Валюта бағамы: $ 370.11 419.37 5.58 ¥ 53.73

KMGI: Компания кірісі қалай артты?

Перспективалы бағыттар айқын

ҚазМұнайГаз құрылымына біріктірілген 10 жылда KMG International өзінің 40 жылдық тарихында абсолюттік рекордтарға қол жеткізгені мәлім. Топ осы қарқынды сақтай отырып алдағы дамуында бизнесті әртараптандыруды және Орталық, Шығыс Еуропа, Қара теңіз өңіріндегі позициясын кеңейтуді мақсат етіп отыр.

Аудиттелген қаржы есептемесі компанияның ағымдағы жылдың І-тоқсанында да елеулі межелерді игергенін көрсетті. Есептік кезеңде KMG International $47 млн көлеміндегі операциялық пайданы (EBITDA) тіркеген. Бұл өткен жылғы деңгейден 12% немесе $41,8 млн көп.

Сонымен бірге таза кіріс $8,5 млн құрап, былтырғы осындай мерзімдегі көрсеткіштен 77% немесе $4,8 млн жоғары болды. Алғашқы тоқсандағы операциялық тиімділік өткен жылдың соңында қол жеткен ең жоғары өнімділіктің деңгейін көтеруге мүмкіндік берді. Сөйтіп, есептік кезеңде KMGI Румыниядағы үш өндірістік нысанында – Petromidia мен Vega мұнай өңдеу зауыттарында, сондай-ақ Petrochemicals мұнайхимиялық кешенінде өнделген шикізат түрлерінің көлемі шамамен 1,7 млн тоннаға жетті, бұл өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 27%-ке көп. Трейдингтік каналдар бойынша ауыстырып тиелген шикізат пен мұнай өнімдері экспортының көлемі 1,3 млн тоннаны құрап, 2017 жылғы нәтижеден 111%-ке көп болды. Сондай-ақ ішкі, сыртқы каналдар бойынша бөлшек және көтерме сауда көлемі 1,9 млн тоннаны құрап, былтырғы көрсеткіштен 1,2 млн тонна – 60%-тік елеулі өсімді байқатты. Биылдың бірінші тоқсанында KMGI жалпы айналымы $2,7 млрд құрады, бұл өткен жылдың осы кезеңімен қатар алғанда 38%-ке жоғары. Осылайша, есептік кезеңде өткен жылғы қол жеткен нәтижелерден асып түскен операциялық тиімділік пен жоғары өнімділіктің жаңа рекордтық көрсеткіштері өсімнің негізгі қозғалтқышы болды.
Тұтастай алғанда, таза табыс көлемі мен оның динамикасына шикізатты өңдеу көлемінің ұлғаюы және Румыния мен өңірлерде мұнай өнімдерін сату секілді факторлар елеулі ықпал еткен. Сонымен қатар KMGI өңдеуге, логистикаға, өткізуге кететін шығыстардың тиімділігін арттыру мен оңтайландыру, операциялық шығындарды төмендету мен рентабельділікті арттыру мақсатында ағымдағы қызмет түрлерін трансформациялау бойынша бағдарламаларды жүзеге асыруды жалғастыруда. Атап айтқанда, өндірісті кешенді цифрландыру, мұнай-химия және полимер өнімдерін өндірістік қуаттылыққа шығару, мұнай қоймаларында қосымша парктер мен резервуарлар орнату, энергия тиімділігін арттыру, Румыния және басқа да қатысушы елдерде автожанармай желілерін кеңейту бойынша ішкі жобалар мен бағдарламалар белсенді жүргізілуде. KMG International бүгінде Молдова Республикасында 48%-тік бағаланған үлеспен ең ірі мұнай өнімдерін жеткізуші болып табылады. Ол сондай-ақ Грузия мен Болгария нарығындағы маңызды ойыншы.
Биыл компанияда кезең-кезең­мен дамуға және бизнесті әртарап­тандыруға мақсатталған ішкі бағ­дарламалар жалғасын тапты. Бұл ретте мұнай өңдеуде, трейдингте, бөлшек саудада төмен шығындарды көздейтін, енгізілген бойдан эконо­микалық пайда әкелетін жедел бастамаларға бірінші кезек берілді. Компания енгізген бағдарламалық өзгерістер біртіндеп өз жемісін бере бастады. Үздік бизнес-тәжірибелер корпоративтік мәдениеттің тиімді үлгілерін қалыптастыру саласындағы әзірлемелермен тоғыса өрбуде. Бұл ретте компаниядағы жағымды қызметтік ортаға, ұжымдағы әрбір қызметкерді бағалауға шешуші роль берілді. Ағымдағы даму бағдарламалары биыл Топтың жеке қаржысы есебінен жүзеге асырылмақ.
Жақында KMG International өндірістік активтеріндегі жұмыс сапарымен Бухарест қаласында болған ҚазМұнайГаз басшысы Сауат Мыңбаев Румыния билігімен ресми кездесуінде Топтың соңғы үш жылдағы жұмысының оң нәтижелерін айрықша атап өтті. С.Мыңбаев KMGI қаржы есептемесін нығайтуға қосқан үлкен үлесі үшін компанияның менеджментіне алғыс білдірді.
Топтың өндірістік активтерін аралау барысында ҚМГ басшысы жүзеге асырылған 2012-2016 жылдардағы дағдарысқа қарсы шаралардың және Change for good трансформация бағдарламасының тиімділігіне, қызметтің негізгі бағыттары бойынша еншілес компанияның жетістіктеріне тоқталды. Топтың өткен жылғы ең жоғары қаржылық көрсеткіштері, операциялық табыстың $242 млн, таза пайданың $80 млн құрауы осындай жан-жақты даму шараларының қорытындысы екендігі сөзсіз.
– ҚазМұнайГаз құрылымына интеграцияланған 10 жылда KMGI сапалы жаңғыртулардан өтті. Шетелдік активті сатып алу барысында біз өзіміздің халықаралық қатысуымызды кеңейтуді, Еуропа нарығына шығу үшін тікелей көлік дәлізін құруды стратегиялық мақсат етіп қойдық. Бүгінгі таңда KMG International тұрақты өсуші компания болып саналады. Оның болашақтағы дамуы бизнесті әртараптандыруға, қазақстандық шикізат пен мұнай өнімдерін өткізудің жоғары маржиналдық каналдар үлесін арттыруға ықпал ететін болады, – деді С.Мыңбаев.
ҚМГ басшысы орташа мерзімді кезеңде KMG International ком­па­ниясының Қара теңіз бассейні мен Шығыс және Орталық Еуропа елдерінде шешуші ойыншы ретінде әрі қарай кезең-кезеңмен дамуы қарастырылатынын, соның ішінде Румынияда мен өңірлерде ЖЖМ бөлшек сауда желісін кеңейту бойынша жобалар анағұрлым перспективалы бағыт ретінде белгіленгендігін атап көрсетті.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру