мүмкіндік бермейді. Осыдан барып жылдағы 25-30 мың егіс бірлігі көлеміндегі зауыт салудың қажеттілігі туындап отыр. Ол бізге жоғары сапалы тұқым алуға және оның импортын төмендетуге мүмкіндік туғызбақ.
Жалпы қажеттіліктегі тұқымның отандық өндірісінің үлесін 45-52%-ке жеткізіп, оның материалдық-техникалық базасын жаңғырту керек. Еліміздің 2021 жылға дейінгі өңдеу өнеркәсібін дамытудың «Мастер-жоспарына» сәйкес қант саласына қолдау көрсету үшін мемлекеттік қолдаудың әр түрлі жолы, тәсілі арқылы 2021 жылға дейін 11 млрд. теңге бағыттау жоспарлануда. Бұл үстіміздегі онжылдықтың аяғында отандық шикізаттан алынатын қант өнімі көлемін 100 мың тоннаға (2013 жылғы 8 мың тоннадан) жеткізуге мүмкіндік береді. Осы арқылы тұрғындардың қант өніміне деген сұранысын есепке ала отырып, ішкі қажеттіліктің 25%-ін қамтамасыз етуге болады.
Қазіргі таңда Қазақстанда қант қызылшасының 30 буданы өндіріске пайдалануға жіберілген, оның 23-і шетелдік өнімдер. Негізінен Ардан Авантаж, Роксан, Дануб, Венера, («Флоримонд Депре» Франция), Гримм («Штрубе» Германия), Крокодил (Бельгия) және басқалары. Шетелден әкелінген тұқымдар арнайы зауыттарда өңделген, сапалы, өсімтал. Олар тамыр шірігіне де төзімді келеді. Алайда, олар Қазақстанда тамыртегі фузариозбен және кагат ауруымен жиі бұзылуда. Шетелдік тұқымның егу бірлігінің бағасы 32 000-45 000 теңге аралығында. Ал, отандық будандар бағасы 10 000-15 000 теңге көлемінде. Бұл шетелдік будандардың бағасы өзіміздікімен салыстырғанда 2-3 есе артық деген сөз.
Шетелдік селекцияның тұқымда­рының басымдыққа шығуы егіске отандық тұқымның осы заман талабына сай емес, қанағаттанарлықсыз деңгейде дайындалуында әрі тұқым шаруашылығы саласының төменгі деңгейіне байланысты.
Қазіргі кезде қант қызылшасы тұқымының фабрикалық репродукциясын шығарумен ешкім айналыспайды. Тұқымды өсіру бір жұмыс, оны әрі қарай өңдеп, сатылымға шығаруға жеткізу керек қой. Мұндағы тағы бір мәселе – оларды егіске сапалы дайындау. Бұл тұқымның өміршеңдік тұрғыда іріктелуіне, жақсы қорғалуына, дұрыс сақталуына қатысты болмақ. Техникалық мүмкіндіктің, яғни тұқымды жетілдіретін зауыттың жоқтығынан біз ұтылып отырмыз. Қазіргі кезде тұқымды себуге әзірлеу қарабайыр тәсілмен жүргізілуде. Тұқым дайындау қарапайым әдіспен түрлі електерден өткізу және «ТМТД» препаратымен дәрілеу арқылы жасалып отыр. Осының салдарынан республикада әлі күнге дейін отандық селекция будандары өндірісте пайдалануға жіберілгендігіне қарамастан, тұқым дайындау халықаралық стандартқа сай келмегендіктен, айырықша сұранысқа ие емес немесе аз мөлшерде ғана қолданылады.
Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты («ҚазЕжӨШҒЗИ») – Қа­зақ­стандағы қант қызылшасы өн­дірісін ғылыми жағынан қамта­масыз ететін бірден-бір мекеме. Бұл ретте өнімі сапалы, өнімділігі жоғары әрі ауруға төзімді жаңа сорттар мен будандарды шығаруға, бастапқы және элиталық тұқым әзірлеуді өз деңгейінде жүргізуге, сондай-ақ оны өндірудің технологиясын жетілдіруге ерекше назар аударылады.
Мәселен, республикада жоғары репродукциялы қант қызылшасы тұқымын шығарумен бүгінгі уақытта тек Алматы облысындағы аттестаттаудан өткен екі элиталық-тұқымдық шаруашылық: «ҚазЕжӨШҒЗИ» және «Қамқорлық» ЖШС айналысады. Осы орайда институт жылдық мөлшері 1,5 тоннадан 4,0 тоннаға дейін жететін өзіндік элиталық тұқым өндірсе, ал «Қамқорлық» ЖШС де жыл сайын отандық будан тұқымын 7-ден 10 тоннаға дейін шығарады. Алдағы уақытта тұқым өндірудің осындай көлемі және оны қосымша ұйымдастырылатын тұқым шаруашылықтары арқылы ұлғайту егістік алқабының жоспарланған деңгейіне қол жеткізер еді.
Сондықтан қант қызылшасы тұ­­қымын өсіру, жоғары сапалы тұ­қымдық материал алуға тиісті жағ­дайы бар аймақтарға топтастырылады. Егіс материалы өсірілген жерде алғашқы сертификатталғаннан кейін өңдеуден өткізіледі, сондай-ақ бірнеше зертханалық және егіс сапасы бақылауынан да өтеді. Осының нәтижесінде жоғары стандартқа сай келмейтін тұқым бөлініп шығады да, бастапқы материалдың бестен бір бөлігі, яғни жоғары энергиялық тұқымның зертханалық өнгіштігі 90-95%, ал далалық өнгіштігі 80-86% болатын бөлігі қалады. Заманауи технология үшін тұқымдық материалдың тазалығын 99% қамтамасыз ететін бір дәнекті болғаны маңызды. Тағы бір мәселе, жаңа шыққан тұқым мен өсімдік будандық аурулар мен топырақ зиянкестеріне өте сезімтал келеді.
2017 жылдың аяғында біздің инс­титут ғалымдары «Ғылым қоры» АҚ-ның өндіріске дайын әзірлемелерді коммерциялау мақсаты бойынша гранттық қаржыны «Отандық селекциядағы жоғары сапалы қант қызылшасы тұқымын өндіру технологиясы» жобасы бойынша ұтып алды. Жоғары сапалы тұқым өндірудің ұсынылып отырған технологиясы «Агроөнеркәсіп кешені саласындағы қолданбалы ғылыми зерттеулер» атты республикалық ғылыми-техникалық бағдарлама аясында жасалған. Кейінгі жылдары ғылыми-техникалық бағдарламаның орындалуы нәтижесінде институтта Қазақстан Республикасы өндірісіне жіберілген қант қызылшасының отандық буданы шығарылуда. Алайда республикада қазақстандық селекциядан шыққан буданның тұқым шаруашылығын, яғни тұқымды халықаралық стандартқа жеткізетін зауыттың болмауынан, осы уақытқа дейін кеңінен қолданылмай отыр.
Мемлекеттің экономикалық да­муымыздағы басты рөлі – елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақ­сатында қабылданған талаптар негізінде жалпы экономиканы өркендету аясында кеңейтілген жұмыстарға институционалды жағдай жасауда жатыр. Жобаны жүзеге асыру қант қызылшасы егістігі мен одан алынатын өнім көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Тұтастай алғанда бұл осы әлеуметтік маңызды өнім бойынша азық-түліктік қауіпсіздікті нығайтады.
Елімізде өнімділігі, сапасы жо­ғары, қоршаған ортаға бейімділігі жағынан шетелдік түрлермен бәсекеге түсе алатын қант қызылшасы будандарын енгізу өнімділікті арттырып, қант өңдеу инфражүйесінің (қосымша жұмыс орындарын құру) дамуына, өнімнің өзіндік құнының кемуіне және қант қызылшасы саласының экономикалық тиімділігіне әкеледі деп толық сеніммен айта аламыз.

Серік КЕНЕНБАЕВ,
Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бас директоры,
а.ш.ғ. докторы, профессор,
ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру