Валюта бағамы: $ 356.54 419.43 5.42 ¥ 51.86

БЖТ деген не, оны кім төлеуі тиіс?

Егер Парламент Еңбек министрлігінің ұсынысын қолдайтын болса, Қазақстанда жаңа салықтық тәртіптеме пайда болмақ. Бұл жайында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымованың төрағалығымен «Өзін-өзі жұмыспен қамтыған және бейресми жұмыспен қамтылған халықты формализациялау: қажетті заңнамалық шаралар» тақырыбында өткен дөңгелек үстел жиыны барысында да кеңінен әңгіме болды.

Жаңа төлем кімдер үшін?

18 миллионнан астам Қазақстан халқының 8,6 млн-ға жуығы еңбекпен қамтылған. Сонымен қатар олардың тек 6,5 млн-ы ғана жалданбалы жұмыс істейтіндер, ал қалған 2,1 млн-ы «өзін-өзі жұмыспен қамтығандар» санатына жатады. Бұл мысалы, жұмыс берушілер, жеке кәсіпкерлер мен жекеше қосалқы шаруашылықтары барлар қатарына кіретін айтарлықтай құрамдағы адамдар. 2017 жылы 442 мың жұмыссыздар тіркелген.
Алайда, жалданбалы жұмыс істей­тіндер мен өзін-өзі жұмыспен қам­титындардың бәрі бірдей өз істерін ресми тіркей бермейді. Еңбек минис­трлігінің мәліметтері бойынша, «бейресми жұмыспен қамтылғандар» саны 1,4 млн адамға таяу. Олар өз жұмыстары туралы есеп бермейді, салық төлемейді және әлеуметтік қорларға аударылымдар жасамайды (Таблица).

Соның салдарынан бейресми жұ­мыспен қамтылғандар әлеумет­тік қамсыздандыру жүйесінен «шет­тетіледі» – олар туралы ақпараттар мә­ліметтер базасында да жоқ. Салалық ведомство – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бұл мәселенің шешімін жаңа заң жобасы аумағында іске асырмақ.
«Көптеген адамдар тұрақты ке­лісім-шарттармен жұмыс жасағысы келмейді, өз істерімен айналысқанды және жұмыспен икемді ыңғайда қамтылуды қалайды. Қазақстанда да дәл солай. Бүгінде елімізде 2 млн-нан астам адам өзін-өзі жұмыспен қамтығандар санатына кіреді. Біздің мақсатымыз – азаматтардың осы санатын әлеуметтік қамтамасыз ету жүйесімен, әсіресе зейнетақы және медициналық сақтан­дырумен то­лықтай қамту», – дейді министр Мәдина Әбілқасымова.
Мақсаттарына жету үшін Еңбек министрлігі басқа да мемлекеттік органдармен арнайы «жол картасын» іске асыруда. Бұл жұмыс заңдылықты өзерту бойынша да, мемлекеттік мәліметтер базасындағы азаматтардың мәліметтерін жаңарту бойынша да, сондай-ақ жұмыс істеуге немесе өз бизнесін ашуға көмек арқылы да жүзеге асырылуда.
Шенеуніктер алдындағы жұмыс ауқымы зор. 2018 жылдың басы кезеңіне мәліметтер базасында 2,7 млн қазақстандықтардың статусы болмаған. Қазір 800 мыңы бойынша ақпараттар жаңартылған. Нәтижесінде 309 мың жұмыскерлер ресми еңбек келісім-шартын жасасқан, 17 мың кәсіпкерлер өз бизнестерін тіркеген, 71 мың адамды жұмыспен қамтуға көмек көрсетілген. Қалған 1,8 млн қазақстандықтармен жұмыс одан әрі жалғасын табуда.
Азаматтардың өз жалданбалы жұ­мыстарын немесе кәсіпкерлік іс-қимылдарын тіркемеуінің себебін, Еңбек министрлігіндегілер, қазіргі са­лықтық және құқықтық жүйелердің жетілдірілмегендігінен көреді.
«Бұл жоғары қаржылық жүкте­меге немесе тіркеудің күрделі рәсі­мі қажеттілігіне байланысты. Сон­дықтан біз Қазақстанда жаңа са­лықтық тәртіптеме енгізуді ұсынып отырмыз. Бұл тәртіптеме, біздің бағалауымызша, осы санаттағылардың (өзін-өзі және бейресми жұмыспен қамтылғандар) жартысынан астамына осы тәртіптемені қолдануына және өз іс-қимылдарын құқықтық негізде жүргізуіне мүмкіндік береді», – деп түйіндейді М.Әбілқасымова.

«Бейресмилер» үшін  жаңа тәртіптеме

Жаңа тәртіптемені «бірыңғай жиынтық төлем» енгізу деп ұғынған абзал. БЖТ жобасы Үкіметте сәуірде-ақ таныстырылған болатын, әйтсе де ол кезде қоғамда мұны онша жағымды – «өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға салық» ретінде – қабылдай қойған жоқ.
Шындығында бұл – азаматтар­дың белгілі бір санатына арналған салықтық тәртіптеме. Еңбек ми­нистр­лігіндегілер бұл формалдық келісімдерден тыс жұмыс істейтін адамдарды «көлең­кеден» шығаруға ынталандырады, дейді.
«Такси айдаушылар, үйлерінде отырып жұмыс істейтіндер, тағы да басқалары неліктен жеке кә­сіпкерлер болып тіркелмеуінің не­гізгі себептері, бірінші кезекте, тір­келу мен есептен шығудағы күрделі рәсімдер. Екіншіден – салықтық жүктің қаупі, басқа да ауыртпалықтар. Әлеуметтік сауалнама барысында сұрау салынған адамдардың 50%-дан астамы табыс­тардың өсуі мен тұрақтылығы, тіркеу рәсімін қарапайымдау және төменгі салықтық ауыртпалық жағ­дайында заңдастыруға дайын екенін білдірген», – дейді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Нұржан Әлтаев.
БЖТ-ның бір айлық есептегі кө­лемін қалалар үшін 1 төменгі есептік көрсеткіш және ауылдар үшін 0,5 ТЕК ауқымында белгілеу ұсынылуда. 2018 жылы бұл тиісінше 2405 және 1202 теңге, ал 2019 жылы – шамамен 2525 және 1262 теңге. Оны «Үкімет азаматтар үшін» Мемелекеттік корпорациясы есебіне банктер немесе терминалдар арқылы төлеуге болады деп күтілуде.
Еңбек министрлігінің жоспары бойынша бірыңғай жиынтық төлем бейресми жұмыспен қамтылғандар мемлекетті өз іс-қимылдары туралы ақпараттандырып отыратын құралға айналмақшы. БЖТ аясында олар жеңілдетілген жағдаймен жеке кіріс салығын, зейнетақы қорына (БЗЖҚ) міндетті жарналарды, медициалық сақтандыру қорына (ӘМСҚ) және әлеуметтік қорға (МӘСҚ) төлей алады.
«Жалпы алғанда, бюджет БЖТ-дан қомақты (түсірілімдер) күтіп отырған жоқ. Негізгі міндет – адамдардың әлеуметтік қамсыздандырумен қамтылуы», – деп атап көрсетеді Н.Әлтаев.
Жаңа тәртіптемені қолдануға шектеулер бар. Айталық. БЖТ тек төмендегідей талаптарға ғана жататын жеке тұлғаларға қатысты болмақ:
• жалданбалы жұмыскерлер ең­бегін пайдаланбайды;
• тек жеке тұлғаларға ғана қызмет көрсетеді;
• жекеше қосалқы шаруашы­лы­ғынан жеке тұлғаларға ауыл шар­уашылығы өнімдерін (акциздерге жататындардан өзгелеріне) өткізеді.
Күнтізбелік жылдағы шектеулі табыс 100 төменгі айлықтан (2018 жылы ол 2 828 400 теңге, ал 2019 ж. шамамен 2 969 800 теңге) аспауы тиіс.
Ұлттық экономика министрлігінде де жаңа салықтық тәртіптеменің азаматтардың өз еңбектерін ресми рәсімдеуге ынталандыратынына сенімді. Төлемнің өзі көлік үшін са­лыққа ұқсас болмақ – ешқандай есеп­тілік пен декларация толтыру жоқ.
«Біз өзін-өзі жұмыспен қамти­тындар мен бейресми жұмыспен қам­тылғандардың кім екенін көрдік. Таксистер, бала күтушілер, репетиторлар, үй техникасын жөндеумен немесе қосалқы шаруашылықпен айналысатындар – олардың бәрі де жұмыс істейді және адал ақша табуда. Бізге хаттар келіп жатты. Азаматтар қарапайым ғана бір-ақ салық төлейтіндей жасауды сұрайды», – деді ұлттық экономика бірінші вице-министрі Руслан Дәленов.
Оның айтуынша, БЖТ-ны ай сайын немесе аванспен, адамның жұмыс істеп жатқан кезеңіне, төлеуге болады.
Жиынтық төлемді енгізуден бас­қа шенеуніктер жұмыс істейтін халық қатарына жататындар санатын ай­қындап, заңдылыққа «жұмыспен қам­тылған адам» және «өз бетімен жұмысқа қамтылған адам» бірегей терминдерін белгілеуді жоспарлаған. Сонымен қатар әлеуметтік сақтан­дыру, медициналық сақтандыру және зейнетақымен қамтамасыз ету туралы заңдарда төлеушілер санатын бір қалыпқа түсіру де көзделген.

Өзін-өзі жұмыспен  қамтығандар келбеті

Қолданбалы экономика зерттеулер орталығының ғылыми жетекшісі Жақсыбек Құлекееев еңбек нарығында өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың үлкен бөлігі болуы – жалпыәлемдік үрдіс екендігін айтады.
«Саясаткерлер өзін-өзі жұмыс­пен қамтыған халыққа қарым-қа­тынастарын өзгертуде, өйткені жұ­мыс­пен қамтудың осы үлгісін неғұр­лым келешегі бар және шығын­сыз ілгі ретінде қарастырады», – деп атап көрсетеді сарапшы.
Түркияда мұндай азаматтар 30%-дан астам, АҚШ-та – 30%, Бангладеш, Үндістан, Әзербайжанда – 70%-ға дейін. Қазақстанда, 2016 ж. мәліметтер бойынша, өзін жұмыспен қамтығандар экономикалық тұрғыда белсенді халықтың 25%-ы болған және де бұл үлес азаю үрдісін байқатады.
Жоғарыда аталған жиында Ж.Құ­ле­­кеев «Қазақстан Республика­сын­­­дағы өзін жұмыспен қамтыған ха­лықтың әлеуметтік келбеті» зерт­теуінің қорытындыларын ұсынды. Зерттеу төрт оңтүстік аймақта: Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстарында жүргізілген – еліміздегі өзін-өзі жұмыспен қамты­ғандардың жартысынан астамы нақ осын өңірлерде тұрады екен.
Өзін жұмыспен қамтығандардың негізгі бөлігі 25-тен 44 жас аралы­ғындағылар көрінеді. Оның үстіне осы санаттағылар арасында білім деңгейі өсіп келеді: негізгі орташа білімді адамдар үлесі азайған да, ал жоғары арнайы орта білімділер – ұлғайған. Сарапшы мұны бәсекелестіктің өсуімен және экономикадағы өндірістің күрде­ле­нуімен байланыстырады – бұл бі­лік­тілікті және тиісті білімді талап етеді.
«Өзін жұмыспен қамтыған халық – үздік бөлігі өз беттерінше іс-қимылда ұзақ тәжірибелері бар және тұрақты табысқа ие қалыптасып қалған әлеу­меттік топ, олар өз істерінің кө­ле­мін ұлғайтуға мүмкіндіктер іздес­ті­румен шұғылдануда. Сондықтан да жұмыспен қамтылғандардың жалпы санындағы олардың ауқымы мен үлесінің күрт азая қоймауы да мүмкін. Тиісінше, өзін жұмыспен қамту бағытында мемлекеттік шаралар жасалуы тиіс, соның ішінде өзін-өзі жұмыспен қамтылғандарды тіркеудің үлгілерін жетілдіру де қажет», – деп есептейді Жақсыбек Құлекеев.

Исатай ҚАМБАРОВ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру