Валюта бағамы: $ 346.68 404.02 5.47 ¥ 51.15

Салық түсімдері артты

2018 жылдың бес айының қорытындысы бойынша шоғырландырылма бюджет 253,9 млрд теңгені құраған. Былтырғы жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда бұл көрсеткіш 17,5 пайызға артқанын Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының орталығы да растап отыр.

Қаржы министрлігінің мәлі­меттері бойынша 2018 жылдың түзетілген бюджеті 10,38 трлн теңге болса, ҚР шоғырландырылған бюджетінің табысы 2018 жылдың қаңтар-мамырында 4,57 трлн теңгені құраған. Сөйтіп, 2018 жылдың бес айында бюджеттің табыс бөлігі 44,1%-ға орындалған. Соның ішінде салық түсімдері 2018 жылдың қаңтар-мамырында 4,44 трлн теңге құраған, бұл салынған бюджеттің 46,5%-ына тең. Өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда салық түсімдері 660,0 млрд теңгеге немесе 17,5%-ға артқан.
Есепті кезеңде 4,13 трлн теңге бюджеттік қаржы жұмсалған немесе бұл 2018 жылы бюджетке салынған қаржының 36,5%-ы деген сөз. Өткен жылдың бес айында шоғырландырылған бюджеттің шығыстары 3,83 трлн теңгені құраған, яғни 7,3%-ға төмен. Ағымдағы жылдың шығындары құрылымында 26,5%-ы әлеуметтік көмекпен қамтамасыз етуге (1 093,8 млрд теңге), білім беруге – 18,3% (755,4 млрд теңге) және денсаулық сақтауға – 12,0% (496,4 млрд теңге) тиесілі. Қарыздарды қамтамасыз етуге шығындар 2018 жылға жоспарланған 598,9 млрд теңгенің 231,4 млрд теңгесін құраған (1-диаграмма. Шоғырландырылған бюджеттің шығындары).


Бюджеттік несиелендіруді (145,4 млрд теңгеге), сондай-ақ қаржылық активтермен операцияларды (-43,4 млрд теңгеге) есептегендегі еліміздің шоғырландырылған бюджеті профицитті деңгейде – плюс 253,9 млрд теңге. Сонымен бірге көрсетілген сандар Ұлттық қорды басқарудағы (бюджетке салынған табыс – 2018 жылда 594 млрд теңге) инвестициялық табыстарды есепке алмаған. Айта кету керек, осы жылда бюджеттің дефициті 1,03 трлн теңге көлемінде есептелген (2-диаграмма. ҚР шоғырландырылған бюджетінің жылдар бойынша табыс­тары мен шығындары).


2017 жылдың қорытындысында шоғырландырылған бюджеттің дефициті 2213,5 млрд теңгені (табыстар 10 808,7 млрд теңге, шығындар – 12 490,0 млрд теңге) құраған. 2017 жылы Ұлттық қордан республикалық бюджетке 4414,32 млрд теңге: 2 880,0 млрд теңге кепілдендірілген трансферттер түрінде және 1 534,32 млрд теңге мақсатты трансферттер күйінде аударылған. Атап айту қажет, кепілдендірілген трансферттің ағымдағы жылғы сомасы 2,6 трлн теңгені құраған, 2019 жылға – 2,3 трлн теңге. 2020 жылдан республикалық бюджетке кепілдендірілген трансферттер көлемі белгіленеді де, екі триллион теңгені құрайды. Десе де, есепті кезеңде республикалық бюджетке Ұлттық қордан трансферттер 1 067,6 млрд теңге құраған.
Қаржы министрлігінің мәлі­меттері бойынша Ұлттық қордың активтері 2018 жылдың маусым айының басындағы жағдайға сәйкес жыл басынан бері 212,4 млрд теңгеге артып, 23,14 трлн теңгені құрады. Жыл басынан бергі қордың жалпы түсірілімдері 1 291,7 млрд теңгеге теңелген, соның 1 274,7 млрд теңгесі мұнай секторынан түскен тікелей салықтар болып табылады.
Айта кету керек, өткен жылдың осындай кезеңінде Ұлттық қорға түскен салық түсімдері 965,3 млрд теңгені құраған. Соның ішінде есепті кезеңде қордың 1 079,2 млрд теңге қаражаты (кепілдендірілген трансферттер – 1 067,6 млрд теңге; шығындарды өтеуге – 11,6 млрд теңге) жұмсалған.

Иса ҚАМБАР


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру