Валюта бағамы: $ 367.06 416.17 5.56 ¥ 52.84

Зейнетақы: Тағайындау тәртібі өзгереді

Елімізде 1998 жылдан бастап жинақтаушы зейнетақы жүйесі жұмыс істеп келеді. Яғни еңкейген шақта ешкімге қол жаймас тірлікке негіз жасау – еңбекке қабілетті әрбір адамның өз қолында. Дегенмен кеңестік дәуірде еңбекке араласып, зейнеткер жасына жаңа заманда іліккен жұрттың көңіліндегі алаң бөлек. Ол – бірталай реформаны бастан өткерген зейнетақы жүйесіндегі өзгерістердің қарттық кезең мұқтаждығын қамтамасыз етер-етпесіне деген алаң. Осы ретте жүйедегі соңғы өзгерістер туралы Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслиxатында еңбек және xалықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова тарқата айтып берді.

Шілденің бірінен бас­тап елімізде базалық зейнет­ақыны тағайындау тәртібі өзгереді. Мемлекеттік бюджеттен төленетін базалық зейнетақының мөлшері еңбек өтілі мен зейнетақы жүйесіне қатысу мерзіміне тәуелді болады. Бүгінде базалық зейнетақы еңбек өтіліне қарамастан, зейнеткерлердің барлығына бірдей төленіп отыр. Оның мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54 процентін құрайды. Бұл – шамамен 15 274 теңге. Ал шілде айынан бастап базалық зейнетақы еңбек өтілі мен зейнетақы жүйесіне қатысу мерзіміне қарай төленеді. Базалық зейнетақы азаматтар жалпы белгіленген зейнеткерлік жасқа толған уақыттан бастап қана тағайындалады. Бұл өзгерістер зейнеткерлікке жаңадан және бұрын шыққан тұлғаларды қамтып, 1 шілдеден бастап базалық төлемдер қайта есептеледі. Есептеу барысында әрбір адамның 1998 жылғы 1 шілдеге дейінгі ынтымақты зейнетақы өтілі мен одан кейінгі жинақталған өтілі ескеріледі.
Вице-министрдің айтуынша, бүгінде қайта есептеу шаралары атқарылып, әрбір адамның зейнетақысы автоматты түрде белгілен­ген. Сондықтан қосымша құжаттарды тапсырудың қажеті жоқ. «Мәселен, зейнеткердің еңбек өтілі болмаған, ия зейнетақы жинақтау жүйе­сіне мүлдем қатыспаған күнде немесе еңбек өтілі он жылдың ғана көлемінде болса, оған есептелетін базалық зейнетақының мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54 процентін – 15 274 теңгені құрайды. Ал 10 жылдан ар­тық еңбек өтілі бар адамға қосымша әрбір жыл үшін 2 процент қосылады. Сонда 33 жылдық еңбек өтілі бар адам базалық зейнетақының толық мөлшерін – 28 284 теңгені ала алады.

Әрбір адам өзінің зейнетақы мөлшерін «электронды үкі­мет» порталынан, я болмаса «Аза­мат­тарға арналған үкіметтің» фронт-кеңселерінен біле алады. Сол жерде толық анықтама алуға да мүмкіндік бар», – деп атап көрсетті С.Жақыпова.
Еңбек және xалықтық әлеу­меттік қорғау вице-министрі жүйедегі жаңа өзгерістерге сәй­кес, жұмыссыз жүрген жылдар еңбек өтілі ретінде жазылатын жағдайларды атап өтті. Мәселен, үш жыл бала күтімімен айналысып, жұмыссыз отырып қалғандарға аталған уақыт еңбек өтілі деп жазылады. Бірақ бұл кезең 12 жылдан аспауы тиіс. Сонымен қатар I және II топтағы мүгедектерге, сондай-ақ 80 жастан асқан адамдарға қарап, күтім жасағандарға да еңбек өтілі жазылады. Сол сияқты әскери қызметтегі, арнайы мемлекеттік органдағы адам қызмет бабына байланысты жіберілген жерде оның жұбайына жұмыс табылмаса, сонда өткізген уақыты еңбек өтіліне жатқызылады. Бұл дипломаттардың жұбайларына да қатысты, оларға да тура сондай жеңілдік жасалады.
Ресми мәліметке сәйкес, қазіргі күні Қазақстанда 2 миллион 148 мың адам базалық зейнетақы алады. Оның ішінде 940 мың адам (44,5 проценті) базалық зейнетақының толық мөлшерін, яғни 28 284 теңге алады. 931 мыңға жуық зейнеткер ең төменгі күнкөріс деңгейіне жақын 74-90 процентін, ал 120 мың адам ең төменгі көрсеткіш – 15 274 мың теңге алады. Өйткені олардың еңбек өтілі 10 жылдан аз. Базалық зейнетақыны көтеруге республикалық бюджеттен 530 млрд теңге бөлініп отыр.
Зейнетақыға байланысты жиі қойылатын сұрақтың бірі – салым қаржысын зейнеткерлік жасына жетпей алу мүмкіндігі. Бұл ретте ерікті зейнетақы салымшылары үшін тиімділіктер қарастырылған. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры өкілдерінің айтуынша, зейнетақы қорына ерікті жарна құюшылар ақшасын зейнетақы жасына жетпей ала алады. «Өзінің жақын туысының немесе баласының материалдық жағдайын жасап қойғысы келетін азаматтарға бұл өнімнің тиімділігі зор. Бұл – 3-тұлғаның есебіне ерікті түрде зейнетақы жарнасын құю деген сөз. Көбіне бұл жүйені әйелдері үй шаруасында отыратын азаматтар қолданады. Сондай-ақ ресми орындарда жұмыс істемейтіндіктен зейнетақы аударымдары жүрмейтін азаматтар отбасы мен балаларының қамы үшін ерікті жарна төлейді. Бұл арқылы жақын адамыңыздың келешек материалдық базасын дайындай аласыз», – дейді БЖЗҚ Алматы филиалы көшпелі қызмет көрсету бөлімінің басшысы Айгүл Бимұрзаева.
Осылайша ерікті зейнетақы шотыңызда бірталай ақша жи­налған болса, құрметті дема­лысқа шығар жасқа дейін зейнетақы жарнасын шешіп алу үшін БЖЗҚ-ға кез келген уақытта өтініш бе­руіңізге болады.

РЫМТАЙ САҒЫНБЕКОВА


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру